• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2016

Қазақстанда бірінші рет

448 рет
көрсетілді

«ЮНЕСКО клубтары шығармашылық академиясының» жобасы болашаққа жол тартты Осынау бірегей жобаны жақын күндерде екі апта бойы Астанада Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президентінің Қорымен және Қазақ ұлттық өнер университетімен бірлесе отырып ЮНЕСКО клуб­тарының Қазақстан ұлттық фе­де­рациясы өмірге келтіріп, тұсауын кесті. Жоба жастарды та­ғаттылық рухында тәрбиелеу және мемлекеттің болашақтағы шығармашылық әлеуетін қалып­тастыру мақсатында дарынды өскелең ұрпақты дамытуға әмбе қолдауға бағытталған. 12-17 жас аралығындағы 100 дарынды бала көркемсурет, музыка, би және ән өнерлері ата­лымдары бойынша алдын ала конкурстық іріктеуден өтті, олар екі апталық жедел оқу бағ­дарламасын игерді. Екі негізгі тұғыр-тиянақ – оқыту мен дамы­туға негізделген бағдарламаға өнер саласындағы жетекші маман­дардың кәсіби сабақтарынан бө­лек, көшбасшылық әлеуетті дамыту, жаһандық азаматтық пен «әлем мәдениетін» қалыптастыру жөніндегі тренингтер мен шеберлік сыныптары енгізілген. Сондай-ақ, бағдарлама аясында балалар елорданың көрікті жерлері мен Қазақстанның сұлу табиғатының символындай «Бурабай» ұлттық паркіне саяхат жасап, тамашалады. «Астана Операның» камералық залында болған жеңімпаздардың кең көлемді гала-концертіне көрер­мен қауым мол жиналды. Жоба қорытындысында орындалған жан толқытар ғажап шығармалар, көңілді шаттандырар жарқын ырғақтар, құйқылжыған әсем билер, көз жауын алар көркем картиналар мен мүсіндер – міне, еліміздің мәртебелі мэтрлері мен өнер қайраткерлері сексен сағаттық қажырлы еңбекпен мүсін­деп шыққан нәтиже осындай. Аталмыш бастаманың өзіне тән ерекше әлеуметтік сипатын атап өткен жөн. Ол мүлдем ақысыз, тегін негізде ұйымдастырылды. Конкурсқа қатысу үшін керектісі – бар болғаны Қазақстанның ЮНЕСКО клубтарының біріне мүшелік, дарын және одан арғы дамуға деген ынта. ЮНЕСКО клуб­тары Қазақстан ұлттық фе­дера­циясы президенті былайша ой қорытады: «Бірінші «ЮНЕСКО клуб­тары шығармашылық акаде­миясының» студенті болу құқығын алу конкурсына барлығы 500-ден астам үміткер қатысты. Әл­бетте, балалардың академия қа­бырғасында алған баға жеткісіз тәжірибесі мен білімі олардың жан-жүрегінде өшпес әсер қалдырары сөзсіз, ал енді біреулерінің күллі тағдырын да өзгертіп жібермек. Біз жобаның дәстүрге айналып, жыл сайын бұдан да көп балаларды қамтитынына, олардың болашақ өміріне жолдама беретініне кәміл сенімдіміз». Назар ҚАСЫМ