Қытайдың Сичуань провинциясында орналасқан «Өлі теңіз» аталып кеткен бассейнге бір мезгілде 10 мың адам түсті. Бассейн әкімшілігінің хабарлауынша, аймақтағы қапырық ыстықтан адамдардың бас сауғалайтын жері болмай, бассейнге ағылып жатыр.
Қаумалаған адамның көптігінен бассейнде емін-еркін жүзуге мүмкіндік жоқ. Үрмелі белдік тағынған адамдар жүзбесе де, салқын суда жүргендеріне риза көрінеді. Жаз маусымында бұл бассейн мен осы кешенде орналасқан SPA6 гольф алаңына бас-аяғы миллионға жуық адам келеді екен.
«Өлі теңіздің» көрсеткіші таңғаларлық болғанымен, осыдан үш жыл бұрынғы рекордты жаңарта алмапты. Үш жыл бұрын қытайлық БАҚ-тар аумағы 30 мың шаршы метр бассейнге бір мезгілде 14 мың адамның шомылғаны туралы хабарлаған еді.
Нұрислам АСҚАР