• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2016

Ыдыс туындатқан ұрыс

1200 рет
көрсетілді

Заман өзгерді ме, әлде адамның өзгергені ме, «Құда, құда дегізген, құйрық-бауыр жегізген» деп бір-бірін Құдайындай сыйлайтын отбасылардың арасында да дау-жанжал болып тұрады. Махамбет ауданында тұратын құдалардың бірі өз араларындағы ұрыс-керісті шешу үшін сотқа жүгініпті. Құда­лардың сыйластығына сына түсуіне төмендегі жайт себеп болған. Бір-бірін ұнатқан екі жас отау құрып, заңды некеге тіркелмесе де ата-аналары құдаласыпты. Алайда, ене мен келін арасында дау туындап, жас жұбайлар ажырасып тынған. Көңілі әбден қалған болуы керек, арада біраз уақыт өткен соң келіннің анасы құдағиынан қыз жасауын қайтаруды өтінеді. Жігіттің шешесі келіннің жасауына берілген заттарды түгелге жуық қайтарғанмен, тек екі дана хром мен шыныдан жасалған ыдысты бермей қойған. Кері қайтарылмаған қос ыдыс құдағилар арасындағы өк­пе-ренішті одан сайын үдетіп, ағайын-туғанының арасына кең жайыл­ған дау сотқа дейін жетті. Сот барысында дау-жанжалдың туындауына себеп болған қос ыдыстың құны 24 000 теңгені құрайтыны анықталды. Заңды некеде тұрмаса да ұлына аз уақыт жар болған келінінің қос ыдысын бермей кергіген құдағи сотқа шақырту алғанда жұмсарып сала берді. Сөйтіп, жігіттің анасы құ­да­ғиының қос ыдысын ың-шың­сыз қайтарды. Құдағилардың ме­диа­циялық тәртіппен келісімге келуіне байланысты іс өндірістен қысқартылды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