• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
28 Шілде, 2016

Бокс. Қазақстан құрамасы Олимпиадаға аттанды (фото)

763 рет
көрсетілді

[caption id="attachment_53496" align="aligncenter" width="560"] Қазақстан ұлттық құрама командасы Олимпиадаға дайын[/caption] Бүгін Астананың таңы арайлап ата бастағанда қаланың халықаралық әуежайына халық лық толды. Әуежайға жолымыз түссе, халықтың көп болатынын көріп жүрміз ғой. Ал бүгін таңертең әуежайға жиналған жұртшылық тіптен көп болды. Ине шаншар орын болған жоқ. Кеше редакцияға Қазақстан бокс федарациясы ұлттық құрама команданың Атлант мұхитының ар жағындағы Оңтүстік Америка құрлығының тең жартысын алып жатқан Бразилия еліне аттанатыны туралы хабарлаған болатын. Соны ескеріп, әуежайға біз де жетіп бардық. Халық боксшыларды Бразилияға шығарып салуға түн ауа жинала бастады. Шамамен сағат 02.30 минут кеткенде әуежайға боксшылар келіп, жанкүйерлермен кездесті. Кездесуде олар туған-туыстарымен, жанкүйерлермен суретке түсіп, журналистерге сұхбат берді. Ал сағат 05-тен 55 минут кеткенде Қазақстанның ерлер және әйелдер құрама командасы KL-0405 рейсімен Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласына ұшып кетті. Биыл еліміздің бокстан ұлттық құрама командасы алғаш рет толығымен төрт жылда бір айналып келетін дүбірлі додаға қатысады. Олимпиадада ерлер құрамасында Біржан Жақыпов (49 кг), Олжас Сәттібаев (52 кг), Қайрат Ералиев (56 кг),  Берік Абдрахманов (60 кг), Абылайхан Жүсіпов (64 кг), Данияр Елеусінов (69 кг), Жәнібек Әлімханұлы (75 кг), Әділбек Ниязымбетов (81 кг), Василий Левит (90 кг) пен Иван Дычко (+91 кг) күш сынасады. Ал әйелдер құрамасы үш салмақтың екеуінде шаршы алаңға шығады. Бұл сынға елімізден Жайна Шекербекова мен (51 кг) мен Дариға Шәкімова (75 кг) қатысады. Ерлер құрамасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов бізбен әңгімелесіп, Астанадағы оқу-жаттығу жиынының ойдағыдай, жоспарлы түрде өткенін атап өтті. «Жаттығулардың бәрі жақсы өтті. Мемлекет боксшылардың Олимпиадаға дайындығына барлық жағдай жасады. Сондықтан біз тек медаль үшін ғана бара жатырмыз», деді ол.  Команда биылғы Олимпиадаға да қазы-қарта, жал-жая апара жатыр екен. Мырзекең соны да айтты. «Бұл тағамдар жарыста қазақ боксшыларына күш-қуат береді. Жарысқа ет, қазы-қартаны апару дәстүрге айналған», дейді бас жаттықтырушы. Ұлттық құраманың 90 кило салмақтағы боксшысы Василий Левит те еліміз үшін Олимпиаданың сәтті өтетініне сенімді. Ол Олимпиада алдында екі оқу-жаттығу жиынының болғанын, енді Бразилияғы барғанда тағы бір жиын өткізетіндерін айтты. «Олимпиада  – үлкен жарыс. Ал жарыста жақсы өнер көрсету үшін ештеңеге уайымдамау керек. Мен ештеңеге уайымдап жатқан жоқпын. Сондықтан бәрі жақсы болады», деді ол бас бармағын көрсетіп. Олимпиадаға әйелдер құрамасы да жақсы көңіл-күймен аттанды. Мысалы, екі лицензияның біреуін жеңіп алған Дариға Шәкімова жарысқа тек жеңу үшін ғана бара жатқанын жасырмады. «Алдағы жекпе-жектер туралы ештеңе айта алмаймын. Өйткені, бұл спорт. Ал спортта барлығы болады. Қарсыластарымның бәрін білемін. Шаршы алаңда барлығымен кездескенмін. Ең басты қарсыласым – Олимпиада чемпионы, әлемнің екі дүркін чемпиорны америкалық Кларесса Шилдс. Марина Вольнова маған: «Ештеңеден қорықпа. Бүкіл ел сендерге қарап отырады. Өзіңе сен. Сенің қолыңнан бәрі келеді», деп біраз сөздер айтып, қайрат қойды. Осы сөздерден кейін мен жеңілмеуім керек», деді Дариға. Халықаралық бокс қауымдастығының кестесі бойынша Олимпиада спорттың осы түрінен жекпе-жектер 6 тамыз күні, ал жартылай финалдық кездесулер 12 тамызда басталады. [caption id="attachment_53497" align="aligncenter" width="560"] Әуежайға Абылайхан Жүсіповты шығарып салуға белгілі жаттықтырушы Александр Стрельников (сол жақтан төртінші ) пен Олимпиада және әлемнің екі дүркін чемпионы Серік Сәпиев (сол жақтан бесінші) келді[/caption] [caption id="attachment_53498" align="aligncenter" width="560"] Солдан оңға қарай боксшылар Жайна Шекербекова, әйелдер құрама командасының аға жаттықтырушысы Вадим Присяжнюк, Дариға Шәкімова мен ұлттық құраманың жаттықтырушысы Қайрат Манашев[/caption] [caption id="attachment_53499" align="aligncenter" width="560"] Мырзағали Айтжанов: "Олимпиадаға қазы-қарта, жал-жая апара жатырмыз. Бұл біздің команданың дәстүріне айналған"[/caption] [caption id="attachment_53500" align="aligncenter" width="560"] Қайрат Ералиев пен Олжас Сәттібаевтің көңіл-күйі жақсы[/caption] [caption id="attachment_53501" align="aligncenter" width="560"] Біржан Жақыпов: «Олимпиадада бар күшімді саламын»[/caption] [caption id="attachment_53502" align="aligncenter" width="560"] Жайна Шекербекова жанкүйерлердің қолдауына риза[/caption] [caption id="attachment_53503" align="aligncenter" width="560"] Жүлдеге үміткердің бірі Жәнібек Әлімханұлы[/caption] [caption id="attachment_53504" align="aligncenter" width="560"] Василий Левит: «Жарыста жақсы өнер көрсету үшін ештеңеге уайымдамау керек. Сондықтан бәрі жақсы болады»[/caption] [caption id="attachment_53505" align="aligncenter" width="560"] Ұлттық құрама команданың капитаны Данияр Елеусінов туған-туыстарымен[/caption] [caption id="attachment_53506" align="aligncenter" width="560"] «Рейске тіркелу басталды. Олимпиададан алтын жүлделермен келеміз»[/caption] Дастан КЕНЖАЛИН Фото: Қазақстан бокс федерациясы