• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2011

18 миллиард теңге мемлекетке қайтарылды

362 рет
көрсетілді

Жемқорлық – індет, жою – міндет Мемлекет басшысының Қазақ­стан халқына арнаған «Бола­шақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында «Сыбайлас жем­қорлықпен бітіспес күрес жү­ріп жатыр. Қазіргі таңда халық­аралық сарапшылардың бағасы бойынша Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы ең тиімділердің бірі деп танылған» деп атап айтылған болатын. Эко­номикалық қылмысқа және сы­байлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Алматы қала­лық департаменті жемқорлық қылмыс­тың жолын кесуде бірқатар ық­палды іс-шараларды жүзеге асы­ру­да. Қалалық департамент қыз­­мет­керлері өткен жылы ұйым­дас­қан үш қылмыстық топты құ­рық­тап, олар жауапқа тартыл­ды. Қыл­­мыстық топты құрып, бір­қатар заң­сыздықтарға барған бұл топ­тың басшысы Пак деген азамат сот шешімімен жеті жылға бас бос­тандығынан айырылды. Сөй­тіп, заңды түрде салық төлеу­ден бас тартып, жалған фирмалар құ­рып, мемлекетке 11 миллиард тең­ге көлемінде залал келтірген ол ­өз қылмысы үшін жауап беруде. Заң талаптарын өрескел бұзу кейбіреулер үшін онша көп қиын­дық тудырмайтын да сияқты. Бұл орайда, Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік фи­лар­мониясының бұрын­ғы дирек­торы Сұлтанғалиев туралы атап айтқан жөн. Кәсіпорын ғимара­тын күрделі жөндеу жұмыстары­на мемлекеттік сатып алу-өткізу барысында ол 86 миллион теңге көлеміндегі мемлекет қаражатын иеленгені анықталып, оның ісі сотқа берілді. Миллионнан астам тұрғыны бар ірі шаһардағы қыл­мыс түрлері де көп. Қылмыстық топ құрған Әуезбекова, Сәбитов және Броникова болса заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, 50 миллионнан астам теңгені қолма-қол ақшаға айналдыру барысында ұсталған. Сонымен қатар олардан он үш жалған фирманың мөрі мен құжаттары да табылды, одан келтірілген залал көлемі – бір миллиард теңгені құрады. Департамент қызметкерлері­нің айтуынша, қылмыспен жүйелі күрес, шағын және орта бизнесті қолдау өз нәтижесін беруде. Мә­се­лен, өткен 2010 жылы Алматы қаласы бойынша 996 қылмыс анықталуы соның айқын айғағы. Атап айтарлығы, олардың жарты­сынан астамы ауыр және аса ауыр қылмыс түрлеріне жатады. 1146 қылмыстық іс сотқа жіберіліп,  қы­л­мыстық іс өндірісі аяқтал­ған­нан кейін, мемлекетке қыл­мыс­тық істерден 18 миллиард тең­геден аса залал өндірілді. Бір құптарлығы, сала басшыларының айтуынша, экономика және қар­жы­лық саладағы қылмыстарды ашу бағытындағы көрсеткіш ал­дыңғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Экономикалық қылмысқа жә­не сыбайлас жемқорлыққа қарсы кү­рес департаменті қыз­меткер­лері, сон­дай-ақ мемлекеттік басқару қыз­­меті мен жекелеген салаларда сыбайлас жемқор­лықпен күреске бағытталған бір­қатар ықпалды іс-шараларды да жүзеге асыруда. Со­ның нәтиже­сінде, оңтүстік астанада 81 жем­қорлық қылмыс, оның ішінде парақорлықтың – 28 және мем­лекет қаражатын тонаудың 25 фактісі анықталды. Бұл орайда, жедел-іздестіру шараларын өткізу бары­сындағы заң бұзушылықтар аз кез­деспейтіндігін атап айтқан жөн. Сондай заңсыздыққа бару­шы­лардың бірі – Алматы қаласы кеден бақылау департаменті «Жетісу» кедендік бекетінің аға ма­маны Жа­қанов 100 мың АҚШ дол­ларын декларация құжат­та­рын­­да көрсетпей ҚР кедендік шекара­сынан контра­бандалық жолмен өткізуге ықпал еткені үшін 1500 доллар сыйақыға алу үстінде құ­рықталды. Пара алу және эконо­микалық контрабанда үшін Жа­қанов төрт жылға бас бостанды­ғынан айырылды. Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.