Қазақстанның ғылымы орны толмас ауыр қазаға душар болды. 2016 жылғы 19 шілдеде Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің Экономика және бизнес институты директорының орынбасары, танымал инженер-металлург, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Едіге Айтжанұлы Түркебаев дүние салды.
Едіге Айтжанұлы 1951 жылы Мәскеу қаласындағы И.Сталин атындағы болат институтын бітірген. Ол – металлургия саласындағы алғашқы ұлттық кәсіби мамандардың бірі. Едіге Айтжанұлы Қазақ металлургия зауытында, ҚазКСР Ғылым академиясының Металлургия және кен байыту институтында, ҚазКСР Ғылым академиясының Химия-металлургиялық институтында ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, ғылыми зерттеулермен айналысты.
1965-1988 жылдар аралығында Едіге Айтжанұлы Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті жанындағы Экономикалық ғылыми-зерттеу институтында бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары және директор болып қызмет атқарды. 1989 жылдан бастап ол Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің өнеркәсіп экономикасы кафедрасының меңгерушісі, профессоры болып еңбек етті.
Едіге Айтжанұлы өзінің бүкіл саналы ғұмырын еліміздің халық шаруашылығы экономикасын зерттеуге арнады. Оның ұзақ жылғы ізденісті зерттеулерінің жемісі халық шаруашылығының экономика ғылымында кеңінен қолданылуда. Ол 300 ғылыми еңбектің авторы. Қазақ КСР ғылымына еңбек сіңірген қайраткер (1979), Қазақстан Республикасы білім саласының құрметті қызметкері (2005). «Құрмет Белгісі» орденінің және бірқатар шетелдердің мемлекеттік марапаттарының иегері.
Едіге Түркебаевтың жарқын бейнесі оны білетіндердің жүрегінде ұзақ сақталады.
Қ.И.Сәтбаев атындағы
Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ұжымы