Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің биылғы жылдың алты айында атқарған жұмыстарын есепке алар болсақ, бюджеттің кіріс бөлігі анағұрлым ұлғайып, межеленген міндеттердің асыра орындалғанын байқауға болады. Әйтсе де, бүкіл әлемді шарпыған дағдарыс салқыны Қазақстанға әсерін тигізбей қойған жоқ. Импорт пен экспорттың ара-салмағы әжептәуір төмендеді.
Біз Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары бойынша жұмыс жасап жатқан облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Алтынсары ҮМБЕТӘЛИЕВТЕН өзімізді мазалаған сұрақтарға жауап алған едік.
– Өздеріңіз де анық байқағандай, бүкіләлемдік қаржы дағдарысы импорт пен экспортқа едәуір әсерін тигізді. Мәселен, өткен жылдың алты айында сыртқы тауар айналымы 1 млрд. 340 млн. доллар болса, биылғы жылдың осы мерзімінде 759,2 млн. доллар ғана болды. Тауар айналымының азаюы импорт пен экспорттың төмендеуін көрсетеді. Экономикалық дағдарысқа байланысты тауарлардың экспорты 271 млн долларға төмендеген. Сонымен қатар, мұнай және мұнай өнімдері, ұн, өсімдік майы, цемент, қара металл және трансформаторлардың экспорты да едәуір азайған.
Бұл, әрине, Қазақстанның басына түскен экономикалық қиындық емес, әлемдегі барлық мемлекеттерде орын алып жатқан жағдай.
Атамыз қазақ «орнында бар оңалар» дейді. Бұл уақытша қиындық та өтер, мемлекетіміздің әбден кемелденген кезін де көреміз. Ол үшін бәріміз Елбасының төңірегіне топтасып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратындай іс-қимыл жасауымыз керек.
Бүгінгі таңда жалпы облыс бойынша кеден бекеттері 11087 тауар декларацияларын ресімдеді. Қаржы министрлігі бекіткен стратегиялық жоспарға сәйкес импорт – 7 сағатта, экспорт 2 сағатта ресімделуге тиіс. Департамент тарапынан бұл талап орындалуда және үнемі бақылауға алынады. Нәтижесінде импорт ресімі орта есеппен 3 сағат 50 минутке, экспорт 37 минутке жеткізілген. Бұл дегеніміз, бизнес өкілдеріне қолайлы, оң нәтиже деп айтуға болады.
– ОҚО аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте департаменттің салық түсімі бойынша жақсы нәтижелерге жеткендігі айтылды. Осы бағыттағы жұмыстарыңызды айтып беріңізші?
– Мемлекеттік кірістер органдарының негізгі қызметі – мемлекет қазынасын толтыру. Департамент ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығына қойылған міндеттерді абыроймен орындады. Барлық деңгейдегі бюджеттер бойынша болжамдар асыра орындалды.
– Соңғы уақыттары жалған кәсіпкерлік деген жауыннан кейінгі шығатын саңырауқұлақтай көбейіп кетті. Экономикалық тергеу саласы сіздердің департаментке тиесілі. Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздің маңызды қақпасы саналады. Жастарымызды жегі құрттай кеміріп жатқан есірткіні саудалаушылар шекарадан тесік табуға тырысады. Осы бағыттар бойынша қандай іс-қимылдар атқарып жатырсыздар?
– Өкіншке қарай, мемлекет және Үкімет тарапынан барлық жасалынып жатқан қолдауды дұрыс түсінбей, заң бұзушылыққа жол беретін жауапсыз бизнес өкілдері де арамызда баршылық. Соның дәлелі, есепті кезеңде экономикалық тергеу қызметінде жалған кәсіпкерлік саласындағы қылмыстық істердің саны 244-і құрап отыр. Оның ішінде бүгінгі таңда 45 қылмыстық іс өндіріспен аяқталған. Нақты айтқанда, 31 қылмыстық іс сотқа жолданды, 14 қылмыстық іс ақталатын негіздермен өндірістен қысқартылды.
Бюджет саласындағы бағытты алатын болсақ, ағымдағы жылдың басынан жалпы 58 қылмыстық іс тіркелген. Өндіріспен аяқталған қылмыстық істер бойынша бюджетке 584,2 млн.теңге залал келтірілсе, бұл қаражат толығымен бюджетке өндірілді.
Ағымдағы жылдың басынан жалған кәсіпкерлік белгілері бар мекемелердің мемлекеттік тіркеулерін жою үшін жолданған құжаттардың ішінен сот органдары 33 мекеменің мемлекеттік тіркеулерін заңсыз деп таныды. Сондай-ақ, 31 мекеменің 1531 мәмілелерін 3,3 млрд. теңгеден астам сомаға жарамсыз деп тану үшін сотқа талап-арыз жолданды. Осының ішінен 15 мекемеге қатысты мәмілелер сот шешімімен жарамсыз деп танылды. Бүгінгі таңда мемлекетке келтірілген залалды өндіру жұмыстары жүргізілуде.
