Тәуелсіздік талаптары
Иә, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін оның басты талаптарының бірі – ақша-несие саясатын іске асыру болғаны белгілі. Алайда осы іс біраз уақытқа дейін шешімін таба алмай келгені бүгінде айтуға ғана жеңіл. Нақты деректер мен құжаттарға жүгінсек, әлі де КСРО құрамында болған кезімізде, 1991 жылдың 20 маусымы күні Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР-інің Ұлттық Банк туралы» қаулысын қабылдапты. Тек содан кейін арада екі жыл өткен соң 1993 жылдың 13 сәуірінде республиканың Жоғарғы Кеңесі «ҚР-ның Ұлттық Банк туралы» Заңын қабылдады. Ал ұлттық валютамыз – теңге бұдан соң тағы да жеті ай өткен соң айналымға енгізілді. Тек сол кезде ғана аяғын тәй-тәй басқан балғын егемен ел Ресейге қолма-қол ақша тәуелділігінен құтылған-ды. Осы аралықта ақша-несие төңірегінде адам түсініп болмайтын, шым-шытырық оқиғалар орын алды. Адам жақсыға тез үйренеді ғой. Тәуелсіздіктің 20 жылының биігінен қарағанда соның бәрін ұмытып кеткендейміз бе, қалай өзі? Одақтың ыдырау, іргесі сөгілу үдерісі сексенінші жылдардың аяғында айқын көріне бастады. КСРО деп аталатын алып елдің банк жүйесі де өзгерістерге ұшырады. Банктер халық шаруашылығы салалары бойынша АгроПромБанк, КредСоцБанк, ПромСтройБанк, ЖилСоцБанк деп бөлініп, жарыла бастады. 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бұл банктер егемен қазақ елінің меншігіне ауысып, коммерциялық банктер болып қайта құрылды. Осы уақыттан бастап елде банк капиталын жинақтау, акционерлерді банкіге тарту қажеттілігі туындады. Айтайын дегеніміз – жоғарыда аталған банктер өндірістің құлдырауына ықпал жасай алмады. Өйткені бұрынғы орталыққа бағынған кәсіпорындардың ақша қаражаты Ресейге ағылды. Қазақстанда қалғанының өзі жырым-жырымы шығып, кәсіпорындарды орнынан тұрғызуға дәрменсіз болды. Сөйтіп, олар қаражатсыз қалды. Бұл кезде банктен несие алып, іс тындырамын деу құр қиялға айналды. Сол кезде банктің пайыздық ставкасы 250-270 пайызға жеткенін отандастарымыз ұмыта қоймаған шығар. Тоқсаныншы жылдардың басы мен орта тұсында дүкен сөрелері жылан жалағандай бос қалды. Осындай азық-түлік тапшылығы оны талон арқылы жан басына шектеп беруді талап етті. Қолма-қол ақшаның жетіспеуінен банктерге бюджеттік түсімдер түспеді. Адамдар жалақыларын айлап ала алмады. Мұның бәрін неге тәптіштеп отырмыз? Әрине, тектен-тек емес. Өйткені осындай күрмеуі қиын банк жүйесі мен ақша-несие реформасын алға апару үшін тек жоғарыда ғана емес, сонымен бірге жергілікті орындарда да оған бел шешіп кірісе алатын жүйе жетекшілері де ауадай қажет еді. Дауылпаз ақын Махамбеттің бір өлеңі төмендегіше өріліп келер еді. «Қабырғасын қаусатып, Бір-біріндеп сөксе де, Қабағын шытпас ер керек, Біздің бүйткен бұл іске». Сондай қабағын шытпайтын ердің бірі сонау 1992 жылдың басында мемлекеттік банктің Орал облыстық басқармасына бастық болып тағайындалған Борис Ізбасаров болатын. Ол 1993 жылы Ұлттық Банктің Батыс Қазақстан облыстық филиалының басшысы болып қайта бекітілді. Оның алдында қысқа уақыттың ішінде тәуелсіз ел талаптарына сай банк жүйесі филиалын қалыптастыру міндеті тұрды. Ең бастысы, дәл осы кезеңде ұлттық кадрлар әзірлік қажеттігі туындады. Осыдан он тоғыз жыл бұрын