Американың Миссури штатындағы Канзас-Сити қаласында тұратын Данеши Кауч есімді 20 жастағы келіншек 26 айдың ішінде үш рет егіз баладан тапқан. The Huffington Post газетінде жазылғандай, әйелдің алғашқы жұптағы бір баласы күні бұрын қолдан жасалған толғақтың салдарынан шетінеп кеткен. Ал қалған бес баласы түгел аман-есен өсіп жатыр.
Мұндай таң қаларлық жағдайды қазір әркім әрқалай таразылап жатқан көрінеді. Солардың арасында мұны физиологиялық ауытқушылық санайтындар да бар. Бірақ бұған жас келіншек келісе қоймайды. «Тағы бірқатар кісілер бұл жағдайды табиғаттың керемет құбылысы ретінде де бағалап отыр», дейді ол.
Америкалық қара нәсілді әйел егіз балаларының әкесіне қыркүйек айында тұрмысқа шығатын болып отыр екен. Айтуынша, Кауч кезекті мәрте екіқабат болуға әзір құмар болып тұрған жоқ.
Келіншек отбасының қаржыдан тапшылық көріп келе жатқандарын да жасырмады. Сондықтан бұл жұп бес баланы асырап-бағу үшін Gofundme алаңында қаржы жинау бекетін ашып қойыпты. Олар осы хабар жарияланғанға дейін 1,3 мың доллар жинап үлгеріпті.
Мұрат АЙТҚОЖА