• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2016

«Астана» «Селтикпен» ойында жеңісті қолдан берді (фото, видео)

265 рет
көрсетілді

Фото: Ерлан Омаров

Астанадағы «Астана-Арена Қажымұқан» спорт кешенінде Еуропа чемпиондар лигасы үшінші іріктеу раундының бірінші матчы ойналды. Онда жергілікті «Астана» мен Шотландияның «Селтик» командалары 1:1 есебімен тең түсті.

27 шілде, сәрсенбі. Астана.  «Астана-Арена Қажымұқан» спорт кешені. «Астана» (Астана, Қазақстан) - «Селтик» (Глазго, Шотландия) 1:1 Төрешілер: Паоло Сильвио Маццолени, Джанлука Карьолато, Джакомо Паганесси (бәрі - Италия)  «Астана»: Ненад Эрич, Марин Аничич, Неманья Максимович, Азат Нұрғалиев (Серікжан Мұжықов 62), Игорь Шитов, Абзал Бейсебеков (Агим Ибраими 85), Патрик Твумаси, Юрий Логвиненко, Жуниор Кабананга, Дмитрий Шомко, Рохер Каньяс. Бас жаттықтырушы: Станимир Стойлов. «Селтик»: Крейг Гордон, Эфе Эмброуз, Скотт Браун, Ли Гриффитс, Мусса Дембеле (Нир Биттон 62), Стюарт Армстронг (Джеймс Форрест 72), Микаэль Лустиг, Патрик Робертс, Эфан О’Коннелл, Калум Макгрегор (Томас Рогич 77), Киран Тирни. Бас жаттықтырушы: Брендан Роджерс. Голдар: Юрий Логвиненко 19, Ли Гриффитс 78. Ескертулер: Азат Нұрғалиев 28, Агим Ибраими 90+6 -  Ли Гриффитс 76, Скотт Браун 90+6. Қақпаға соққы: 13 - 5; Қақпа ауқымына соққы: 8 - 1; Бұрыштама: 8 - 2; Допты иемдену: 47 % - 53 %.

Кездесу екі жақтың бір-бірлеріне барлау жасаулары арқылы ақырын қарқынмен басталды. Бірақ осы тұста қонақтардың алғашқы мүмкіндік туған сәттен алға ұмтылуға дайын екендері де байқалып қалды. Сол ниетпен олар біртіндеп ойын тізгінін өз қолдарына ала бастағандай болып еді, алайда, көп ұзамай астаналықтар кездесудің мұндай ауанмен өрбуіне өздерінің келісе қоймайтындықтарын тез білдіріп, қарсы шабуылға шыға бастады. Осы қарқын бірте-бірте алаң иелерінің басымдылықтарын қамтамасыз етіп, олар алаң үстінде жан-жақты үстемдік құруға көшті. Осыдан бастап олардың қарсы қапталға жасаған әрбір шабуылы қауіпті бола түсті. Сол жорықтардың пәтінде меймандар айып алаңы ішінде Жуниор Кабананга әдемі мүмкіндікті пайдалана алмады. Ал қауіпті допты шотландтардың қорғаушысы қақпа сыртына қарай теуіп жіберіп, жағдайды дұрыстады. Осы үшін Патрик Твумаси берген бұрыштама добын Юрий Логвиненко басымен ұрып, қақпаға кіргізіп, торды бір серпілтіп тастады. Астаналықтар бұдан кейін де есепті ұлғайтудың бірнеше мүмкіндігін пайдалана алмады. Мәселен, айып алаңы ішінде қақпашымен қарама-қарсы келген Азат Нұрғалиевтің ұрған добын голкипер Крейг Гордон әрең қайырып, бұрыштамаға қарай жіберді. Мұның соңынан біздің жерлестеріміз тағы бірнеше рет бұрыштама беру құқығына ие болды. Бірақ солардың басым көпшілігінде Твумаси допты дәл алдыңғыдай етіп қақпа алаңына қарай жеткізіп бере алмай, олар қонақтар қорғаушыларының оңай олжаларына айналып кетіп жатты. Екінші таймның бас жағында астаналықтар басым көрінгенімен, қонақтар ойнай келе, біраздан кейін алаңдағы жағдайды теңестіре алды. Сол мезеттерде олар батыл шабуылға да шыға бастады. Солардың бір сәтінде глазголықтар 78-минутта жауап доп соғып, таразы басын теңестіріп те кетті. Алдымен біздің қақпа алаңына сол қапталдан кірген Патрик Робертс төрт бірдей ойыншымызды алдап өтіп, допты артқа, алаң ортасына қарай жөнелтті. Оған жұрттың бәрінен бұрын жеткен Ли Гриффитс тоқтатпастан қақпаға қарай тепті. Өзінің сол бүйірі жағынан зу ете қалған сол допқа Ненад Эрич тосқауыл қоя алмады Гол! Есеп осылай теңесті. Бұдан кейін «Астана» жайдақ атқа қонып, тағы біраз қарсыластар алаңына қарай жөңкіле ұмтылды. Сол мезеттерде бірнеше рет алға шығудың мүмкіндіктері болды. Бірақ біздің футболшылар одан тиімді нәтиже шығара алмады. Матчтың соңғы секундтарында Марин Аничич дәл сондай керемет мүмкіндікті босқа жіберіп қойды. Енді «Астана» мен «Селтик» арасындағы қарымта матч 3 тамыз күні Глазгоның «Селтик Парк» стадионында өтеді. «Астанаға» келесі кезеңге өту үшін қалайда жеңіске жету немесе 2:2 және одан да ірі есептермен тең ойнау керек. Ал ойын тағы да 1:1 болып аяқталса, онда негізгі матчтан кейінгі экстра-таймға кезек беріледі. Мұнда да жеңімпаз анықталмаса, пенальтилер сериясы белгіленеді. Осы жұптың жеңімпазы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өту жолында күресетін болады. Ұтылған команда Еуропа лигасында жарыс жолын жалғастырады. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ https://youtu.be/nrU04TTcaYA