• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
26 Шілде, 2016

Аты жоқ індет

324 рет
көрсетілді

Атырау облысында 1400 сиыр белгісіз ауруға шалдыққан Атыраудағы шалғай әрі көршілес Ресеймен қоңсы ауданның бірі – Құрманғазы. Дәл қазір осы ауданда 1400-дей сиыр әзірге атауы белгісіз індетке шалдығып тұр. Бұл ауру неден шығуы мүмкін? Осыған байланысты нендей шара қолға алынды? Біз аталған деректі анықтау және сауалдарымызға жауап алу мақсатымен Құрманғазы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әлімбай Абдрахманға хабарласқан едік. Алайда, ол нақты мәліметті Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Атырау облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Сұлухия Бисеновадан алуымыз қажеттігін ескертті. Басшы орынбасарымен телефон арқылы сөйлестік. – Құрманғазы ауданында же­ке иеліктегі сиырлардан ауру бел­гілері 30 маусымда белгілі бо­ла бастаған. Алайда, малдары ауырған тұрғындар жергілікті ветеринарларға 4 шілдеде ғана хабарлаған, – деп түсінік берді Ветеринарлық бақылау және қа­дағалау комитеті Атырау облыс­тық аумақтық инспекциясы бас­шы­сының орынбасары Сұлухия Бисенова. – Біз мал ауруы туралы сол күні Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетін хабар­дар еттік. 5 шілдеде комитеттен және ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталықтың өкілдері келді. Ауру малдардан арнайы сынамалар алынды. Әзірге мал ауруының нақты диагнозы қойылған жоқ. – Ауырған малдан қандай белгілер байқалды? – Сиыр терісінің астында түйін­шектер пайда болып, без өскен. Малдың қызуы да көтеріліп, мұрны­нан сілекей аққан. Шөп жемей, қоңы күрт төмендеген. – Ауру қай округтерде анық­талды? – Алдымен Мақаш, Еңбекші, Орлы, Нұржау ауылдық ок­­руг­­­теріндегі жеке иеліктегі сиырлардан шыққаны белгілі болды. Сонымен бірге, «Құбашев» шаруа қожалығының малы да ауруға шал­дықты. – Мал шығыны бар ма? – Бар. Қазір 40-қа жуық сиыр өлді. – Емдеу шаралары қолға алын­ды ма? – Әрине, қазір ауырған сиыр­ларға арнайы вакцина салынып жатыр. Ауруға шалдыққан мал­дың ішінен 274-і жазылып, өріске шығып кетті. – Бұл аурудың неден болуы мүмкін? – Әзірге неден екенін тап басып айту қиын. Бұл – вирустық ауру, бәлкім, бұл көрші елден түрлі қансорғыш жәндіктердің ұшып келуі арқылы жұғуы мүмкін... Құрманғазы ауданындағы мүйізді ірі қараның белгісіз дертке шал­дығуы туралы деректер осындай. Аудан әкімі Бибоз Шаях­­ме­тов­тің айтуынша, ауруға шалдыққан сиырларды емдеу үшін бюджеттен 1 миллион 930 мың тең­­ге бөлініп, вакцина салу қолға алынған. Қалай дегенмен де, тұрғындар мал ауруының диагнозы тезірек анықталғанын қалап отыр. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,  «Егемен Қазақстан» Атырау облысы