Тарихты уақыт жасайды, ал тарих өз жадында қоғам мен біздің әрқайсымыздың өміріміздегі ең маңызды деген жайттарды ғана сақтайды. Биылғы маусым айында менің Қазақстандағы өмірім мен жұмысыма 50 жыл толады. Бүгін біздің республикамыздың тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында артта қалған хрущевтік кезеңнің 1961 жылы еске оралады. Сол жылы бүгінгі жастарға белгісіз комсомол мені Жітіқара асбест комбинатының құрылысына аттандырды. Қазақстан Донбастан келген эшелонды қонақжайлылықпен салтанатты түрде қарсы алды. Оркестр ойнады, митинг болды, жалынды сөздер айтылды. Қазақтың кең даласы хрущевтік жылымықтан жадыраған сәт еді. Біз құрылыста жұмыс істей жүріп, өзіміздің бақытты болашағымызға және мемлекет келешегіне кәміл сендік. Сондықтан да болар, алғашқы қиыншылықтарға төздік, үш ай бойы еденде ұйықтап, қолға түскенді қорек еттік. Мені Николай Жабиннің бригадасына тас қалаушы-бетоншы етіп жіберді. Жұмыс ауысыммен жүргізілетін, кейде тізе бүгуге де мұрсат болмайтын. Әрбір сағат сайын дерлік бетон тиелген машина келіп жататын, оларды арнайы науа – «туфелькаға» қотарып, кейін мұнаралы кранмен жоғарыға беретінбіз. Мұндай ауыр жұмысқа үйренбеген біз титықтап қалатын едік, сәл-пәл демалысқа отырғанда ПТУ-дағы алаңсыз өмірді және Украинаның сұлу табиғатын еске алатынбыз. Өйткені, Қазақстанның қатаң табиғаты біздің маңдайымыздан сипай қоймады. Бір айдан кейін Донбастан келген бір жарым мың адамның бес жүзі басы ауған жаққа жақсы тіршілік іздеп кетті. Менің де көңілім алаң еді, Украинадағы Полесьеге қайта кеткім келіп мазасыздандым. Бірақ аз да болса жолға ақша жинап, товар таситын пойызбен емес жолаушы пойызымен жүрмек болдым. Күн артынан күн өтіп жатты. Біз де жаңа ортаға, жаңа жұмысқа үйреніп, осы өңірге бауыр баса бастадық. Ұшы-қиыры жоқ ен дала бізді өз құшағына тарта түсті, мөп-мөлдір аспан қиялға қанат байлады. Дәл сол кездің өзінде мен журналистикаға бір табан жақын едім, «За асбест» атанған осындағы көп тиражды газетке хабар-ошар жаза бастадым. Сол газеттің материалдарынан аса маңызды бүкілодақтық екпінді құрылыс – Теміртаудағы Қазақстан Магниткасы туралы оқып, білдім. Сол құрылыста ол кезде ешкімге белгісіз Нұрсұлтан Назарбаев та еңбек етіп жүр екен. 1960 жылы 3 шілдеде Орта Азия мен Қазақстандағы алғашқы домна пеші іске қосылғанда оның қуанышында шек болмаған-ақ шығар. Енді Назарбаев құрылысшыдан металлурге айналды. Ол Борис Яговитовтың бригадасындағы төртінші горновой болды. Ал мен Жітіқара асбест комбинатының пайдалануға берілу қуанышын үш жылдан кейін сезіндім, ол кезде әскер қатарындағы міндетімді атқарып жүрген едім. Бригадирім Николай Жабиннің Ленин орденімен марапатталуы, кейбір бригада мүшелерінің медальмен наградталуы алыста жүрген мені де ерекше толқытты. Сол кездері «Темиртауский рабочий» және біздің Жітіқараның «За асбест» газеттері озат жұмысшылар туралы, әсіресе әрі жұмыс істеп, әрі оқитын жастар туралы жиі жазатын. Сөйтіп, біз горновой Нұрсұлтан Назарбаев пен Қабидолла Сәркеновтің Қарағанды политехникалық институты Теміртау филиалында