Швейцарияның Лозанна қаласында бүгін, 24 шілде күні өткен Халықаралық Олимпиялық комитеттің телеконференциясы барысында Ресей құрама командасын Рио-де-Жанейродағы Олимпиялық ойындардан толығымен алып тастамау жөнінде шешім қабылданды. ХОК-тың сайтында осы туралы жазылды.
Сонымен бірге, комитет жекелеген спорт түрлері бойынша нақтылы спортшылар мен командаларды жарысқа жіберу жөніндегі өкілдікті тиісті халықаралық федерацияларға тапсырды.
Бұған дейін, 24 шілде күні Ресей БАҚ-тары, Британия баспасөзі басқаша хабарлағанына қарамастан, ХОК-тың Ресей құрамасын Олимпиадаға жіберетінін жазған еді.
Ал 21 шілде күні Халықаралық арбитраждық сот (CAS) Ресей олимпиялық комитеті мен жеңіл атлеттерінің Халықаралық жеңіл атлетика ассоциациясының үстінен берген шағымын қарамай тастаған болатын. Онда 68 шағымның ішінен тек соңғы үш жылда АҚШ-та жаттығып жүрген ұзындыққа секіруші Дарья Клишинаның ғана шағымы қанағаттандырылды.
18 шілде күні Бүкіләлемдік антидопингілік агенттіктің (WADA) канадалық заңгер Ричард Макларен басқаратын тәуелсіз комиссиясы 2014 жылы Сочиде өткен қысқы Олимпиялық ойындардағы допингілік қитұрқылықтарды айыптауды тексерудің қорытындылары туралы баяндамасын ұсынды. Оның қорытындысы бойынша WADA Ресейдің барлық спортшыларын 2016 жылғы Ойындардан аластауға, сондай-ақ елдің спорт министрі Виталий Мутконы отставкаға жіберуге шақырды.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