қымбаттап барып тоқтады
Атырауда бір бөлке нан 55-65 теңгеден сатылушы еді. Ал өткен аптада бұл баға орташа 10 теңгеге қымбаттап, 70-75 теңгеге жетті. Нан бағасының 10 теңгеге қымбаттауының нендей себебі бар? Нан бағасының қымбаттау себебін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев түсіндіріп берді.
– Бұрын наубайханаларға үкіметтік қордан дотация беріліп келді. Алайда, биылғы жыл басынан бастап мұндай қолдау тоқтатылды. Нан бағасының қымбаттауына байланысты монополияға қарсы комитет тексеру жүргізді. Қазір нан бағасы 65 теңгеге тұрақтады, – деді облыс әкімі.
Әкімнің мәлім етуінше, өңірге ұн Қостанай мен Батыс Қазақстан облыстарынан тасымалданады. Өткен жылы бірінші сортты бір кило ұнның бағасы 55-60 теңге болған. Ал биыл мемлекеттік субсидия тоқтатылғаннан кейін оның бағасы 88-100 теңгені құраған. Қазір Атырау облысында 53 наубайхана жұмыс жасап тұр. Өңірдің нанға сұранысы жылына 42 мың тоннаны құрайды.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