оқитынын білдік. Мен де құрылыс техникумының кешкі бөліміне түстім, бірақ кейін құрылысшы мамандығынан гөрі бүйрегім журналистикаға бұрды. Техникумды тастап, кешкі мектепке бардым, ондағым аттестат алғаннан кейін университетке түсу. Журналистика мені тарих пен мемлекет саясатын тереңірек білуге, белгілі де талантты адамдар өміріне зер салып, солардан үлгі алуға итермеледі. Николай Жабиннің бригадасында да, Нұрсұлтан Назарбаев еңбек еткен бригадада да бірнеше ұлттың өкілдері еңбек етті, олардың абырой-беделі ұлттық белгілерімен емес, білімі, жауапкершілігі және өз мамандығына деген адалдығы арқылы айқындалатын. Біз бала кезімізде, содан жасөспірім шағымызда, кейін жігіт болып, оң-солға сын көзбен қараған тұста да үлгіні әдеби кейіпкерлерден, аты шыққан жандардан ғана емес, ең алдымен өз тұстастарымыздан алатын едік қой. Нұрсұлтаннан оның ауылының балалары, мектептес достары мен жолдастары үнемі үлгі алды. Дегенмен оның өз қатарластарынан еш өзгешелігі жоқ та сияқты еді. Кейін өзінің табандылығы мен төзімділігін көрсетіп, қатарларының құрметіне бөленуді қалағандар да Нұрсұлтанға теңелуге тырысты. Кейін қоғамдық жұмыс өрге өрлетіп, ол енді Нұрсұлтан Әбішұлы болғанда жауапкершілік пен табандылықты көптеген жас содан үйренді. Москваға, БЛКЖО Орталық комитетінің хатшысына, тікелей телефон соғуға Нұрсұлтан сияқты батыл, бірбеткей адамның ғана жүрегі дауалар еді... Енді оның төңірегіндегілер, оны жақсы білетін жандар Нұрсұлтан Әбішұлының жанына топтаса бастады, ақыл сұрады, сырласты, кеңесті. Сөйтіп, тағдыр халық басшылығына алып келген адамның тұлғалық қасиеті қалыптасты. Міне, осынау тұста мен қазақ халқының қонақжайлылығы мен төзімділігі, қиын жағдайға тап болған жандарға көмек қолын созуға даярлығы сияқты қасиеттерін танып, білген едім. Дәл сол шақта Қазақстанның болашағы мен байлығының негізі қаланып жатты. Сол болашақ пен байлықтың құрамдас бөлігі Қазақстанға келген басқа этностардың мәдениеті, тілі еді. Кейде түсінігі мен түр-келбеті, мінезі мен өмірлік ұстанымы әртүрлі жандар да ортақ іс үшін бір кісідей жұмылып жатты. Қазақстан Магниткасында Нұрсұлтан Назарбаев ерекше тұлға еді. Ол ақылды, сындарлы, шыныққан, өз жолы мен өз қадірін білетін жас еді. Ол металлургтер ішінде де ерекшеленіп те тұратын. Ол менен бұрын комсомол белсендісі болды, қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене қатысты. Ол туралы газеттер жиі жаза бастады, Қазақстан комсомолының Х съезіне, БЛКЖО-ның ХVІ съезіне қатысты, Бүкілдүниежүзілік ІІІ жастар фестиваліне делегат болды. Бүгін толық сеніммен мынаны айтуға болады: кеңес кезінде жұмысшы мамандығы адамның өсуіне, ең бастысы – жастардың өз қабілеті мен талантын көрсетуге жақсы мүмкіндіктер берді. Бұған бүгіндер Қазақстанның даңқты адамдарына айналған көптеген бұрынғы жұмысшылардың өмірбаяндары дәлел бола алады. Нұрсұлтан Назарбаев басшылық лауазымға қызықпағанын кейін талай айтса да, бірақ ол дүрмектің ортасында қала алмас еді, өйткені оның лидерлік қасиеті үнемі алға бастайтын. Белсенді еңбек адамы, жастар жетекшісіне Теміртау қалалық комсомол комитетін басқару ұсынылды. Өз тәжірибемнен білемін, мұндай ұсыныстардан дені сау адам бас тартпаса керек-ті. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаев бас тартты. Мұнысын ол мұндай жұмысқа психологиялық жағынан дайын емеспін деп түсіндірді. Оны бюроға шақыртты, әдеттегідей қысымға алды, жаза да қолданды, бірақ көндіре алмады. Дәл осы тұста Назарбаев – тұлғаның бар болмысы менмұндалады. Ол БЛКЖО Орталық Комитетінің бірінші хатшысы С.П.Павловқа дейін жетіп, өз тарихын баяндады. Облыстық партия комитетінің бюросы қалалық партия комитетінің Назарбаевқа жаза беру жөніндегі шешімінің күшін жойды, ал бірінші хатшы Катковқа қатаң партиялық жаза қолданылды. Бірақ кейін Назарбаев Теміртау қалалық комсомол комитетін басқарды да. Өйткені, партиялық функционерлер оның лидерлік қасиетін, адамдармен жұмыс істеу қабілетін, алғырлығын көріп-білген еді. Бүгіндері бізге күнделікті өмірде осындай қасиеттер жетіспей жататыны өкінішті-ақ! Комсомолдан кейін және 1970 жылы Қарағанды политехникалық институтын бітіргеннен соң Нұрсұлтан Назарбаев Теміртау қалалық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Ал сол кезде «Костанайтяжстрой» тресі комсомол комитеті хатшысының орынбасары болып істейтін маған ең алғашқы үкімет наградасы – В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толу құрметіне шығарылған мерекелік медаль тапсырылған еді. Ленин партиясы, сол кезде КОКП-ны осылай атайтын, кадрларды тәрбиелеп, іріктей білетін. Араға көп уақыт салмай Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан металлургия алыбы партия ұйымын басқарды, одан кейін Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы болды. Ал 1979 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы болып сайланды. Төрт жылдан кейін ол Қазақстан Министрлер Кеңесін басқарады. Біз, қатардағы партия қызметкерлері мен партия мүшелері, бұл қызметтердегі оның жұмыс стилін, белгілі бір проблеманы шешудегі оның ықпал ету деңгейін тікелей сезінген жоқпыз. Ал сол кезде де, бүгін де, мемлекеттегі бірінші тұлғаға қоғамның миллиондаған мүшесі мен әрбір нақтылы адамының өмірі байланысты еді. Өйткені, біздің барлық жеңістеріміз бен өкініштеріміздің бастауында солар тұратын. Комбинат парткомының хатшысы болып сайланған Нұрсұлтан Назарбаев алдында сан түрлі мәселелер тұрды. Комбинат директоры О.И.Тищенко да жаңадан тағайындалған еді. Тұтқа ұстаған екі басшы кәсіпорында оның алғашқы күнінен қордаланып қалған түйткілдерді шеше алмады. БАҚ-та сын мақалалар жарық көре бастады, журналистер кінәні директор мен партком хатшысына тақты. Бірақ бұл қиыншылықтар олардың сағын сындырмады. Мәскеуден келген бригада комбинаттағы істің жай-жапсарын зерттегеннен кейін Н.Ә.Назарбаевты КОКП Орталық Комитетінің Секретариатына шақырды. Бұл тегін шақырту емес еді. Н.Ә.Назарбаев оған өз комбинатына көмектесу үшін жол тартты. Cекретариат отырысы барысында Н.Назарбаев комбинаттағы жағдайды бүкпесіз, боямасыз баяндады. Комбинатты салғанда онда жұмыс істейтіндер жағдайы мүлдем ескерілмеген. Тұрғын үй, балабақша, азық-түлік пен тұрмысқа қажет тауарлар жоқ, климат жағдайы ауыр және де басқа көптеген проблемалар қордаланған. Сөйтіп, Нұрсұлтан Назарбаев Кремльдің сынағынан тұңғыш рет өтті. Әрине, ол сол кезде алда мұнда талай келіп, Горбачев, Ельцин және басқа адам тағдырын шешушілердің «құпия» механизмдерімен таныс болатынын білген жоқ. Бірақ Н.Назарбаев мұндай сынақ-кездесулерде адам тағдырын шешушілер туралы емес, өз елі, адамдарының тағдыры туралы ойлады. «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстан жасампаздары» атты кітап жазған ағылшын жазушысы және биографы менің әріптестерім – журналистер алдында таң-тамаша қалады: «Батыста далада туған жанның Президент болуы мүмкін емес». Иә, Батыс үшін Назарбаев тағдыры тосын. Онда осы күнге дейін алдыңғы кезекте адамдар туралы, содан кейін барып дивиденттер мен пайда туралы ойлайтын адамдарды түсіне бермейді. Шекарадан тыс жерде бұған қарама-қарсы. Назарбаев республикада адамдардың өмір деңгейі, кадрлық өзгерістер мәселесіне ерекше мұқият қарады. Жоғары тұрған бастық алдында да жалпақтамады. Ол үнемі өз халқы туралы ойлады, өзінің қайдан шыққанын, тегін ұмытқан жоқ. Мұның өзі оған КСРО-ның тараған сәтінде және егемен Қазақстанды дербес басқарған алғашқы жылдары көмекке келді. Астананы Ақмолаға көшіру кезіндегі шешімі оның табандылығы мен мақсаткерлігін айқын айғақтайды. Мұның артында аса маңызды геосаяси проблема жатқаны да түсінікті ғой. Нұрсұлтан Назарбаевты КСРО-ның ыдырауынан көп бұрын қайта құру деген дақпыртпен партияның халық мүддесінен алшақтап, лениндік принциптерді белінен басуы алаңдатты. Одақтық республикалар ірілі-уақты мәселелердің бәрін Мәскеумен келісетін. Мәскеу болса жергілікті жердің мәселесін шешу үшін елп ете қоймайды. Экономикалық және әлеуметтік түйткілдер қордаланып, шешімін таппай жатты. Назарбаев пен оның жақтастары мұның неге соқтыратынын жақсы білді. Горбачев болса өзінің батыстағы достарына жақсы көріну үшін алған бетінен қайтпады. Дегенмен ол жаңартылған Одақты сақтап қалатынына сенді. Оның үстіне Бүкілодақтық референдум саясаткерлерге келісімге келуге мүмкіндік берді, бірақ олар келісімге келе алмады. Ең алдымен Горбачев пен Ельцин текетіресі жалғаса берді. Олар тоталитарлық жүйені жоямыз деген сылтаумен миллиондаған қарапайым адамдар мүддесін ұмытты, ең болмаса Қытайдың тәжірибесін қолдана алмады, ал олар идеологияны сақтай отырып, бүкіл елге жеке меншік енгізді, сөйтіп қысқа мерзімде өз экономикасын көтере білді. Назарбаев Қазақстанның ұлттық мүддесін партия съездерінде, КСРО Жоғарғы Кеңесі сессияларында, Горбачевпен жеке кездескенде көтеріп жүрді. КОКП ХХVІІІ съезінде сөйлеген сөзінде ол елді жаңартудың инициаторы – партия неге халық сынына ұшырап отыр деген сұраққа жауап бере келіп, бұл құбылыстың негізгі себептерін айтты. «Қоғамның басқарушы күші» қайта құрудың нақтылы жоспарын, сол қайта құрудың ықтимал салдарын ойластырған жоқ, деді. Мен ол кезде Мәскеуде болған едім, журналистер Н.