[caption id="attachment_53312" align="aligncenter" width="560"] Фото: askeri.sud.kz[/caption]
Еліміздің Әскери соттары саласында заманауи ақпараттық технологиялар кеңінен қолданыла бастады. Әскери сот төрағасы Сәкен Абдуллаев бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 20-қадамында барлық сот үдерістерін дыбыстық және бейне тіркеу құрылғыларымен қамтамасыз ету міндеті қойылған болатын. Бұл – сот төрелігінің ашықтығы мен оның қолжетімділігін арттыратын қадамдардың бірі. Сәкен Жүсіпахметұлының айтуынша, жылдың алғашқы жартысында әскери сот процестерінің 99,4% дыбыстық және бейне тіркеу жүйесін қолдану арқылы қаралған.
«Бүгінгі күні әскери соттардың сот отырысы залдарының 69,6% дыбыстық және бейне тіркеу жүйесімен жабдықталған. Жыл соңына дейін барлығын толық жабдықтау жоспарланып отыр», – дейді Әскери сот төрағасы.
Сонымен қатар, сот отырыстарына қатысушыларды хабардар ету ісі де автоматтандырылған. Бұл жұмыс бүгінде Сот кабинеті, СМС-хабарламалар, гибридтік электрондық пошталар, сондай-ақ мемлекеттік органдар арасындағы электрондық құжат айналымы жүйелері арқылы жүзеге асырылуда.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