Отандық тауар өндірушілерді қолдау – Елбасы саясатының басым бағыттарының бірі. Тәуелсіздіктің елең-алаңының өзінде орнығып үлгерген Мемлекет басшысының осынау табанды көзқарасы бүгінде оң нәтижелерге жеткізгені басы ашық ақиқат. Соның арқасында қазақстандық тауар өндірушілердің алдынан даңғыл жол ашылып, республикада өндірілген өнім түрлері бәсекеге қабілеттілігін көрсете білді. Бұған елдегі арнайы автокөліктер құрастыру өндірісі де айқын айғақ бола алады.
Солардың бірі соңғы он жылда өрт сөндіру мәшинелері өндірісін өркендете білген Орал қаласындағы «Агрореммаш» акционерлік қоғамы. Ресей мен Белоруссияның «ГАЗ», «ЗиЛ», «КамАЗ», «Урал», «МАЗ» және «УАЗ» автомобиль зауыттарымен өзара байланыстағы кәсіпорын соңғы жылдары қазақстандық үлестің көлемін 60 пайызға жеткізді. Талас жоқ, бұл – өте биік өндірістік нәтиже.
Мұндағы өндіріс жетекшілері «ОралАгрореммаш» АҚ республиканың өрт сөндіру техникасына деген қажеттілігін толық өтей алады деп есептейді. Бүгінгі күнге дейін зауыт конвейерінен төрт жүзден астам өрт сөндіру мәшинелері шығарылыпты. Қазір оның басым бөлігі республиканың өрттен корғау бөлімшелерінде пайдаланылып жүргенін тиісті деректер айғақтайды. 2007 жылы агрорремаштықтар Төтенше жағдайлар министрлігінің мұқтажы үшін 115 тіркемелі цистерналары бар өрт сөндіру техникаларын шығарды. Осы уақыттың аралығында кәсіпорынға өнімнің өтімділігі мен сапасына, бәсекелестікке қабілеттілігінің төмендігіне қатысты арыз-шағымдар түспеген.
Әйтсе де, неге екені белгісіз, келесі 2008 жылдан бастап Төтенше жағдайлар министрлігі отандық зауытқа берілетін сұранысты пышақ кескендей күрт тыйып тастайды. Бұған соңғы үш жылда министрліктің өрт сөндіру мәшинелерін мемлекеттік сатып алу жөніндегі деректерін дәлелдейтін талдаулар куә. Енді соған назар аударып көрейікші?
Сол 2008 жылы аталған министрлік Ресей кәсіпорындарынан 190 өрт сөндіретін мәшине сатып алған. Осы аралықта отандық кәсіпорынға аталған ведомоство бір де бір сұраныс түсірмеген. Кейінгі екі жылда Төтенше жағдайлар министрлігі Ресейден тағы да 70 арнайы техника сатып алады. Өрт сөндіру мәшинелерін шығаруда кәсіби шеберлігі мен тәжірибесі қалыптасқан қазақстандық кәсіпорынды мүлдем құр қалдыруды ыңғайсыз санаған болса керек, бұл кезде он екі бірлік агрорремаштықтарға бұйырады, әйтеуір.
Министрлік тарапынан сұраныстың мүлдем төмендеуі қазақстандық кәсіпорынның қызметіне теріс әсерін тигізіп, мұндағы жұмысшылар қысқартуға ұшырайды. Ұжым басшылары олардың бірқатарын ұзақ мерзімді ақысыз демалысқа шығаруға мәжбүр болады. Осы арада аражігін ажыратып алатын тағы бір мәселе бар. Ол мынандай. «ОралАгрорреммаш» АҚ өзінің он жылдық мәшине құрастыру тәжірибесінде тиісті жұмыс көлемін тек заңды негізде, конкурсқа қатысу арқылы алып келеді.
Ал Төтенше жағдайлар министрлігі Ресей кәсіпорындарына аталған жұмыс көлемін ешқандай конкурс өткізбей-ақ өзінің еншілес кәсіпорны «Өрт сөндіруші» АҚ арқылы беруді әдетке айналдырған көрінеді. Бұл арада министрлік басшылары бір ғана құжатқа, 2008 жылғы 31 желтоқсандағы №1355 санды Қазақстан Үкіметі қаулысына арқа сүйегені белгілі болып отыр. Яғни, «Өрт сөндіруші» АҚ жоғарыда аталған істі атқаруға, Ресейден өрт сөндіретін техникалар сатып алуға құқылы, өкілетті акционерлік қоғам ретінде аталған қаулы тізбесіне енгізілген. Міне, министрліктің ұстап отырған көзірі осы көрінеді.
«Орал Агрорреммаш» АҚ басшылары мәселенің былайша қойылуы, яғни «Өрт сөндіруші» АҚ-тың аталған қаулы тізбесіне енгізілуі негізсіз деп есептейді. Өйткені, деп тұжырым жасайды олар. «Өрт сөндіруші» АҚ өндірістік істермен айналыспайды. Сонымен бірге, өрт сөндіру техникасын өндіруші, жасаушы және құрастырушы болып табылмайды. Ол тек өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде елдегі компаниялар мен ұйымдарға қызмет көрсететін құрылым ғана. Әрі мұндай жағдайда «Мемлекеттік сатып алу жөніндегі» Заң да сөз жоқ белден басылады. Іс жүзінде солай болып, «Өрт сөндіруші» бұл заңды айналып өтіп кетіп те жүр.
Үкімет қаулысын бетке ұстап Ресейден өрт сөндіретін техникаларды мемлекеттік сатып алуға мүмкіндік алған Төтенше жағдайлар министрлігі бұл үшін конкурс өткізбегендіктен, бюджет қаражаты текке ысырап болмасына кім кепіл? Қара ақылға салғанда ресейліктердің сұрағандарын бере салу деген сөз ғой бұл. Ал олардың шектен тыс астрономиялық баға белгілеуі де әбден мүмкін емес пе? Шетелдік тауар өндірушілермен осылайша тіке байланысқа шығудың тиімділігі неде? Бұл сауалдың басы ашық тұр. Әрі мұндай ұстаным отандық тауар өндірушілерді өгейсіту, тұқырту болып табылмайды деп айтуға аузымыз бара қояр ма екен?
Осы мақаланы жазуға қажетті деректерді сұрату барысында агрорреммаштықтар тағы бір қисынға келе қоймайтын жәйттің басын қылтитты. Тіркемелі автоцистернасы бар өрт сөндіру техникасын жасаушылардың қатарында биыл Арқа төсіндегі №811 зауыт та аталып отырған көрінеді. Олар бұған дейін бір де бір өрт сөндіретін мәшине шығарып көрмесе, мұндай дағды мүлдем қалыптаспаса, оған қалайша таңқалмассың. Сонымен бір мезгілде аталған өндіріс саласында мол тәжірибесі мен кәсіби шеберлігі қалыптасқан, технологиялық деңгейі жоғары «Агрорреммаш» зауыты ұжымының мемлекеттік сұранысты анықтау кезінде кейінге ысырылып қалуы, өгейсітілуі қай қисынға сыяды ?
Бұған Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко не дер екен?
Темір ҚҰСАЙЫН, Орал.