Кеше Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен шет мемлекеттердің дипломатиялық миссиялары мен халықаралық ұйымдарының өкілдеріне арналған брифинг болып өтті. 39 алыс және таяудағы шет мемлекеттердің, Еуропалық одақ пен ЕҚЫҰ Орталығының өкілдері қатысқан кездесу барысында республика Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос Қазақстан Республикасының Президентіне сайлау науқанының барысы туралы хабардар етіп, қойылған сұрақтарға жауап берді.
Ол алдымен Конституцияға және сайлау заңнамасына енгізілген соңғы жаңалықтарды сөз ете келе, олардың Президенттің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру мен өткізу мерзімдеріне қатысты екеніне тоқталды. Осы өзгерістерге сәйкес сайлау тағайындалған күннен бастап 2 ай ішінде өткізіледі. Науқанды заңмен белгіленген мерзімде өткізу үшін кандидаттар мен сайлау комиссиялары үшін барлық сайлау рәсімдері мерзімін қысқарту керек болды. Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясы аумақтық сайлау комиссияларының Президенттікке кандиттарды қолдап, қол жинаған парақтарын тексеру мерзімін 10 күннен 5 күнге дейін және Орталық сайлау комиссиясының кандидаттарға, олардың Конституция мен «Сайлау туралы» Заңда белгіленген талаптарға сәйкестігі анықталған соң, қол қою парақтарын беру мерзімін 5 күннен 2 күнге дейін қысқарту туралы қаулы қабылдады. Брифингтегі сөзін аяқтай келе Владимир Фоос Орталық сайлау комиссиясы барлық сайлау процесіне қатысушылармен, халықаралық ұйымдармен және шетелдік байқаушылармен ынтымақтастықта жұмыс істеуге, науқан барысындағы ағымдағы ақпараттармен жедел ой бөлісіп отыруға әзір екенін білдірді.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.