Біздің қызметіміздің басым бағыттарының бірі есірткі заттарының заңсыз айналымын анықтау болып табылады. Атқарылған жұмыстардың қорытындысымен ағымдағы жылдың басынан 20 қылмыстық іс қозғалып отыр. Негізгі құқық бұзушылық, – шекара арқылы Өзбекстан Республикасына есірткі заттарын алып өту. Анықталған деректер бойынша 19 тұлға ұсталған, олардың 13-і Өзбекстанның азаматтары болса, 6-уы Қазақстанның азаматтары.
Мысалы, биылғы 21 қаңтарда «Жібек жолы» кеден бекетінде Қазақстан Республикасының азаматы Д.Сулпатаев 57 грамм «марихуана» есірткі затын 12 дана сіріңке қораптарына салып алып өтпек болған кезде ұсталған. Сот үкіміне сәйкес аталған азамат 7 жыл бас бостандығынан айырылды.
Жалпы, атқарылған жедел іздестіру іс-шаралары барысында 517 грамм есірткі заттары тәркіленді. Заң бұзған 13 жеке тұлға бойынша сотпен үкімдер шығарылды, ал қалған 6 қылмыстық іс сотта қаралу сатысында. Экономикалық контрабанда және кеден саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша 19 қылмыстық іс қозғалды.
– Алтынбек Дүйсенбекұлы, Қазақстанның әрбір азаматы өзінің дүние-мүлкі жөнінде келер жылдан бастап толық есеп береді. Мүлікті жария етудің жаңа толқыны осы декларация алдындағы соңғы дайындық сияқты. Бұл жұмыстар қаншалықты нәтиже беріп жатыр?
– Заманның әр иірімінде жас тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа қалыптасып жатқан кезеңінде түйені түгімен жұтқандар да болды. Енді ондай сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі бизнеске есік қатты жабылады.
Жалпы, «100 нақты қадам» аясында, 2017 жылдан бастап кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларациялау басталады, бірінші кезекте декларацияны мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, соттар, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайланған тұлғалар, Ұлттық банк пен ведомстволар қызметкерлері, квазимемлекеттік секторда басқару функцияларын атқаратын тұлғалар және олардың жұбайлары, ұлттық басқару холдингі, ұлттық холдинг және ұлттық компаниялардың қызметкерлері тапсырады. Ал, екінші кезекте, 2020 жылдан бастап декларацияны басқа қалған жеке тұлғалар тапсырады.
Елбасының салиқалы саясатының арқасында, халықты жалпыға бірдей декларациялауға дайындау мақсатында, елімізде үшінші рет мүлікке рақымшылық жасау акциясы өткізілуде. Мүліктер мен қаражаттарға рақымшылық жасау мерзімі осы жылдың соңына дейін ұзартылғаны баршаға мәлім.
Мемлекеттік кірістер департаменті мен облыс әкімдігі мүлікті жария етуге байланысты бірлескен медиа-жоспар құрып, халық арасында кеңінен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде облыс бойынша жергілікті атқарушы органдарда құрылған комиссиялар жалпы сомасы 64,0 млрд.теңгені құрайтын 6952 өтініш қабылдады.
Жыл басынан облысымыздың 146 азаматы 14,2 млрд.теңге көлемінде ақша қаражаттарын жария етті. Ал, мемлекеттік кірістер органдары тарапынан бүгінгі күнге Қазақстан Республикасынан тыс орналасқан жылжымайтын мүліктер бойынша 328,4 млн. теңгені құрайтын 19 өтініш бойынша рақымшылық жасалынды.
Мүлікті жария ету акциясы халыққа қолда бар мүлікті жария етіп, заңды айналымға енгізуге мүмкіндік береді. Сондықтан, жалпыға бірдей декларациялау алдында осы мүмкіндікті толығымен пайдалану қажет.
Мүліктері мен табыстары туралы мәліметтер жалпыға бірдей декларациялауға қажет болатынын ескерсек, мүліктерін жария ететін азаматтардың саны көбейеді деген ойдамыз.
Халықты жалпыға бірдей декларациялауға дайындаудың тағы бір бағыты, «көлеңкелі экономиканың» пәрменді саласының бірі қолма-қол есеп айырысу тәртібін ретке келтіру болып табылады. Осы мақсатта бюджетке тиесілі салық және басқа да төлемдердің толық түсуін қамтамасыз етудің басты құралы – онлайн режімінде деректерді жолдауға мүмкіндігі бар бақылау-касса машиналарын қолдануды енгізіп жатырмыз.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындаған міндеттерді іске асыруға барлық мемлекеттік қызметкерлер халықпен бірлесе атсалысуы керек. Біздің бірлесіп атқарып жатқан жұмысымыз – мемлекеттің және елдің мүддесі. Ол баршамызға ортақ іс.
Әңгімелескен
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы