• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2011

Халықаралық құжаттар қолдау тапты

371 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт То­қаев­тың төрағалығымен палатаның кезекті пленарлық оты­рысы болды. Онда бірқатар халықаралық заңдық құжаттарды ра­тификациялауға арналған заң жобалары қаралды. Алдымен депутаттар Жоғарғы Сот судьясы қызметіне Сайлаубек Әбілдаұлы Жәкішевті сайлау туралы Президент ұсынысын қарады. Судьялықтан үміткерге бір ғана сұрақ қойылды, оған дұрыс жауап берілді. Сондықтан да депутаттар оның кандида­ту­расын лайық деп тапты. «1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашылған Жол белгілері мен сигналдары туралы конвенцияны толықтыратын Еу­ро­палық келісімді ратификациялау туралы» және «1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашылған Жол белгілері мен сиг­налдары туралы конвенцияны то­лық­тыратын Еуропалық келісімге Жол таңбалары туралы хатта­маны ратификациялау туралы» заң жобалары бірауыздан қа­был­данды. Келісім мақсаты – жол жүрісі қағидаларын бір ізге түсіру, жол жүрісі қауіпсіздігінің жоғары деңгейі мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету. Аталған заңдық құжатты бекіту жол жүрісін ұйымдастыру са­ласындағы талаптарды халық­ара­лық стандарттарға сәйкес­тен­ді­ру­ге ықпал етуі тиіс. Ал хаттама болса, жол таңбаларына қатысты қағидаларды бірдейлендіруге мүм­кіндік береді. Келтірілген мәліметтерге қарағанда, әлемде жыл сайын жол апатынан 1 миллионнан астам адам қаза тапса, 50 миллионы әр түрлі деңгейдегі дене жарақаттарын алады екен. Елімізде соңғы 10 жылда 122 мың жол-көлік оқиғасы тіркелгені, онда 25 мың адамның өмірі қиылғаны, тағы 151 мыңнан ас­тамының түрлі жарақаттар алған­дығы да көлденең тартылды. Еліміз бен көршілес Қырғыз­стан үкіметтері арасындағы Астана мен Бішкек қалаларында екі ел елшіліктерінің қажеттіліктері үшін ғимараттар мен жер учаскелерін өзара өтеусіз пайдалануға беруге қатысты келісімді ратификациялау туралы заң жобасы бір­ауыздан депутаттар қолдауына ие болды. Заң жобасы бойынша қо­сымша баяндама жасаған Халық­аралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мү­шесі Өмірбек Байгелди  ендігі жер­де елшіліктерге қажетті жер телімдері мен ғимараттарды са­тып алғаннан гөрі, оларды ауысу арқылы жүзеге асырса, деген ойын ортаға салды. Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Ақылбек Күрішбаев қыс­қаша баяндама жасап өтті. Заң жобасы «2009 жылғы 11 жел­тоқ­сандағы Кеден одағының ветери­нарлық-санитарлық шаралар жө­нін­дегі келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» деп аталады. Хаттама мақсаты ветеринариялық ба­қы­лауға жататын тауарлармен халықаралық саудадағы әкімшілік кедергілерді жою, рұқсат беру фун­кцияларын жеңілдету және тағысын тағылар. Осы ретте ба­қылаудағы тауарларды өндіруді, қайта өңдеуді және сақтауды жү­зеге асыратын ұйымдар мен тұл­ғаларға бірлескен тексерістер жүргізу мүмкіндігі беріліп отыр. Заң жобасы толықтай қабыл­данды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.