[caption id="attachment_52935" align="aligncenter" width="560"] Фото: aa.com.tr[/caption]
aa.com.tr ақпарына сәйкес, өлім жазасы заңды күшіне енетін болса, Түркия үшін Еуропалық Одақтың (ЕО) есігі жабылуы мүмкін. Бұл туралы Еурокомиссия басшысы Жан-Клод Юнкер мәлімдеді.
«Егер Түркия бұл істі заңды тұрғыда құптайтын болса, Еуроодақ құрамына қабылдануын тоқтатамыз. Бірақ қазіргі жағдаймен енуінің өзі екіталай», – деді Жан-Клод Юнкер.
Айта кетейік, бірнеше күн бұрын Ыстанбұлда жиналған бір топ адам әскери төңкеріс жасамақ болғандарды өлім жазасына кесуді талап еткен еді. Ал 18 шілде күні мемлекет басшысы Режеп Тайип Ердоған халық талап етсе, ең жоғарғы жаза қайта қолданылуы мүмкін екенін айтты.
«Демократияда халықтың талабын ескеру қажет. Біз жазаның ең ауыр түрін кейінге қалдырмаймыз. Себебі, билікті басып алмақ болғандар жауапқа тартылуы тиіс», – деген еді ел президенті. Соңғы ресми мәлімет бойынша, 16 шілдеге қараған түні сәтсіз төңкерістен 290 адам қаза тапқан.
Түркияда өлім жазасын (дарға асу) қолдану елдің ЕО-ға мүше болу шарттарын орындау мақсатымен 2002 жылы тоқтатылған.
Аян ӘБДУӘЛИ