Назарбаевтың бұл батыл сөзін ерекше жоғары бағалады. Назарбаевтың күрделі жағдайда шешім қабылдауға деген қабілетіне басқа да мысалдар жетерлік. Мына жағдай қазір жалпы жұртқа жақсы белгілі, Горбачевті президенттік тақтан аластаған Беловежье келісімінен кейін М.Горбачев өзінің досы санаған үлкен Д.Буш, оған тіпті телефон да соққан жоқ. Оның орнына ол Б.Ельцинмен әңгіме өткізіп, мемлекетте мәңгілік дос жоқ, тек саяси және ұлттық мүдде ғана бар дегенді тағы да бір еске салды. Міне, осы мүдде Н.Назарбаев өмірі мен қызметінде жеке бастың қамы, даңқы және популизмнен үстем тұрды. Назарбаев 50 жасқа толғанда оны облыстық партия комитеттері хатшыларының ұсынысымен Социалистік Еңбек Ерінің Алтын жұлдызымен марапаттамақшы болады. Ол туралы білген мерейтой иесі бұған үзілді-кесілді қарсы болып, өз орнына Андрей Браунды наградтауды ұсынады. Тағдыр Н.Назарбаев алдына үнемі таңдау жасауды қойып келді: не тез шешім қабылдау керек немесе ойлану, салмақтау, нақтылау қажет. Соның бәрінен ол дұрыс жол табатын еді. Онымен бірге болғандар оның іскерлігін, парасатты ақыл-ойын, іске деген принципті көзқарасын айтудан жалықпайды. 1990 жылы Нұрсұлтан Назарбаев КСРО вице-президенті болуы мүмкін еді, бірақ Горбачев мұндай принципті орынбасары болуынан қорықты. Нұрсұлтан Назарбаев Одақ ыдырап, бұрынғы одақтас республикалар егемендік шеруін тойлап жатқанда да жұртпен бірге дақпыртқа ерген жоқ. Қазақстан өз тәуелсіздігін ең соңында жариялады, ал шынтуайтқа келгенде республика жастары егемендікке деген құқығы туралы 1986 жылдың желтоқсанында-ақ жария еткен еді. Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қару арсеналын жойғанда да, рубльдік аймақтан шыққанда да және де басқа көптеген маңызды мәселелерді шешкенде де асығыстықтан бойын аулақ салды. 90-жылдары қоғамдық-экономикалық формация, миллиондаған адамдардың өмір салты өзгергенде де ол өзін салмақты ұстады, халық алдында ол өзіне сенімді саясаткер болды. Сол үшін де ол жыл адамы атанды. «Файнаншиал Таймс» газеті сол кездері Назарбаев туралы былай деп жазды: «...ол бүкіл жан-тәнімен саяси және экономикалық одақты сақтауды жақтайтын бірден бір республикалық саяси қайраткер, ол нарықтық реформаны жақтаған және оны өмірге белсенділікпен енгізген алғашқы лидерлердің бірі». КСРО-ның ыдырауынан кейін және тәуелсіздіктің алғашқы жылы біздерге, бұрынғы ұлы держава азаматтарына, психологиялық жағынан да және экономикалық жағынан да жеңіл болған жоқ, сол тұста Нұрсұлтан Назарбаев жұбаныш пен үміт сөзін таба білді, ол былай деді: «Біз Кеңес үкіметі жылдары қазіргі қолда бар экономиканың, әлеуметтік инфрақұрылымның жасалғанын ұмытатын мәңгүрт емеспіз...» Бүгін біз, қазақстандықтардың орыс тілді бөлігі, Президент Назарбаев пен барлық қазақтарға Қазақстанның мемлекеттік тілді мәжбүрлеп оқыту жолымен кетпегені үшін шын жүректен алғыс айтуға тиіспіз. Сонымен бірге қазақ тілін біздің балаларымыз бен немерелеріміздің білуі үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Сол арқылы біз Президент – Ұлт Көшбасшысына халықты одан әрі топтастыруға жәрдемдесеміз. Республика бастан кешірген күрделі тарихи кезеңдер және оларға Нұрсұлтан Назарбаевтың көзқарасы барлық