Міне, тағы бір жұмыс аптасы аяқталып келеді...
Апта... қалай басталып еді?
Алматылықтардың есінде бұл күн «қаралы дүйсенбі» болып сақталып қалды. Бір сәт еске алайықшы... Таңғы сағат 10.00. Әдеттегі жұмыс күні. Әдеттегі тіршілік. Әдеттегідей «елдің алдында жүретін» сайттарға ара-тұра іс арасында бір үңіліп қоятын әдетіміз бар. Tengrinews.kz-ден «Алмалы аудандық полициясына қарулы шабуыл жасалды» деген шұғыл хабар жылт етті. Көп кешікпей қан-жоса болып қимылсыз жатқан полиция қызметкерінің суреті салынды. Ақпарат майданы басталды да кетті. Дәл қазір қай сайттың ауыздығымен алысып бірінші болуға жанталасқанында менің шаруам жоқ, бірақ, қызынып алған веб-парақшаларда шамамен мынандай ақпараттар селдей ақты... «Атыс Алматының бірнеше аумағында басталып кетті...» «Жұлдыз» ықшам ауданынан қалаға қарай 100 шақты белгісіз жаяу топ шұғыл жүріп келеді.» «Теміржол бекеті мен әуежай қоршауға алынды...».
Бұл кезде ашық тұрған кеңсеміздің терезесінен полиция мен «Жедел жәрдем» автомашиналарының денеңді тітіренткен ащы дауысы үзіліссіз естіліп тұрды. «Көшеге шықпаңдар, оққа ұшасыңдар!» Бейбіт заманда, Алматыда, мұндай сөзді есту қандай ауыр еді?!
...Аласапыран бір сағаттың ішінде басылды. Қарақшы қолға түсті. Кейінгі ресми дерек бойынша автомат ұстаған жауызға бұғау салуға небәрі 25 минут кеткен екен. Алайда, сол 25 минуттық зұлмат 6 атпал азаматтың өмірін жалмап кетті. Болған оқиғаға бүгін сараптама жасау оңай, бірақ сол тұстағы біздің полициямыздың шын мәніндегі ісі теңдессіз ерлікке пара-пар еді.
Сол күн. Дүйсенбі.
Алматыда кешкі сағат – 20.00.
Күн жарық. Мұндай кезде жүргінші сапырылысып, келесі бағдаршамға дейін бірін-бірін қуалап, басып озып зулап жататын автокөліктер нөпірін көрмей таңдана бастадым. Кеңсеміз орналасқан Абылайхан даңғылынан Мақатаев көшесін бойлап Наурызбайдағы аялдамаға дейін қарсы алдымнан бір жас жұп пен ит жетектеген жалғыз әйелді жолықтырдым. Уақыттың бұл кезеңінде жолаушыларға лық толмаса да, отыруға орын табылмайтын №92 автобусты әдейі санадым, 5-ақ жолаушы бар екен. Абай даңғылы бос, жүрген көлік некен-саяқ. Стадион мен алдынан адам үзілмейтін «Променадтың» алдында бір пенде көзге түссейші! Айтпақшы, бұл күні Алматыда болған лаңкестікке байланысты Қазақстанның екінші лигасында өнер көрсететін «Қайрат U-21» және «Ақтөбе U-21» командаларының арасындағы ойын кейінге шегерілген. Көшесінде мұндай жүргінші жоқ, көлігі некен-саяқ Алматы бұдан 40, бәлкім, 50 жыл бұрын болған да шығар? Біз Алматыны білгелі бұлай болған емес. Өйткені, бұл дүйсенбіде Алматы тарихында бірінші рет аумағында шекті (қызыл) террорлық қауіптілік деңгейі жарияланған болатын. Саясаттанушы Ерлан Қарин айтқандай, Алматы тұрғындары қызыл деңгейдің бірден бір белгілеріне – «әрбір ескертуге құлақ асып, бейберекет жүрісті доғарып, үй-жайларынан шықпай, арнайы құрылымдардың ресми мәліметтерін басшылыққа алды».
