• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Шілде, 2016

Қазақ-түрік лицейлері жұмысын жалғастыра береді

486 рет
көрсетілді

Қазақстан Білім және ғылым министрлігі еліміздегі қазақ-түрік лицейлерінің (ҚТЛ) іс-әрекетіне қатысты өзінің ресми позициясын білдірді. Министрліктің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, республикадағы барлық 27 мемлекеттік қазақ-түрік лицейі бұрынғыша жұмысын жалғастыра беретін болады, онда оқитын оқушылардың ата-аналарына балалары үшін жаңа мектептер іздестірудің қажеті болмайды. «Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлерінің Түркияға ешқандай қатысы жоқ, олардағы оқу саясаты қазақстандық және халықаралық білім беру стандарттары негізінде жасалды. Қазақ-түрік лицейлерінің әрекетіне бақылау жасайтын халықаралық KATEV қоғамдық қоры Қазақстан мен Түркияның президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Тұрғыт Өзалдың қолдаулары арқасында екі елдің білім беру жүйесіндегі екіжақты келісім негізінде құрылды.  Осы жылдарда қазақ-түрік лицейлері оқушылардың жоғары үлгерімін қамтамасыз етіп, еліміздің оқу орындары арасындағы флагманға айналды», - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында. Соңғы үш жылдың ішінде қазақ-түрік лицейцлерінің оқушылары 5327 медальге қол жеткізді, олардың 986-сы Бразилия, АҚШ, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Румыния, Канада, Грекия, Грузия, Германия, Жапония елдерінде өткен халықаралық олимпиадаларда жеңіп алынды. ҚТЛ-да 1 124 оқытушы жұмыс істейді, олардың 1 030-ы Қазақстанның (91,7%), 94-і Түркия азаматтары (8,3%) болып табылады. Білім және ғылым министрлігінің анықтамасында сондай-ақ қазақ-түрік лицейлері қазақ тілінде білім алатын дарынды балалардың облыстық лицей-интернаттары болып табылаытын атап көрсетілген. Биылғы жылы қазақ-түрік лицейлерін 1634 бала бітірді. Олардың орта бағалары 102,3 балды құрады. 2016 жылғы ҰБТ қорытындысында 27 қазақ-түрік лицейі түгел республикадағы 100 үздік мектептің құрамынан орын алды. Қазақ-түрік лицейлеріндегі тәрбие жұмысы Қазақстан Республикасының үздіксіз білім беру тұжырымдамасына, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясына, Қазақстан Президентінің «Қазақстан-2050» Жолдауына сәйкес жүзеге асырылады. «Қазақ-түрік лицейлерінің отандық білім беру саласында өзіндік орны бар және олардың қызметін басқа елдің саяси ахуалына қатысты байланыстырудың қажеті жоқ. Сырттан оларға қысым жасауға ешкім де құқылы емес, олар - Қазақстан мектептері мен Қазақстан азаматтары, - делінген министрліктің мәлімдемесінде.  - Біз ресми түрде мәлімдейміз, ҚТЛ мен «KATEV» қорында өзге елдердің жеке тұлғаларымен, ұйымдарымен және үкіметтерімен ешқандай байланыс жоқ».  Мұрат АЙТҚОЖА