• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2016

Жолдардың жадау кейпі қашан түзеледі?

465 рет
көрсетілді

«Жол мұраты – жету» дейді қазақ. Әлбетте, атты сауырға ирек қамшылап, байтақ далада бара­қат­пен жүретін көшпенділіктің көркем күндері қалып, алып-ұш­па заманның асығыс мінезі бүрген сайын жолдың қадірі арта түскендей. Кешегі күннің пәлса­пасы – аман-есен жету болса, мобил­ді уақыттың талабы – жедел жету. Жылдам жеткізетін ұшақ пен ұшқыр пойыздардың пұлы қара­пайым жолаушыға қолжетімді бола бермейді. Сондықтан алыс жолға шыққанымыз ертегідегі ұш­қыш кілемді қиялымызда үкі­лей жүріп, автобусқа немесе жеке автокөлігімізге отырамыз. Ұлан даладағы ұзақ жолда ой қау­малайды. Бас-басына бірден көлік тізгіндеген кезеңде ортақ игілік – жол инфрақұрылымының жан жабырқататын жадау кейпі қашан түзелмек?! Сол соқталы сауал әсі­ресе, шығыс өңірінің жол­­дары­мен келе жатқан жолау­шы­­лардың жадында еріксіз бүр жа­ратыны бар. Еліміздегі ең ұзақ республикалық жол – шы­ғыс­қазақ­стандықтарға тиесі­лі. Облыс аумағын 3414 ша­қы­­рым рес­публикалық жол басып өтеді. Ұшы-қиырсыз ұзақты­ғы ма, жол­шылардың, жол құры­лыс­шы­лары­ның мимырт, өнбес еңбегі ме, оларға бас-көз болған мердігер-серік­тестік жетекшілерінің жауап­сыздығы ма, әлде қайдан құлақ шығарам деген қазаншының (тен­­дер бөлуші мекемелердің) ер­кін­­дегі дүние ме, әйтеуір осы жол­­дың жағдайы жақсарғаны некен-саяқ. Жыл сайын жөнделіп жатқан жолдың қашықтығы жөн­деу көрмеген жүдеу жолдың ши­регіне татымайды. Әрине, тиісті меке­мелердің есебінде мұның бар­лығы ағымдағы жөндеу, орташа жөндеу сияқты сылап-сипайтын жұмыстардың тасасында қалып, жалпы жұмыстың жағдайы жақсы сияқты көрініс беретінін жасырмаймыз. Осы бұлтарыс-қалтарысы көп жолдың үстінде ажалмен бетпе-бет келетіндер азаймай тұр. Қазақы таныммен қайырғанда, жолдың жаманы жоқ, жаманнан аманы жоқ... Шұрқ тесік жол көлік иесін шырқыратады, асыққан жолаушының жүйкесіне батады. Оған аяғы мен қаламы асырайтын, үнемі жолда жүретін тілші қауымы болғандықтан куә-дүрміз. Жаз кезінде әманда жолға билет табыла бермейді. Қуаныш пен қайғыда бас қосатын ұлт болған соң, қалайда діттеген жерге жетуге тырысасың. Жуырда сондай сапардан қайтарда тағы билет таппай, ініміздің көлігімен жолға шықтық. Алматыдан Өскеменді бетке алдық. Жақында шығыс өңіріне жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз арасында облыс орталығына қарай даңғыл жолдар келе жатқанын айтқан еді. Мемлекет басшысы­ның «Нұрлы Жол» бағдарлама­сы аясында Астана – Семей – Өске­мен, Алматы – Талдықорған – Өске­мен жол­дары заманауи талап­тарға сай то­лығымен қайта салынуы тиіс. «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру көліктік-логисти­калық инфрақұрылымды дамы­ту­­д­ың хаб қағидаттары бойынша макроаймақтарды қалыптастыру арқылы іске асырылатыны мәлім. Яғни, Астананы өңірлермен күн сәулесі іспеттес магистральды автомобиль жолдары, теміржолдар мен әуе желілері байланыстырады. Алматы – Өскемен респуб­лика­лық жолының алып шаһардан Тал­ды­қорғанға дейінгі бөлігі аяқталуға жақын қалыпты. Ал одан бергі жолдың жағдайы мәз емес. Тіпті, кей тұстарда сын көтер­мейтін, сабырыңды сарқы­л­татын, санаңды сарсылтатын жүдеу жол­дарды басып өттік. Әсіресе, Алматы мен Шығыс Қазақстан об­лыс­тары­ның шекарасынан Аягөз қаласына дейінгі жолдың әбден тозығы жеткен. Әрине, бұл күре жолдар Кеңес Одағы кезінде салын­ған көне құрылыстардың бірі. Қазіргі көлік тасқыны мен жүк тасы­малы көлеміне есептел­меген. Содан да жиі сыр бере­ді. Десе де, республикалық мәр­тебеге ие жол­дың жыл сайын жүр­гі­зілетін ағым­дағы жөндеу жұмыс­тарының өзінен құр қал­ғаны көрініп тұр. Ойдым-ойдым, апан­дай шұңқырлар адымы­ңыз­ды аштырмағаны былай тұр­сын, көлік­ке обал көрінді. Жаң­быр-жаң­быр­дың арасымен жүрген­дей, шұң­қ­ыр­­ларды санаған, қира­лаң­даған жүріс мандымайды. Содан да әр тұста шоңқиған көліктер. Бірінің дөң­гелегі жарылса, бірінің әлдебір бөл­шегі сынған. Жолаушылардың ай­тар шағымы – жол. Даланың ап­та­бында, желкемігінде жолда қал­ған­ның азабы жетерлік. Көлік сало­нын­да қария мен жас сәби болса, жауап­кершілік жүгі тіпті молая түседі. – Шығыс өңіріндегі өзекті мә­селе – осы шұрқ тесік жолдар деп ойлаймын. Өйткені, ауылы­мыз­ға бір барып келгеннен кейінгі көлікті қайта жөндеуден өткізудің өзі қалтаға ауыр түседі, – дейді жолай кезіккен джип көлігінің жарылған дөңгелегін ауыстырып жатқан Данияр есімді жүргізуші. Рас, бірінде болса, бірінде жоқ нарық заманы. Су жаңа сүй­рік­тей көліктердің өзі Шығыс өңірінің жолдарына шыдас бере бермейді. Оның арасында банк­тен келісімшартпен несиеге алын­ғаны бар, көлік иелеріне әжептәуір шығын. Айталық, Өскеменге келгеннен соң көлігін тексерткен інімізбен бірге техникалық жөндеу орталықтарының арзан қызметін іздестірдік. Маркасы да, қызмет көрсетуі де нарықта орташа саналатын жеңіл көліктің салдырлап қалған жүру бөлігін қайта жөндеуден өткізу үшін орта есеппен 70-80 мың теңге қажеттігі белгілі болды. Осы көлемдегі есеп-қисап қағазын қолымызға ұстатқан техникалық диагностика орталықтары мамандарының айтуынша, елімізде қалааралық жол дәліздерінде жеке көлікпен жүргеннен гөрі ұшақ қызметін пайдаланған әлдеқайда арзанға түседі екен. Әрине, жеке адамға. Ал отбасыңызбен, басқа да сапарлас адамдар болса, бұл тиімсіз. Сондықтан, жеңіл автокөлікті таңдауға тура келеді. Осы орайда жолдың даңғыл болып сайрап жатуы мемлекетке де, оның азаматтарына да экономикалық тұрғыдан көп олжа саларын аңдауға болады. Республикалық жолдардың күтіміне «ҚазАвтоДор» мекемесі жауап береді. «ҚазАвтоДор» кәсіп­ор­нының Шығыс Қазақстан об­лыс­­тық филиалына 11 жол пай­далану учаскесі мен 1 ағаш отыр­­­ғызу учаскесі қарайды. Жү­ріп өт­кен жол­дың жайын осы м­е­ке­менің об­лыс­тағы жетек­шісі­нен сұра­дық. Филиал басшысы Іңкәр­­бек Атабаевтың айтуынша, биы­л­ жыл басында облыс аума­ғын­да­ғы республикалық жолдар­ды жамап-жасқауға қаражат бөлін­ген екен. Тіпті, 100 мың шар­шы метр шұқанақты жабуға есеп­тел­ген қаражаттан (636 миллион теңге) жұмыс ауқымы асып тү­сіп, бүгінге дейін 155 мың шаршы метрге жуық шұңқыр жамалып­ты. Алайда, жамал­ған жолды бай­қа­мадық па, әлде жамалуы тиіс жол­дың аумағы тым көп пе, жолдың жағдайы әлгідей. – Бір мезетте жолдың барлығын жасап шығуға біздің мүмкіндігіміз жоқ. Оған кәсіпорнымыздың қуа­ты жетпейді. Ал Алматы – Өске­мен жолының жамалмай қалуының себебі, біз асфалть-бетон өнім­дерін шығаратын зауыттар арасын­да аталған учаскеге байқау жария­ладық. Облысымыздың оңтүстік өңірлеріне жеткізілуі тиіс асфальт материалы бір ай кешікті. Оның ішінде семейлік «ГорДорСтрой» мекемесі шикізат тасымалын бір ай кешеуілдетті. Өздерінің объективті себептерін алға тарта­тындықтан оларға еш кінә қоя алмаймыз, – дейді І.