• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
30 Шілде, 2016

Бизнес идеялар қаржыландырылады

841 рет
көрсетілді

Елімізде жастардың кәсіп ашуына, өзіндік идеяларын жүзеге асыруына жаңа мүмкіндік пайда болды. Ол былтырғы жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан – «Startup Bolashak» жобасы. Аталған байқауға Қазақстанның 18-29 жас аралығындағы жас буын өкілдері, сонымен бірге, жобалық топтар қатыса алады. Осыған орай Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында жобаның биылғы жоспары талқыланып, талап-ережелері түсіндірілді. – «Startup Bolashak» бизнес байқауының екінші маусымындағы жүлде қоры 30 миллион теңгені құрап отыр. Байқауға қатысу үшін өтініштер 2016 жылдың 23 қыркүйегіне дейін «Даму» қорының барлық өңірлерде ашылған кәсіпкер­лерге қызмет көрсету орталық­тарында қабылданады. Жоба 8 бағытты қамтиды. Олар – бизнес ортасын жақсарту, қоршаған ортаны қорғау, білім беру, денсаулық сақ­тау, қайырымдылық, дене шынық­тыру мен спортты дамыту, мәдени және патриоттық іс-шаралар. Қатысу­шыларға қойылатын негізгі талап – тың, әрі «Қазақстанда жасалған» деген идеяны қалыптастыру», – деді, «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің мүшесі, «Даму» қорының басқарма төрағасы Қуаныш Тілеушин. «Айта кетейік, өткен жылы «Startup Bolashak» бай­қауы­ның бірінші маусымы қоры­тын­дыланып, жеңімпаздар көлемді қаржыға ие болып, өз істерін бас­тап кеткен болатын. Олардың қатарындағы 1-орынды жеңіп алып, 10 млн. тең­гені қанжы­ғаға байлаған Әділет Елеусов «Нейтрон» ғылыми-сауық зертханасын ашса, екінші орынды еншілеген Елдос Баялышбаев 8 млн. теңгеге ие болып, дертке шипа Алакөлде мұқтаж жандарға арналған «Асар» пансионатын ашқан болатын. Ал 3-орын алып, 5 млн. теңгені еншілеген Бақтыгүл Қасымова «Алау» шыны бұйымдарын өңдеу және өндіру шеберханасын қолға алған. Осы жобалардың мақсаты жас буынның зияткерлік әлеуетін арттыру, идеяларын халық арасында насихаттауды жүзеге асыру», – деді ол. Жеңімпаздардың есімдері қара­ша­ның 26-сы күні өтетін биз­нес-жос­пар­лар марафонында белгі­лі болады. Айман МҰҚЫШЕВА