• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2011

Хосни Mүбәрак отставкаға кетті

370 рет
көрсетілді

Елді 29 жылдан астам уақыт басқарған Египет президенті Хосни Мүбәрак отставкаға кетті. Бұл туралы мемлекеттік телевизия эфирінде Мысырдың вице-президенті Омар Сүлей­ман мәлімдеді. Президенттің кеткені және револю­цияның жеңісі туралы жаңалық Тахрир алаңына жиналғандар ара­сында адам айтқысыз қуаныш туғызды. Аталған алаңға мың­да­ған адам жиналған болатын. Олар: «Бостандық! Бостан­дық! Египет – бостан ел!» деп айқайлады. Вице-президенттің сөзіне қарағанда, кетерінің алдында Мүбәрак елді басқаруды Қарулы күштердің жоғары кеңесіне тапсырған. Жақын арада аталған кеңестің өкілі халыққа теледидар арқылы үндеумен шығады деп күтілуде. Ал Мысыр азаматтары мен Мүбәрак режімі арасындағы қарсы тұрушылық 25 қаңтардан бері жалғасып келгені белгілі. Көптеген бақылаушылар демонстранттар үшін Таяу Шығыстағы аса тұрақты режімдердің бірін тақтан тайдыру мүмкін емес деп есептеген еді. Алайда олардың сәуегейлігі ұзаққа бармады. Ал Мүбәрактің өзі болса, өлсем өз елімде өлемін деп, Мысырдан қашу ниеті жоқ екенін білдіріп отырған көрінеді. Француз дәстүрін құрметтеуі тиіс Франция президенті Никола Саркози жуықта осындай мәлімдеме жасаған. Оның айтуынша, Францияда осы уақытқа дейін үстемдік құрып келген мультикультурализм дәстүрі өзінің негізсіздігін көр­сетті. Ендігі кезекте осы елге тұрақты тұру үшін келген кез келген шетелдік өзін француз ұлтының бір бөлігі ретінде сезінуі тиіс. Бұл елде қыздарға мектепке бару жөнінде тыйым салуға ешкімнің қақысы жоқ. Франция президентінің мұндай мәлімдеме жасауына соңғы кездегі осы елде Араб елдерінен келетін мұсылман азаматтардың саны барған сайын көбейе түскендігі әсер еткен секілді. Франция қала­ларының көшелерінде пәрәнжі киген әйелдер мен көшеде намаз оқу­шы­лар көбейіп кеткен. Себебі, осы елдегі мешіттерге адамдар сыймай барады. Осыған орай  өткен жылдың 10 қыркүйегінде Фран­­ция сенаты әйелдерге қоғамдық орындарда пәрәнжі киіп жүру­ге тыйым салатын­дай заң қабылдаған болатын. Осы заңға сын көзі­мен қараушылар Францияның әрбір адамның ұлттық дәстүрі мен құқы­ғын құрмет­теуші ел екендігін еске алып, бұл заңның осы дәстүрге қайшы екендігін айтса, Франция президенті оған жауап ретінде француздардың келушілердің дәстүрлерін құрметтейміз деп өзінің ұлттық дәстүрі­нен айырылып бара жатқандығын мәлімдеген. Еуропа экономикасына интеграцияланады Еуропалық комиссияның атынан Украинамен келіссөз жүргізу­ші топтың жетекшісі Филипп Куисон Украина мен Еуропа одағы ара­сындағы еркін сауда аймағы туралы келісімге биыл қол қойы­ла­тындығын мәлімдеді. Филипп Куисонның айтуынша, келісімге қол қойыл­ғаннан кейін ол екіжақты ратификациядан өтуі тиіс. Демек, келісімнің нақты іске кірісуіне әлі де екі жылдай уақыт қажет. «2013 жылға дейінгі бұл уақыт Украина үшін өтпелі кезең болып табылады. Осы аралықта біз квота мен тарифтер мәселесін шешетін боламыз» деп мәлімдеді Куисон. Сөйтіп, қазіргі пікірлерге қарағанда, Украина енді бір 10 жылдан кейін Еуропа экономикасына толық интеграцияланатын болады. Ассанжды айыптайтын кітап Жуықта Германияда Wikileaks интернет-порталы мен оның негізін қалаушы Джулиан Ассанжды айыптайтын «Wikileaks-тің іші. Менің жұмысым әлемдегі ең қауіпті сайт» деген кітап жарық көрді. Оның авторы Даниэль Домшайт-Берг Ассанжбен үш жыл қатарынан тізе қосып жұмыс істеп, аталған интернет-порталдың дамуына айтарлықтай үлес қосқан адам. Алайда Домшайт-Берг өткен жылдың қыркүйек айында ин­тернет-порталдағы қызметінен өзі еркімен кеткен. Оның айтуынша, мұндай қадам жасауға Ассанждың барлық билікті өз қолына жинап, басқа­лар­дың еркін пікіріне құлақ қоймағандығы, тіпті айғайға басып, қысым көрсететіндігі, өзін тым өктем ұстайтындығы әсер еткен. «Wikileaks-тен» жалғыз мен ғана емес, басқа да көптеген адамдар кетті. Біз енді өзіміз бірігіп, Openleaks атты жеке сайт «құрдық» деген Домшайт-Берг Ассанждың ақпараттың құпиялығына қарсы шығу арқылы әлем­де үлкен әңгімені бастап берген көзсіз ерлігін мойындай отырып, «ба­ла­ларға қарумен ойнауға болмайды, қару ретінде мен ақпаратты, ал бала ретінде Джулиан Ассанжды айтып отырмын» деген уәжін білдірген. Жалған ақпарат мұнай бағасын көтерді Аталған мәселеге байланысты Сауд Ара­биясы сыртқы істер министрі Бекзада Саул Әл-Фейсал арнайы ресми мәлімдеме жа­сап,                     осыдан бұрын халықаралық баспа­сөзді тарап кеткен осы елдің королінің өлімі жөніндегі ақпаратты теріске шығарды. Оның айтуын­ша, корольдің денсаулық жағдайы жақсы. Морок­ко­дағы емделу курсынан өткен соң қайтадан үйіне оралатын болады. Өткен жылдың соңында 87 жастағы король Нью-Йорк қаласында екі операциядан өткен болатын. Дақпырттың пайда болуына осы жағдай әсер еткен секілді. Тарап кеткен бұл хабар халықаралық сауда биржаларында мұнай бағасының көтерілуіне ықпал етіпті.

Қысқа қайырып айтқанда:

Өзбекстанда осы елдегі жағдайға сын көзімен қараған Ресейдің 5-6 телеарналары жабылған. Олардың қатарында РЕН-ТВ мен ТВЦ каналдары да бар. АҚШ америкалық азаматтардың әлемдік интернет шырмауығына қосылуына қосымша 18 миллиард доллардың қаржысын жұмсамақ. Мұнда қауіпсіздік мәселесі де қарастырылатын секілді. Пенсильваниде газ жарылысынан қаза тапты деген адамдардың саны кешегі күні 5-ке жетті. Осы уақытқа дейін үш адам  қаза тауып, екі адам хабарсыз кетті деп саналған еді. Алайда өрт сөндірушілер енді оларды да өлгендер қатарына қосып отыр.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.