Көкшетау қалалық ішкі істер департаментінің кезекші бөліміне 45 жастағы жергілікті әйел арызбен келген. Үрейлі ана баласының телефон шалып,өзін біреулер ұрлап, белгісіз жерде ұстап отырғанын хабарлағанын айтады.
Жас жігітті іздеуге жұмылдырылған полиция бірнеше сағат бойы қараусыз ғимараттар мен жертөлелерді, әлгі жігіттің баруы мүмкін туыстарының үйін шарлап шыққан. Ақыры «ұрланған» жігіт табылды.
Полицейлер анықтағанындай, ешқандай адам ұрлау оқиғасы болмаған. Жас жігіт таныстарымен спиртті ішімдік ішкендіктен, жұмысқа бармаудың сылтауымен анасына осындай детективті оқиғаны ойлап тауыпты. Бірақ, мұның анасына да, өзіне де ауыр салдары болатыны миына кіріп-шықпаған.
Енді оның үстінен ҚР ҚК 419 бабының 3 бөлімімен (қасақана жалған хабар тарату) қылмыстық іс қозғалып, уақытша оқшаулау орнына тоғытылды. Сондай-ақ, жас жігіттің автокөлікті қуып кету оқиғасына қатыстылығы да тексеріліп жатыр.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы