• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2016

Аманбайдың үйі аман қалды

385 рет
көрсетілді

    Қостанай-Қарабұтақ тас жолы өңірдегі ең ұзын әрі қозғалысы көп жол. Сондықтан мұнда күн демей, түн демей жол-патрульдік полиция қызметкерлері кезекшілік атқарады. Қыс айларында осы жолдың бойында доңғалағы жарылып немесе қарға кептеліп қалған көліктердің жолаушыларын полицейлер талай рет аман алып қалып жүр. Облыстағы жол-патруль полицейлері Юрий Жақыпов пен Ермек Жуанышбаев қазан айының бас кезінде таңғы сағат 04.00-де Қостанай – Қара­бұтақ тас жолының Таран ауданы аймағына өтіп бара жатқан. Кенет осы жолдың бойынан 3 шақырымдай жерде жатқан Набережное селосынан шыққан жалынды байқап қалады. Таң қараңғысында оттың жалыны жалаңдап жатыр. Екі полицей дереу от шығып жатқан үйге жетіп келді. Мал қораның артына жиған шөп өртеніп жатыр екен. Ермек мал қораның есігін бұза бастады, ал Юрий үйдің есігін қағып, адамдарды оятуға кірісті. Қорада 7-8 сиыр, оншақты қой, біраз тауық бар екен. Жалын сарайға иек арта бастаған. Ермек байланған сиырлардың бас жібін тездетіп шешіп, барлығын далаға айдап шықты. Ал Юрий есікті қатты-қатты ұрып, одан үй­ді айналып жүгіріп, терезені де қақ­ты. Таңғы тәтті ұйқы ғой, үйдегі адамдардың оянатын түрі жоқ. Екі полицей де айқайды салды, олардың даусынан көршілердің арасындағы құс ұйқылы жандар оянып кетіпті. Осы кезде үй иесі Аманбай да далаға атып шықты. Ұйқысырап қалғандай ма, не болғанын түсінбей аң-таң болып тұр. Одан әйелі, балалары шықты, өрт болып жатқанын естісімен азан-қазан болып бала-шағасы шулап жылап қоя берді. Бала-шағасының нәпақасын өзінің қорасындағы малымен тауып отырған еңбекқор, Өзбекстаннан келген оралман ағайын екен. Тірнектеп жиған малдың, өздерінің аман қалғанын ойлағанда үй иелерінің де көзіне жас келді. Таңғы тыныштық бол­ғанымен, күздің ептеп ызғы­рық желі еседі. Жел болса тілсіз жаудың да жыны қоза түсетін әдеті. Кептіріліп жиналған шөп лаулағанда жалыны аспанмен таласқандай болды. Юрий бұл кезде Таран ауданындағы өрт сөндірушілерге хабарласып, шақырып қойды. Бірақ олар келгенше көршілер шелекпен су тасып, топырақ шашып, әйтеуір әупіріммен отты ауыздықтап алған еді. Аманбайдың мал қорасы, оған іргелес үйі мен гаражы, машинасы – бәрі оттан аман қалды. Жарты сағат болмай жетіп келген өрт сөндірушілер отты соңына дейін залалсыздандырды. Осы өрт оқиғасынан бір-екі күннен кейін полиция старшинасы Юрий Жақыпов пен сержант Ермек Жуанышбаев кезекшілігінде Набережное селосындағы Аман­бай Серікбаевтың отбасына арнайы соғып, хал-жағдайларын біле кетті. Аманбай мен әйелі Төре­күл жігіттерге алғысын жау­ды­рып, тағы да көзін бір шылап алды. «Сендер сол түні біздің үйге келген Қыдыр шығарсыңдар. Әйтпесе, қызыл от таңғы ұйқыда жатқан бала-шағамыз бен бізді де жалмайтын еді. «Мал – жанның садақасы» десек те, балаларды асырап отырған күнкөрісіміз ғой, оның амандығына да қуандық. Өркендерің өссін!» деді Аманбай. Өрт болған түні Серікбаевтардың үйінде өздерінің төрт баласын және туыстарын қосқанда бар­лы­ғы 12 адам болған көрінеді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан»  ҚОСТАНАЙ Суретте: Полицейлер өздері өрттен құтқарған Серікбаевтар отбасымен бірге