Бүгінгінің жастары бір баланың бетіне қарап отыратын заманның өткенін түсінеді. Досай би Бәйгелұлынан қалды деген даналық сөзді құймақұлақтарына құйып алған ба дерсің. Шешен бала санына қатысты: «Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар. Екі баласы бардың болар-болмас халі бар. Үш баласы бардың үш рулы елде малы бар. Төрт баласы бардың төрт құбыласы тең болар. Бес баласы бардың дес бермейтін жөні бар. Сегіз баласы бардың сергелдеңге салар көрі бар. Тоғыз баласы бардың толғандырар жолы бар. Он баласы бардың орда бұзар қолы бар», деген емес пе? Қазіргі жастардың басым бөлігінің төрт құбыласы тең деуге болады. Ешкімге дес бермейтіндері де жеткілікті. Орда бұзар қолы барлар аз шығар. Дегенмен, оған да жетерміз.
Жастардың осындай ниетіне қарай Жаратқан да баланы беріп жатыр. Мысалы, жақында Қызылорда қаласындағы Ана мен бала орталығында екі бірдей үшем дүниеге келді. Бұл нағыз Тәңірдің тартуы емес пе?! «Қызымыз бар. Ұл күтіп жүр едік. Алла тағала үш бірдей ұлды бере салды», – деп ризашылығын білдіріп отыр отбасы иелері – Салтанат пен Кәрібоз. Нұрасыл, Ерасыл, Жанасыл атты үш бірдей азаматты жарық дүниеге әкеліп, қуанышы қойнына сыймай отырған ерлі-зайыптының көзінде өмірге деген үлкен іңкәрлік бар.
Ал Байқоңыр қаласының тұрғыны Алаштың айымы болардай үш қызды босанды. Әмина, Әлима, Ләйла атты кішкентай періштелер бір әулеттің ғана емес, тұтас ұлттың мақтанышы болады ғой деп үміттенеміз. «Үш қыз уақыттан бұрын өмірге келді. Бүгінде олар дәрігерлердің бақылауында. Қазір жағдайлары жақсы»,– дейді Ана мен бала орталығының қызметкерлері. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады», дейді халық даналығы. Ендеше, өмірге келген үшемдердің де несібесі молынан болсын деп тілейміз.
Несібе демекші, бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ақ орамал» атты акция ұйымдастырып жатыр. Осы акцияның шеңберінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы үшемдерге сый-сияпат жасады. «Қуанышты бөліссең көбейеді», деген сөз осындай сәтке арналып айтылған шығар-ау. Өйткені, бұл бір шаңырақтың ғана емес, тұтас халықтың қуанышы болса керек.
Бұл жыл басынан бері Қызылорда облысында дүниеге келген үшінші үшемдер. Ал соңғы алты айда 8 963 нәресте өмірге келген. Оның 120-сы егіздер. Олай болса, әр шаңырақта бесік тойы көбейсін!
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
ҚЫЗЫЛОРДА