Алматы облысында су жанжалы асқынып тұр. Себебі, Көксу ауданында су дұрыс бөлінбегендіктен алқаптардағы жекелеген жер телімдеріне су жетпей, ағын су босқа рәсуа болуда. Сонымен қатар, аталған ауданда су құны тым жоғары – текше метрі 0,51 теңге тұрады. Ал көрші аудандарда бұл баға төмен. Су жеткізу шығындарында айырма жоқ. Сондықтан, Көксу ауданының кәсіпкері Николай Брусенский және «Қайрат» шаруа қожалығы басшысы Арғынғазы Сайерденов, «Үміт» САТК төрайымы Светлана Ломова «Біз жүргізіліп жатқан тариф саясатының себебін түсіне алмай отырмыз.
Біздің аудан өзен бойында орналасқанымен су ақысын неге қымбат бағамен төлейміз? Су бөлетін кәсіпорын арналарды сумен толық қамтамасыз ету жөніндегі келісімшарттағы міндеттемесін неге орындамайды? Ауылшаруашылық дақылдарына су жұмсау нормаларын қайта қарау қажет. Біздің жанайқайымызды ешкім тыңдамайды, құлақ түрмейді», деп бірқатар шындықтың бетін ашып, «Қазақ су шаруашылығы» мемлекеттік кәсіпорны жұмысына наразылық танытуда.
Бұл мәселені «Қазақ су шаруашылығы» РМК директорының орынбасары Қалыбек Құдайбергенов суландыру саласында білікті мамандардың жетіспеушілігін, Көксу ауданындағы мекемелер балансқа алынбағандықтан өткен жылы бөлінген 570 000 теңге барлық суландыру жүйелері мен су арналарын қайта қалпына келтіруге жетпегенін айтқанымен, жиналысқа қатысушылардың көңілін көншітпеді.
«Кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша салалық тексеру жүргіземіз. Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментіне Көксу ауданындағы су бағасына қатысты тарифтік саясатты түсіндіруді талап етеміз», дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Л.Шыңғысбаева.
Ал өзен бойында су тапшылығын тартып отырған жандарға билік қандай уәж айтар екен?
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы,
Көксу ауданы