Менің есімнен әлі күнге дейін аласапыран кезінде таратылған «велосипед мінген сақал өсірген тағы бір күмәнді азамат ұсталды... Қалтасынан арабша жазылған бір жапырақ қағаз шықты» деген, тіпті, веб-параққа видеосы салынған бір хабар кетер емес. Бір желі «сол уақапшы жігіт велосипедпен заулап келген бойда полиция қызметкеріне пышақ лақтырыпты» деді-ау... «қызармастан».
Сейсенбі күні күн ауа барып, Алматы өзінің тіршілігін имене... бастап кетті. Сәрсенбіде Балуан Шолақ спорт кешенінде қаралы жиын жүріп жатқанда Алматының қақ ортасында құқық қорғау органдары арнайы операция жүргізді. Осы құбылыстың өзі үрейден арылып үлгермеген қала тұрғындарын әртүрлі ой қиырына жетеледі. Гоголь – Зенков – Мақатаев – ағайынды Абдуллиндер көшелері қиылысқан төрт бұрыш аумақты мұздай қаруланған полиция қызметкерлері қоршап алып, шаршыдағы бірқатар үйдің тұрғындары эвакуацияланды. Көп күттірмей Алматы қаласы ІІД ресми өкілі, полиция майоры Салтанат Әзірбек байланысқа шығып: «Жеке бастарының қауіпсіздігі үшін тұрғындардың эвакуацияланғаны рас. Бұл үйде қандықол қылмыскер Руслан Күлікбаев пәтер жалдап тұрған. Арнайы жүргізілген жедел-іздестіру операциясы азаматтардың қауіпсіздігі үшін қылмыскердің ұясына толық тексеру жасады. Күмәнді жарылғыш немесе өзгедей суық қару табылмады» деп хабарлады.
Бұл шаршыны қоршау қылмыскер Руслан Күлікбаевтың заңды әйелі Аяулымның айтуы бойынша жүргізіліпті. Осы сәттен бастап Күлікбаевтың кім екені айқындала түсті. Аяулым теледидарда жылап тұрып халықтан кешірім сұрады. Жеті жасар бір ұлдары бар екен. Қайын енесі ашулы. Бұрыннан бұзақы болған, сақал қойған қанішер күйеу балаға: «Атылсын!» деп лағнет айтты. Қайын атасы осы жылдары Русланды «өз басым екі-ақ рет көрдім» деп ақталғандай болды... Бүкіл еліміз құлағдар болған хабарлар. Жұмаға қараған күнгі қала полициясы таратқан ең соңғы мәліметте, адам айтқысыз қылмыс жасаған Руслан Күлікбаев 2010 жылы Шымкентте алтын бұйымдарын сатушыны ұрып жығып, 115 мың теңгесін алып кеткен. Ұсталып, 3 жылға сотталған. 2012 жылы суық қару – револьвер мен дыбыс басқыш ұңғыны заңсыз ұстағаны үшін тағы да 3 жыл 6 айға қамалады. Күлікбаев түрмеде де тыныш жүрмеген. Әртүрлі 14 рет ескерту алған.
Алматы полициясы аса қауіпті қылмыскерді сот басталғанға дейін екі ай қамауда ұстайды. Айыпталушыға 6 қылмыстық бап бойынша тергеу жүргізілмек. Қазірдің өзінде қылмыскерге тағылған айыптардың мерзімін өтеу жылдарын қосқанда 90 жылдан асты...
Алматы күнделікті тіршілік қамында.
Көше сірескен көлік, тротуар толы жүргінші. Аула толы баланың күлкісі. Қазір жаз... Алатаудың етегі, Алматы жазы қандай шуақты!.. Бірақ, халық апта басталар сол күнді – «қаралы дүйсенбіні» әлі де ұмыта алар емес. Қатарынан арыстай 6 азаматын жоғалтқан Алматы полициясы кірпік қақпай халықтың тыныштығын сақтау жолында әдеттегідей қырағы күзетте тұр. Аяулысын жоғалтқан жандардың көз жасы әлі кеуіп үлгерген жоқ. Қандай «ауыр» едің дүйсенбі...
Мезгілсіз оқ атылмаса екен! Мезгілсіз дүниенің тыныштығы бұзылмаса екен!
Апта аяқталып келеді...
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