Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Сенегал Республикасының Мемлекеттік министрі – Сыртқы істер министрі Мадике Ниангпен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан мен Сенегалдың халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара ықпалдастығы жайындағы мәселе алғашқы кезекте сөз етілді. Атап айтқанда, екі елдің БҰҰ және ағымдағы жылдың жазында төрағалығы Қазақстанға өтетін ИКҰ аясындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Қанат Саудабаев өз әріптесін қазақстандық төрағалықтың алдын ала жоспарлаған күн тәртібімен таныстырды. Қазіргі таңда ИКҰ төрағасы болып табылатын Сенегал Сыртқы істер министрі өз кезегінде Қазақстанды ЕҚЫҰ-дағы жемісті төрағалығымен құттықтай келіп, еліміздің төрағалық барысында ИКҰ және оның институттарының дамуына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Екіжақты қатынастар әзірше бастапқы деңгейде екенін атай отырып, тараптар Қазақстан-Сенегал ынтымақтастығын саяси, экономикалық және гуманитарлық салаларды дамытуға қызығушылықтары бар екенін растады. Сонымен қатар, халықаралық және аймақтық қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасты. Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы рөлін, сондай-ақ Сенегалдың Африка құрлығындағы бейбітшілік іс-шараларын ескере отырып, тараптар аймақтық қауіпсіздік пен әлемдегі тұрақтылықты қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Осы орайда министрлер Египетте жалғасып отырған дағдарысты талқыға салды және осы елдегі жағдай жақын арада тұрақталатынына сенім артты.
Кездесу соңында Қанат Саудабаев пен Мадике Нианг Екі елдің сыртқы саясат ведомстволары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Сенегалдың Қазақстанмен тек экономикалық емес, сонымен бірге, саяси байланыстар бойынша ынтымақтастықты дамытуға ниетті екендігін білдірген Мадике Нианг өзінің ойын: «Біз бірқатар халықаралық ұйымдардың мүшесі болып табыламыз. Сондықтан екі елдің арасында тығыз әріптестік қарым-қатынас қалыптасып отыр. Бүгін бекітілген меморандум Қазақстан мен Сенегал арасындағы дипломатиялық байланыстарды ғана емес, Азия мен Батыс Африка арасындағы қарым-қатынасты дамытуға негіз болмақ. Сенегал Қазақстан бастамаларын әрқашан да қолдайды. Себебі, біз Қазақстанды маңызды әріптес ретінде қарастырамыз», деп түйіндеді.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.