• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Шілде, 2016

PR мамандығы мен әдебиеттің үш қайнаса сорпасы қосылмайды

1477 рет
көрсетілді

Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының профессоры Назгүл ШЫҢҒЫСОВАМЕН сұхбат – Назгүл Тұрсынбайқызы, PR-шы немесе «Қоғаммен байланыс» деген мамандық бізге нарық заманымен келді. ҚазҰУ бірінші болып «пиаршыларды» даярлай бастады. Демек, бұрын мұндай мамандық бол­мағандықтан арнайы мамандар да және оқулықтар да болған жоқ қой? – 2000 жылдары бірнеше оқу орны Қазақстанның PR нарығына мамандар даярлай бастағанда белгілі себептермен мамандық жабылып қалған еді. Араға 10 жыл салып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қоғаммен байланыс және жарнама кафедрасы алғаш болып мемлекеттік лицензия алды. Қазіргі таңда елде алты жо­ғары оқу орнында «Қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша мамандар дайындалады. Әрине, Қазақстанда бұрын болмаған мамандарды даярлай бастағанда қиындықтар аз болған жоқ. Ұлт­тық ерекшелікке негізделген отандық оқулықтардың болмауы салдарынан Батыстың және Ресейдің оқулықтарын пай­да­лануға тура келді. Қоғаммен байланыста менталитет, тіл, ақпаратты қабылдау, тұтынушылардың мәдени ерек­­­­шеліктері аса маңызды. Қа­зақ­стандық PR тәжірибеге негіз­­делген оқу құралдары әлі де жетіс­пейді. Дегенмен, факуль­тетімізде қоғаммен байланыс саласына байланысты соңғы жылдары бірқатар оқу құралдары жарық көрді. – Алайда, бұл мамандыққа студент қабылдаудың бір кілти­паны болды емес пе? – Осы уақытқа дейін «Қоғамдық байланыс» мамандығына түсу үшін таңдау пәні география болып келді. Географияны таңдаған талапкерлердің басым бөлігі мақсатты түрде география, геология, туризм бағыт­тарындағы мамандықтарға бағдарланатын. Енді, Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 18 мамырдағы № 326 бұйрығына сәйкес «Қоғамдық байланыс» мамандығына таңдау пәні қазақ (орыс) әдебиеті, бейіндік пән қазақ (орыс) тілі болып өзгертілді. Бұл бізге бұрынғыдан бетер ың­ғайсыздық туғызады. Себебі, PR мамандығы мен әдебиеттің бір-біріне үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Екіншіден, жыл бойы география пәнін таңдаған талапкерлермен жұмыс істеп, 2016-2017 оқу жылына контингент қалыптастыруға мүмкіндік жасаған едік. Аяқ астынан мамыр айында шыққан бұйрық негізінде енді аз уақыттың ішінде әдебиетті таңдаған талапкерлерді мамандыққа тарту мүмкін емес. Осы тұста «Қоғамдық байланыс» мамандығына түсуге ниеттенген, географияны таңдаған талапкерлердің де есеңгіреп қал­ғандығы жасырын емес. PR-маманының кәсіби құзы­реті – коммуникативтілік, кре­а­­­­тивтілік, шығармашылық көз­қарас, жазу қабілеті, іскерлік қа­рым-қатынас, сөйлеу мәдениеті, шешендік өнер, көпшілікпен тез тіл табысу, идеяларды іс жү­зіне асыру болғандықтан, талап­керлерді шығармашылық конкурс негізінде қабылдаған орынды. – Өзіңіз айтып отырған құ­зыреттіліктің көбі – туабітті қа­сиет. Сондықтан, кафедрада білім берудің басты қағидасы қандай болмақ? – Кафедра кәсіби мамандарды – медиа нарығына, мемлекеттік, саяси, әлеуметтік және бизнес құрылымдарға қазіргі заманғы технологияларды меңгеріп, құзы­­реттер мен тәжірибелік дағ­­­дыларды игерген, бүгінгі еңбек нарығында сұранысқа ие халықаралық журналистерді, PR-менеджерлерді, имиджмейкерлер, продюсерлер, баспасөз хатшыларын даярлауды мақсат етеді. Әлемдік стандарттарға, заманауи зияткерлік талаптарға сай кадр әлеуетін қалыптастыруды көздейді. Білім алушылар өз саласында теориялық білім алумен