Биылғы жылы 23 шілдеден бастап астық қолхаттары электронды түрге өткен болатын. «Қазақстанның фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әуезхан Дариновтың айтуынша, жаңа тәртіп астық өсірушілердің жұмысын анағұрлым жеңілдетеді және табысын молайтуға да ықпал етеді. Бұл туралы ол кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады.
Әуезхан Дарынов жаңа жүйенің артықшылықтарын бізге төмендегіше түсіндіріп берді.
– Бұрын фермерлер әкелген астықтарының қолхатын алу үшін элеваторға барып, сол жерде тапжылмай күтіп отыратын. Астық түсірген әрбір көлікті есептеп, күн сайын элеваторға баруға мәжбүр болатын. Қазіргі электронды астық қолхатын үйде отырып-ақ алуға болады. Ол үшін керегі интернет пен компьютер, смартфон да жарайды. Бұл – біріншіден. Екіншіден, жұмыс барынша ашық жүргізіледі. Бұрын астық қолхатын қыркүйектен бастап өткізетінбіз. Сосын, оны сату үшін қараша, желтоқсан айына дейін күтетінбіз. Қазір қанша астық тапсырдық, ол қалай сақталып жатыр деген сынды керек мәліметтің бәрін үш күн сайын біліп отырамыз.
Яғни, электронды астық қолхатының арқасында астық өсірушілердің қаншалықты еңбек етсе, соншалықты зейнетін көруге деген мүмкіндігі арта түскен.
Тағы бір айта кетерлігі, астық қолхаттарының «құнды қағаз» деген мәртебесі бар, ол астық иесі қаншалықты астық тапсырса, сонша мүліктік құқығын растайды. Ал ол фермерлер банктен несие алғысы келген жағдайда кепілдік ретінде қолдануға да жарамды.
Арнұр АСҚАРОВ,
«Егемен Қазақстан»