[caption id="attachment_52918" align="aligncenter" width="560"] Фото: life.ru[/caption]
Мексиканың Геррера штатындағы Сьюдад-Альтамирано қаласының мэрі Амброзио Сото есірткі сатушылардың қолынан қаза тапты.
Қаруланғандар жолды толығымен қоршап алып, бірнеше көлікке оқ жаудырған. Салдарынан қала басшысы оқиға орнында тіл тартпай кетсе, екі полицей ауыр жараланды. rt.com ақпарына сәйкес, қала тұрғындары мен кәсіпкерлері атышулы есірткі тасымалдайтын топтарға ақша беруге мәжбүр екендерін айтқан. Бұл істі Амброзио Сото орындамағандықтан, олар қанды әрекеттерін жүзеге асырыпты.
Осымен соңғы екі күн ішінде екі бірдей қала мэрі қаза болып отыр. Бірер күн бұрын Чьяпас штатындағы Сан-Хуан-Чамула қаласында қақтығыс орын алып, әкім Доминго Лопес Гонсалес опат болды.
lenta.ru мәліметі бойынша, наразылық білдіргендер басшыдан қоғамдық жұмыстарға және жергілікті қолөнершілерді қолдауға қаржы бөлуді талап еткен. Алайда, Доминго Лопес күзетшілерінің көмегімен оларды қуып шықпақ болыпты. Бұл іске ашуланған топ оған оқ жаудырған. Оқыс оқиғадан тағы да бес адам қаза тауып, 12-і жараланды.
Мексикада соңғы он жыл ішінде 75 қала мэрі оқыс оқиғалардан опат болған екен.
Аян ӘБДУӘЛИ