мемлекеттік банк жүйесі басқармасында қызмет жасайтын қандастарымыздың үлес салмағы 5-6 пайыздан аспайтын. Қазір 80 пайыздан асып отыр, деп мәлімет берді бізге бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері. Басқармада банк саласының қыры мен сырын жетік меңгерген, тәжірибелері мол, кәсіби деңгейлері жоғары, қай кезде де өз істеріне мұқият, ыждағатты өзге ұлт өкілдері қызмет жасады. Филиалда тәлімгерлік қозғалысты өрістету арқылы біз олардың кәсіби дағдылары мен табанды қасиеттерін бүгінгі буын банк жүйесі толқындарына ауыстыруға тырыстық. Бұл ісі мен сөзінің арасында айырмашылық жоқ Ұлттық Банк филиалы басшысы Б.Ізбасаровтың ақ адал сыры да, шыны да екеніне бәс тіге аламыз. Көп кешікпей Ұлттық Банк жүйесі филиалдарын компьютерлік жүйеге көшіру үрдісі басталды. Республикадағы аудан орталықтары осы байланыс жүйесіне енгізілді. Дәл осы тұста кадрларды компьютерде жұмыс істеуге дағдыландыру ісі де кең қарқын алды. Ұлттық Банктің Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесі төзімділік пен жауапкершілікті, кәсіби біліктілікті талап ететін бұл істі де алғашқылардың бірі болып абыроймен атқарып шықты. Бұған филиал басшысының қосқан үлесі қомақты. Тәуелсіздіктің елең-алаңында банк жүйесінде орын алған күрмеуі қиын, себебі мен салдары қайда апарып соқтыратыны белгісіз күрделі кезеңде, сол уақыттың тынысын айқын аңғарып, соған икемделе білгені, адамдармен қарым-қатынастарда мәмілегерлік танытқаны Б.Ізбасаровтың да, ол басқаратын Ұлттық Банк филиалының да тек пайдасына шығып отырды. Ең бастысы, ол тұрғындар арасында Ұлттық Банк жүйесі мен оның болашағына сенімділікті орнықтыра білді. Осы орайда «Сабыр түбі – сары алтын» деген халық мәтелін сәл өзгертіп: «Сабыр түбі – төл теңге, ұлттық валюта болып шықты» деп қолдансақ, шындықтан алшақ кетпейміз. Тәуелсіздік жылдары Ұлттық Банк жүйесі жоғарыда айтылғандай, тыңнан түрен сала отырып, өз даму жолын қалыптастырды. Қараңыз, бүгінде ол тәуелсіз еркін даму мен тұрғындардың алаңсыз өмір сүріп, еңбек етуінің бір кепіліне айналып келеді. Жүйенің осындай биік деңгейге көтерілуіне, егемен елге қызмет жасауына республика аймақтарындағы Борис Ізбасаров секілді банк саласының байыпты да бекем, сабырлы да салмақты басшылары өз үлестерін қосқаны кәміл. Қай салада да кадрлардың буын алмасулары болып жатады. Өйткені өмір заңы осындай. Мұндай кезде өз тәжірибесі мен кәсіби дағдыларын кейінгі толқынмен бөлісіп, банк жүйесінде ұлттық кадрларды қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосқан Бористей майталман банкирлер қандай құрметке де лайықты. Ақжайық өңіріндегі банк жүйесінің бүгінгі буын өкілдері оны өздеріне ұстаз санайды. Банкир мерейі дегеніміз де осы шығар, бәлкім. Ал оның банк реформасының бастауынан қанып ішіп, бүгінгі күнге дейін үздіксіз он тоғыз жыл бойы Ұлттық Банк филиалын үлкен абыроймен басқарып келе жатқаны жүйеге деген адалдығы мен арының тазалығы деп білеміз. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында мұндай жандар осындай екі-үш ауыз журналистік толғам жасауға әбден лайықты болса керек. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы. Суретте: Борис Ізбасаров.
•
11 Ақпан, 2011
Банк реформасы бастауында
536 рет
көрсетілді