• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
28 Шілде, 2016

Ұлт рухын көтерген

493 рет
көрсетілді

Кеше Астанадағы Қазақстан Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Халық қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры, ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің 70 жасқа толуына орай мерекелік шара өтті.   Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің мерейтойына арналған жиын­ды ашқан Қорғаныс министрі Иманғали Тас­мағамбетов бірінші кезекте Қазақстан Рес­­пуб­ликасының Президенті – Қарулы Күш­тер­дің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мерейтой иесіне арнаған құттықтау хатын оқып берді. «Құрметті Тоқтар Оңғарбайұлы, 70 жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын. Сіз хал­қымыздың біртуар, мақтан тұтар даңқты ұл­да­рының бірісіз. Жастай қиын да қатерлі әскери ұшқыш мамандығын меңгеріп, бойыңыздағы та­биғи дарыныңызбен және ержүректілігіңіздің арқасында осы салада тамаша табыстарға қол жеткіздіңіз. Сіздің есіміңіз космонавтиканың тарихына қазақ халқының ғарыш көгіне көтерілген тұң­ғыш өкілі ретінде енді. Еңбектеріңіз бұрынғы Кеңес Одағы мен егемен еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградаларымен атап өтілді. Жауапты мемлекеттік қызметтер атқарып, Парламент депутаты болып сайланып, еліміздің Тәуел­сіздігін нығайтуға өз үлесіңізді қостыңыз. Сізге мықты денсаулық, отбасыңызға амандық пен құт-береке тілеймін. Ұзақ та бақытты өмір сү­ріп, халқымыздың қошеметіне бөлене беріңіз, тойы­ңыз тойға ұлассын», – делінген құттықтау хатта. Одан әрі Иманғали Тасмағамбетов батыр ұлдың ерлікке толы өмір жолы, еліне сіңірген еңбегі тұрғысында кеңінен әңгімелеп берді. Бұрынғы Кеңес Одағының, Ресей мен Еу­ро­одақ елдерінің ұшқыш-ғарышкерлері, Қазақ­стан әскери авиациясының ардагерлері, еліміздің Әскери-әуе күштерінің қолданыстағы ұшқыштары, Ақмола өңірлік гарнизонының әскери қызметшілері қатысқан шарада Кеңес Одағының Батыры, сынақшы-ұшқыш, полковник, 6 мәрте авиациялық рекорд орнатқан Георгий Мосолов, Тоқтар Әубәкіровтің командирі, Кеңес Одағының Батыры, кеңестік және ресейлік ұшқыш-ғарышкер Александр Волков, МИГ-29 және МИГ-29М ұшақтарының бас конструкторы Валерий Новиков, жазушы, М.Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Сәбит Досанов, мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әб­дікәрімов және басқалар сөз сөйлеп, қазақтың батыр ұлына ізгі тілектерін жеткізді. Жиын барысында мерейтой иесінің құрметіне орай еліміздің эстрада жұлдыздары өз өнерлерін ұсынды. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»