Қазақстанның монополияға қарсы комитеті Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Бәсекелестік жөніндегі комитетіне қатысушы ретінде қабылданды. Дауыс беру 2016 жылғы 17 маусымда өтті. Қазақстанның бәсекелестері соңғы кезеңде Хорватия және Филиппин болды.
Қазақстан Орталық Азияда Бәсекелестік жөніндегі ЭЫДҰ комитетінің мүшесі болған алғашқы ел болып табылады.
Қазақстанның ЭЫДҰ-ның бәсекелестік жөніндегі комитетіне кіруі озық тәжірибені иелену және үздік бәсекелестік практикаларын енгізу, әлемнің аса дамыған елдерімен интеграцияны күшейту мүмкіндігін ашады. ЭЫДҰ қолда бар орасан зор зерттеу және талдау материалдарына шексіз қол жеткізу ықтимал қателіктерді болдырмауға және монополияға қарсы реттеу жүйесін реформалау процесін жеделдетуге мүмкіндік береді.
Бәсекелестік жөніндегі комитетке қатысушы мәртебесі – монополияға қарсы органның жоспарлы жұмысының нәтижесі. Монополияға қарсы комитет Бәсекелестік жөніндегі комитеттің барлық талаптары мен ұсынымдарын қабылдайды.
Тұтастай алғанда ұйымға 35 мемлекет кіреді, олардың көбі – ЕО мүшелері: Германия, Швеция, Швейцария, сондай-ақ АҚШ, Жапония, Австралия. ЭЫДҰ-ға мүше мемлекеттердің әлемдік ІЖӨ үлесі 60%-ға жуық.
Қазақстанның Бәсекелестік құқық және саясатқа шолу нәтижелері (Шолу) ЭЫДҰ-ға алғаш рет 2015 жылғы қазанда Париж қаласында ЭЫДҰ-ның Бәсекелестік жөніндегі жаһандық форумында таныстырылды, шолу бойынша ресми баяндама үстіміздегі жылғы 25 мамырда IX АЭФ-та ұсынылды, онда ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанды бәсекелестік заңнамасы қарқынды дамып отырған елдердің қатарында атады.
Әлемдік үдерістерді ескере отырып, Қазақстан үшін жаһандық экономиканы қалыптастыруға әсер ететін осы ұйымның бір бөлігіне айналу өте маңызды.
«Егемен-ақпарат»