Жүзеге аспай қалған төңкеріс әрекетінен кейін Түркия билігі Ұлттық Қауіпсіздік кеңесінің бес сағатқа созылған жиынын өткізіп, үш айға төтенше жағдай жариялау жөнінде тоқтамға келді.
Түркия президенті Тайип Ердоғанның айтуынша, елдің конституциясына сәйкес енгізілген төтенше жағдай үкіметке шешімдерді барынша шұғыл қабылдап, тез әрекет етуге, осылайша елдегі жағдайды бейбіт арнасына салуға мүмкіндік береді. Осыған орай үкіметтегілер егер елдегі ахуал ойлағаннан тезірек тынышталып жатса, төтенше жағдай бір жарым-екі айдан аспай алынып тасталуы да мүмкін екенін түсіндіріп жатыр. Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде адам құқықтарының сақталатынына кепілдіктер беріп отыр.
Түркия Президенті Тайип Ердоған «Әл-Жазира» телеарнасына берген сұхбатында, өзіне бүлік туралы ақпарат жеткен бетте, бірден халықты елдегі демократиялық құндылықтарды қолдауға үндегенін айтты. «Менің үндеуіме мыңдаған түркиялықтар үн қосып, еліміздегі еркіндікті қорғап қалды» деді ол сұхбат барысында.
Сонымен қатар, ол төңкеріс жасау әрекетіне тергеу-тексеру жұмыстары аяқталмағанын, яғни әлі де қамауға алу мен түрлі жазалар қолдану болуы мүмкін екенін ескертті.
Әлемдік ақпарат көздерінің хабарлауынша, әскери төңкеріс жасау әрекетіне қатысы бар деген күдікпен 60 мыңнан астам адам әртүрлі деңгейдегі жазаларға тартылған. Қақтығыстар кезінде қайтыс болғандардың саны 230-дан асқан.
Түркияда төтенше жағдай жарияланған соң бірінші болып БҰҰ мәлімдеме жасады. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Фархан Хақ арнайы өткен баспасөз мәслихатында БҰҰ Түркияға қолдау көрсетуді жалғастыра беретінін айтты.
Ол Түркиядағы жағдайдың жіті бақыланып отырғанын, Премьер-Министр Бинали Йылдырымның «құқықтың үстемдігін сақтау» туралы мәлімдемесінен хабардар екенін және айтылған сөздер мен іс жүзіндегі шаралардың бір-біріне сәйкес болатынына үміттенетінін білдірді.
БҰҰ Бас хатшысының орынбасары сондай-ақ, Түркияда демократия мен конституциялық принциптердің сақталуының маңыздылығына тоқталды.
Елдегі ең ірі бұқаралық ақпарат құралдарының бірі саналатын TRT арнасы Түркияның Жоғары білім беру жөніндегі кеңесі барлық жоғары оқу орындарының оқытушыларына шетелге шығуына уақытша тыйым салғанын хабарлады. Бұл да бүлікке қатысы барлардың із суытып кетуіне жол бермеу мақсатында қолға алынып отырған шара екені белгілі.
Бет қатталып жатқанда:
Би-Би-Си агенттігінің хабарлауынша, әскери тікұшақпен Грекияға қашып үлгерген сегіз түрік әскерінің шекарадан заңсыз өткені үшін үш айға қамауға алынғаны белгілі болды. Түркия билігі оларды экстрадициялауды талап етіп отыр.
Бесбоғда АЛТАЙ