Атабаев. Сондай-ақ, Алматы – Өскемен тас жолындағы жамау жұмыс­тарының қазір 80 пайызға жуығы аяқталғанын, басқа учаскедегі бригадалардың көмекке жұмылды­рылып жатқанын, алдағы 15 күн­де жамау-жасқау жұмысы то­лық шегіне жеткізілетінін айтты. Оның ішінде көктемгі сел алып кеткен жол бөліктері де бар. Жолау­­­шылар тасқыны жаз мау­сы­­мын­да көбейетіндіктен, шұң­қыр­­­ларды жамауды күзге салым­ға қал­дырмай ертерек жасауға болмас па еді деген ойымызды жасыр­мадық. Мекеме директоры мұның басты себебі, жергілікті климат жағдайына байланысты екенін жеткізді. Оның үстіне биыл жауын-шашын да қолды байлап отыр, деді ол. Тағы бір мәселе, мекеменің өндірістік қуаты жұмысты жедел жүргізуге жетіңкіремейді. Мәсе­лен, еңбек қызған осы мау­сым­да 536 адамды жұмыспен қам­­тыса, қалыпты жағдайда кәсіп­орында 480 адам қалады. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алудың да машақаты мол. Құжаттар тас-түйін болғанша, кішігірім шұңқыр арандай апанға айналып үлгереді. Әрине, өңірдегі республикалық жолдарды басқарудың ұлттық операторы – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы. Аталған фи­лиал­­дың жетекшісі Серік Ақтанов­­пен сөйлескенімізде, ол Ал­маты – Өскемен жолының Талды­қор­ған – Қалбатау учаскесіне тиесілі 352 шақырым жолға жобалау-зерттеу жұмысы жүргізіліп, 102 шақырымға тең Өскемен – Қалбатау автожолының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатқанын жеткізді. Бұл бағытты займ қар­жысы есебінен қайта жөндеу жос­парланып отыр. Мұндайда «Кісі­дегінің кілті аспанда» деген сөз еске түседі. Яғни, инвестор табыл­ғанша күре жолды жамап-жасқап тұра тұруға тура келеді. Республикалық ауқым­да­ғы жолдың тағы бірі – Ом­бы – Майқап­шағай трассасы. Таяу­да ғана Зайсан ауданына барған са­па­рымызда жүріп өткен бұл жол­дың Көкпекті ауылы мен Боғас бекеті­нің ара­сы­ның да нашарлығына көз же­т­кіздік. «ҚазАвтоЖол» АҚ фи­лиалы­ның жетекшісі Серік Қа­сым­­бек­ұлы «Нұрлы Жол» инфра­құры­­лым­ды дамыту бағдарламасы ая­сында Омбы – Майқапшағай рес­публикалық автокөлік жолының «Орталық-Шығыс» дәлізінің 171 шақырымы аяқталып, пайдалануға берілгенін жеткізді. Бұл Павло­дар, Семей, Қалбатау ауылы мен Өскемен қаласы аралығын жал­ғай­ды. Аталған дәліздің жалпы ұзын­дығы 407 шақырымды құрайды. С.