қазақстандықтардың Қазақстанда жаңа лидер өсіп жетілді деген сенімін тудырды. Қостанай облыстық партия комитетінде қызмет істей жүріп соған дәлел талай мысалдарды кездестіргенім бар. 1989 жылы мамыр айында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болды, ал 1990 жылдың 24 сәуірінде ол Қазақстан тарихында бірінші Президент болып сайланды. Сонымен бірге ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы портфелін де сақтап қалды. Содан бері, міне, 20 жыл бойы ол біздің Президент, Ұлт Көшбасшысы және халықаралық деңгейдегі дана саясаткер, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы, ал партия беделі тікелей Назарбаев есімімен байланысты. Өткен кезең ішінде біздің бәріміз сияқты ол да ерекше өзгерді, барынша сарабдал және адамдар мен олардың ісін қатаң бағалайтын болды. Бірақ бір мәселеде ол бұрынғы қалпында қалды, ол – өз халқына Ежелгі дала тарихына лайықты болу үшін көмек, қолдау көрсету. Оның барлық өмірі қазақстандықтарға белгілі және ол бізге әлемдегі күрделі процестерді, ондағы адамның орны мен рөлін тереңірек ұғынуға көмектеседі. Назарбаев кезінде республика егемендік, халықаралық бедел алды, индустриялық-инновациялық даму жолына түсті. Қазақстан Тәуелсіздік жылдары 120 миллиард АҚШ доллары мөлшерінде инвестиция тарта білді. Бұл елге өз тәуелсіздігін нығайтуға және Қазақстанның әлемдік бәсекеге қабілетті ортаға кіруі үшін алғышарт жасады. Нұрсұлтан Назарбаевтың ірі саясаткер ретіндегі шын мәніндегі лидерлік, адами қасиеттері мен оның көрегендігі, менің ойымша, халықтар арасындағы келісімді нығайтуда ерекше көрінді. Және Нұрсұлтан Әбішұлы мұны өзіміздің қазақстандық үйде де, сондай-ақ әлемдік масштабта да ойдағыдай жүзеге асыруда. Назарбаев – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудың және оны жүзеге асырудың авторы, әлемдік дін лидерлері съездерін, ТМД елдері мәдени және рухани дамыту форумын өткізудің инициаторы және ЕҚЫҰ дамытудың осы заманғы басты қозғаушысы. Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем халқына Сенім, Дәстүр, Ашықтық, Төзімділік принциптерін сақтау жөніндегі үндеуі менің Қазақстанымның басшысының мемлекетаралық қатынастар мәдениетін жоғарылатуға жаңа импульс әкелуге ұмтылушылығын тағы бір дәлелдейді. Әлемге халық мүддесі мен арман-тілегін жоғары қоятын перзент берген халық та даңқ биігіне көтерілмек. Сөз жоқ, Нұрсұлтан Назарбаев Нобель бейбітшілік сыйлығына лайық, ал қазақтар болса түркі халқы мен посткеңестік кеңістікке жаңалық атаулының бастаушысы ретіндегі өз рөлін баяғыда-ақ дәлелдеді. Бүгіндері кейбіреулер Президенттің жаңылыс басуы мен қателіктерін еске ала бастады. Ал басқа мемлекет басшыларында қателік жоқ па? Мұндайды Президент сенімін ақтамағандар, мемлекеттік қызметтен аластатылғандар айтады. Бұлар дұрыс баға бере алмайтын, аяғының астынан басқаны көре алмайтын адамдар. Президент ондайлардың мемлекетте бар екенін де жақсы біледі... Ең бастысы – халық, Президенттің ізбасарлары мен тілеулестерінің үлкен командасы онымен бірге. Нұрсұлтан Назарбаев солар үшін өмір сүріп, жұмыс жасайды. Оның осы ұмтылысы миллиондаған қазақстандықтар мүддесіне сай келіп, жарасым табады. Оның ішінде мен де бармын. ...Өткен жылы Мәскеуде, менің «Казахстан: от суверенитета к мировой конкурентоспособности» атты кітабымның тұсаукесерінде мәскеулік қазақтар мені Қазақстанның этностық емес патриоты деп атады. Мен оны мақтан етемін, өз Отаным деп мен Украинаны санасам, өзімнің туған елім деп Қазақстанды санаймын. Бұл менің елім, бұл менің тағдырым және бұл менің Президентім. Сергей ХАРЧЕНКО, аймақтық «Костанайские новости» газетінің бас редакторы, саяси социология докторы, профессор, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Нұр Отан» ХДП саяси кеңесінің мүшесі. Шетелдік саясаткерлер не дейді? Мың мәрте дұрыс қадам Юрий СОЛОЗОБОВ, Ресей ұлттық стратегиялар институты халықаралық бағдарламаларының директоры: 2007 жылғы реформа Президент Назарбаевтың бірнеше мәрте қайта сайлануына рұқсат берді. Егер ол кезекті президенттік сайлауға баруға шешім қабылдаса, оның тамаша жеңіске жететініне мен сенімдімін. Сонда батыстық «бөрілер» де тоқ, наразылықтар да алынып тасталады – сайлау өткізу институтын ешкім жойған жоқ. Әлемнің саяси турболенттілікке кіруінің өзі Назарбаевтың табысқа жететініне кепіл болады. «Қырғызстандағы сияқты сынақтарға ұшырататындай, біздің мемлекеттілігіміз бізге өте қымбат», дейді Қазақстанда. «Сынған шыны аяқты қайта желімдеуге болмайтынын Қырғызстан көрсетіп отыр». «Независимая газета». Дмитрий СУЩЕВИЧ, ТМД атқару комитетінің кеңесшісі: Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың референдумның орнына мерзімінен бұрын сайлау өткізуді ұсынуы мың рет дұрыс: Конституция, тіпті ізгі ниеттермен болса да, жеңіл-желпі қайта көшіре салатын құжат емес! Ал Қазақстан халқының дұрыс таңдау жасайтынына еш күмән жоқ! Қазақстанның туыстас халқына шын жүректен бақыт пен өркенді даму жолын тілеймін. (Са-News). Манфред ГРУНДА, Бундестаг депутаты: Қазақстан Президенті мен Конституциялық Кеңес шешімі кеңінен қолдау табуда. Ол демократиялық принциптерден, ең алдымен, саяси жауапты басшыларды бірқалыпты дауыс беру нәтижелері бойынша сайлау қажеттілігінен бас тартуға жол бермейді. 31 қаңтарда Конституциялық Кеңес Президент өкілеттігін ұзарту жөнінен жоспарланған референдум ел Конституциясына сәйкес келмейді деп хабарлады. Одан кейін Президент Назарбаев референдум орнына мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізуді ұсынды. Президенттің шешімін Конституцияның демократиялық принциптеріне адалдық ретінде бағалаған жөн. Қазақстан модернизация жолымен дамыды, табыстар, әсіресе бұрынғы Кеңес одағының өзге елдерімен салыстырғанда, көзге көрініп тұр. Мемлекет басшысы елде тұрақтылықты, экономикалық және әлеуметтік прогресті қамтамасыз етті. Саяси реформалармен байланыстыра отырып, осы прогресті болашақта да қамтамасыз ету қажет. Президент Назарбаевтың шешімі осы бағыттағы жолды жалғастыра алады. (Германиядағы билеуші ХДС/ХСС одағы фракциясы Атқарушы хатшысының баспасөз үшін мәлімдемесі).
•
09 Ақпан, 2011
Менің елім, менің тағдырым, менің Президентім
971 рет
көрсетілді