ғана шектелмей, болашақта тиімді мансап жасауға қажетті қосымша құзыреттіліктерге ие болуы керек. Басты қағидамыз осы. – Факультетте дуалды оқыту – ғылым мен өндірісті тиімді ық­­палдастыру деген де бар екен. Бұл қалай жүзеге асады? – Соңғы кездері дуалды білім беру тәжірибесі кең етек жайды. Өндіріс пен білімді, ғылымды тиімді ұштастыру әдісімен нағыз кәсіби маман даярлауға болатыны дәлелденді. Сол себепті, жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге дағдыландық. Оқу үдерісінде әр курсқа сай оқу-өндірістік тәжірибенің бірнеше түрлері бар. Білім алушыларды үздіксіз практикалық даярлау тұжырымдамасы оқу тәжірибесінен диплом алдын­дағы тәжірибеге дейінгі осы практикалардың барлығын ке­шенді түрде біріктіреді. Білім алушылардың кәсіби тәжірибесі оқу бағдарламасының ажырамас бөлігі болғандықтан, сту­денттердің өндірістік тәжірибе өтетін сапалы базасы ретінде ірі өндірістік мекемелермен, ғылыми-зерттеу мекемелерімен, мемлекеттік мекемелермен келісім­шарт жасап келеміз. – Ақпарат алудың формасы өзгерген сайын журналистикаға деген сұраныс азайып барады. Керісінше, мықты PR-шы­лар керек екендігі байқалуда. Осы тұрғыдан алғанда жұмыс берушілермен әріптестік қарым-қатынас орнатылған ба? – Оқу үдерісіне практик-мамандарды тартумен қатар, олардың шеберлік сыныптарын жиі өт­кізуге тырысамыз. Қазақстан баспасөз клубының президенті, PR-мамандары халықара­лық ас­социациясының мүшесі Әсел Қарауылова, Қазақстан баспасөз клубының атқарушы директоры Сәкен Балбаев студенттерге еліміздің медиа-сала­сын­дағы жобалық қызмет туралы мазмұнды ақпараттар берсе, «Avrupa» (Лондон) газе­ті­нің бас редакторы Vatan Oz, «Кселл» компаниясының, Reuters халықаралық ақпарат агенттігінің, Хельсинки университетінің (Фин­ляндия) жанындағы Алек­сандри институтының өкілдері сту­дент­терге семинар-тренингтер жүргізді. Нарықтағы мамандарды, ЖОО оқытушыларын оқытып, қайта даярлықтан өткізу үшін қосымша білім беру бағдарламаларын кеңейту мақсатында кафедраның жанынан Біліктілікті арттыру және қоғаммен байланыс, баспасөз қызметі мамандарын сертификаттау «PR» орталығы құрылған. орталық тұрақты, мақсатты, жүйелі түрде кәсіби біліктілікті арттырумен айналысады. Біздің түлектер жұмыс берушілер тарапынан сұранысқа ие болуы тиіс. – Журналистика факультеті өткен жылы «Қазақстандағы PR-білім берудің өзекті мәсе­лелері» атты халықаралық конференция өткізіп, оған шетелдік және қазақстандық PR саласын зерттеуші ғалымдары, осы саланың жетекші мамандары қатысқанынан хабардар едік. – Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны жылда өткіземіз. PR-білім берудің өзекті мәселелеріне байланыс­ты жоғары оқу орнындағы ірі тәжірибе алмасу алаңы болды десек артық айтқандық емес. Менің түйгенім, қанша дағ­дарыс болса да сапалы мамандар даярлау ісін жетілдіре беру қажет. Себебі, дағдарыстан шығуға PR-қызметі септігін тигізеді. Осы орайда халықаралық конференцияда баяндама жасаған Огайо (АҚШ) университетінің профессоры Эми Эндерсон АҚШ-та PR-білім беру саласына мемлекет тарапынан үлкен қамқорлықтың бар екендігін жеткізді. Конференция жұмысын қоры­тындылай келе, Қазақ­стан­дағы «Қоғамдық байла­ныс» мамандығы бойын­ша бі­лім беретін ЖОО өкілдері «Қоғам­дық байланыс» маман­дығына шығармашылық емтиханмен қабылдау жөнінде қарар қабылдап, ол Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне жолданды. Енді, осы мәселенің оң шешімін табуын асыға күткен едік. Нәтижесі басқа болды...  Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