Ақтановтың айтуынша, қалған 236 шақырым жол 2019 жылға дейін жөнделмек. Аймақта көлікке қолайсыз жо­­л­дар баршылық. Жаз маусы­мы өңір тұрғындарының су жаға­лай­­­тын кезі ғой. Бұқтырма су қой­­масына апаратын жолдағы Осинов­ский асуының жағдайы да ағымдағы жөндеуден өткенімен аса мәз емес. Дегенмен, асуды аса­­тын қауіпті жол аумағы бол­ған­дық­тан, жол жиектеріне қар­сы келе жатқан көліктерді көру­ге мүм­кіндік беретін 15 дана айна, терең шатқалдарға сырғып кетуден сақтайтын қауіпсіздік жиек­­тері орнатылғаны қуантты. Сон­­дай-ақ, Алакөлге апаратын Үржар ауданындағы жолдың күрделі жөн­деуден өтіп жатқанына оншақ­ты жыл болса да әлі аяқтал­маған тұс­тары бар. Бұл өз кезегінде ағым­дағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге де кедергі келтіреді. Өйт­кені, тапсырыс берушілер қар­жыны екі қайтара шығындауды қажет деп таппайды. Жуырда облыс әкімі Даниал Ахметов облыстық мәслихат депу­тат­тарына берген есебінде өңір­дегі автожолдарды күтіп ұстауға жыл сайын бюджеттен 5 миллиард теңгеден астам қаржы жұмса­ла­тынын айтқан болатын. Өңір басшысы күрделі жөндеуден гөрі орташа жөндеудің әлдеқайда тиім­ді екендігін үнемі айтып келеді. Биыл орташа жөндеу жұмыстары ұзын­­дығы 228 шақырым бола­тын 16 телімде жүргізілуде. Ала­көл, Сібе көлдеріне апаратын, Өскемен – Самар, Өскемен – Боб­ров­ка, Бородулиха – Шемонайха бағы­тындағы және Серебрянка қала­сына кіреберіс жолдар жөн­деліп жатыр. Сондай-ақ, облыс әкімі республикалық қазынадан «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 2,3 миллиард теңге қосымша қаржы келіп түскенін, оның бір бөлігін облыстық деңгейдегі күре жолдарды жөндеуге бағыттауды, оған жұмыссыз жүрген тұрғындарды тартуды тапсырған болатын. Яғни, бөлінген қаржы бар. Енді жұмыстың нәтижесін күту қалды. Әрине, ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмас. Өңірде жөн­­деу­ден өтіп жатқан тақтайдай те­гіс жолдар бар. Ағымдағы жылы күрделі жөндеу жұмыстары рес­пуб­ликалық дәрежедегі Өске­мен – Зырян – Үлкен Нарын – Катон­қара­ғай – Рахман қайнары жолының Өрел мен Берел ауылы аралығын қамтып отыр. Был­тыр басталған құрылыстың қазір­гі кезде 19 шақырымы жөндел­ді. Оны келер жылы толығымен аяқ­тау жос­парланып отыр. Бұл Алтайдағы атақты Рахман қайнары шипа­жайына жеткізетіндіктен, туристік маңызы ерекше жол саналады. Деген­мен, жекеменшік нысанға жататын шеттегі шипажайға мемлекет есебінен қаржы бөлгеннен гөрі, облыс тұрғындарының игілі­гіне ор­тақ, жиі қатынайтын ішкі жол­­дарға на­зар бөлу қажеттігі бай­қалады. Мәселен, облыс әкімі Аягөз бен Ақсуат арасын жал­ғай­тын жолдың жағдайын былтыр өз көзімен көрген болатын. Бұл Қарағанды – Аягөз – Боғас жолының маңызды бөлігі. Биыл осы жолдың 78 шақырымы күрделі жөндеуден өтуде. Бұл жол пайдалануға берілген кезде Ал­ма­ты бағытынан келетін Зай­сан мен Тарбағатай аудандары тұр­ғындарының осыған дейін Қалбатау арқылы айналма жолмен қатынап келген жолын екі есеге қысқартады. Былтыр орташа жөндеу жұмыс­тары 216 шақырымды қамтыды. Ал биыл 105 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді. Оның біразы Өскемен мен Семей арасын қам­тиды. Әрине, жол жөндеудегі сеңнің қозғалғаны қуантады. Десе де, редакцияға қоңырау шалатын тұрғындардың бір парасы Семей – Қайнар тас жолының жыры­на қойылар нүктені де күтіп жүр­генін айта кеткен ләзім. Жол – өңір­дің күре тамыры. Онымен тір­шілік нәрі ағады. Сондықтан, жөн­делген жолдардың жолын жүдеу жолдарымызға да берсін деген өңір тұрғындарының ортақ тілегін жеткізгенді жөн санадық.  Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы