«Астана» – «Жальгирис» 2:1
Матч қаһарманы – Марин Аничич
Чемпиондар Лигасының іріктеу кезеңіндегі ойында елордалық «Астана» футбол клубы литвалық «Жальгириспен» кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл матчты елордалық клубтың қорғаушысы Марин Аничичтің бенефисі десек артық айтпаймыз. «Астана» сапында екі голдың екеуін де мақтаулы шабуылшылар немесе жартылай қорғаушылар емес, дәл сол Аничич соқты.
Бас бапкер Станимир Стойлов матч алдындағы баспасөз мәслихатында өз шәкірттері неғұрлым тезірек есеп ашса, соғұрлым психологиялық қысымнан арылып, еркін ойнауға мүмкіндігі артатынын айтқан болатын. Сырт алаңда гол соға алмай, тең нәтижемен қайтқан елордалық клубтың ойыншылары матч басталысымен шабуылдауға көшті.
Алдымен 3-минутта тепкен айып добы қақпадан биік кеткен Марин Аничич 31-минутта соның есесін қайтарды. Бұрыштан берілген допқа қарғыған босниялық қорғаушы басымен соққы жасап, литвалық клубтың қақпашысын қапы қалдырды.
Екінші таймның басында бразилиялық Эливелто айып алаңына енер ұрымтал тұстан соққы жасап, есепті теңестіріп кеткен. «Астана» жанкүйерлерінің көңілін күпті қылған осы есеп қосымша уақытқа дейін сақталды. Стадионға жиылған елордалық жанкүйерлердің құлақ тұндыра қиқулаған қолдауы демеу болды ма, әйтеуір, «Астананың» жігіттері соңғы секундқа дейін жанын салды. Ақыры 92-ші минутта дәл сол Аничич тағы да бұрыштама соққыдан кейін қақпа алдында болған қарбаласта допты торға тоғытып үлгерді.
Арнұр АСҚАРОВ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