Кеше Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының ХІІІ съезі болып, онда еліміздің барлық аумақтарынан келген 600-ден астам делегат Қазақстан Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевты алдағы болатын сайлауға президенттікке кандидат етіп ұсынды.
Съезге делегаттардан басқа екі мыңнан астам шақырылған қонақтар келген екен. Олардың ішінде елімізге барынша танымал саясат, қоғам және мәдениет қайраткерлері, шетелдік дипломатиялық миссиялар мен партиялар, халықаралық, жастар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері бар.
Бүгінгі күні «Нұр Отан» ХДП-ға 800 мыңнан астам адам мүше. Олар 6 мыңнан астам бастауыш партия ұйымдарына біріктірілген. Бастауыш ұйымдар партия шешімдерінің жергілікті жерлерде орындалуына күш салуда. «Нұр Отан» ХДП қазір елдегі ең ықпалды, ең белсенді және сенімді саяси күшке айналып отыр.
Сағат тура 10.00 болғанда съезд делегаттары мен шақырылған қонақтар Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевты орындарынан тұрып қарсы алды. Съезд жұмысын партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин ашып, жүргізіп отырды. Съездің жұмыс органдары, жүргізілуі мен күн тәртібі, регламенті бекітілгеннен кейін шешендерге сөз беріле бастады.
Сөзді алғашқы болып Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықов алды. Алдымен ол өткен жылдың соңында Президенттің өкілеттік мерзімін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізуге бастама көтерілгеніне тоқталды. Оның атап өтуінше, еліміздің күншығысынан бастау алып, қысқа мерзімде бүкілхалықтық сипатқа ие болған бұл бастамаға сайлаушылардың тең жартысынан астамы қолдау көрсеткен. Шын мәнінде, мұның өзі ел мен Елбасы еншілес ұғымдар екенін дәлелдейді.
Алайда, Сіз Ата Заңға адалдық пен халықтың қалауы таразы басына түскенде нағыз дана басшыға тән аса парасатты шешім қабылдадыңыз, деді осы жайында шешен. Халықтың шынайы тілегін де ескеріп, Конституцияны да көздің қарашығындай қорғай отырып, өкілеттігіңіздің екі жылға қысқаратынына қарамастан, кезектен тыс сайлау өткізуге шешім қабылдадыңыз. Бұл тарихи шешіміңізбен бізге де, болашақ ұрпаққа да тағылымды өнеге көрсеттіңіз. Осы арқылы біз Сіздің кемеңгерлігіңізге тағы бір куә болып отырмыз. Түптеп келгенде, сайлау мен референдумның екеуі де халық билігін жүзеге асырудың заңды жолы екені белгілі. Екеуі де халықтың еркін таңдау жасауына мүмкіндік береді. Сондықтан қандай жол болсын, таңдау – жалғыз. Ақиқат – біреу. Қазақстан халқы өз болашағын тек Сізбен ғана байланыстырады.
Бұдан кейін делегат елді жарқын болашаққа бастайтын даңғыл жолды Елбасы көрсеткенін, халық сол болашақтың іргесін бірге қалағысы келетінін атады. Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге болу алдағы күнге деген үмітімізді орнықтырып, сенімімізді бекіте түспек, – деді Ерлан Сыдықов. Сондықтан бүгінгі съезде дана да дара басшымыз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «Нұр Отан» ХДП атынан президенттікке кандидат ретінде ұсынамыз. Тағдырлы сәтте таңдау таразысында қателеспеу – бізге серт. Осы ұсыныс залда отырғандардың да, барша қазақстандықтардың да қызу қолдауына ие болатынына сенімдімін.
Астана қаласының әкімі, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының төрағасы Иманғали Тасмағамбетов сөзін Мұстафа Кемал Ататүріктің: «Жерім бүтін деп халқын көбейтіп, мемлекетін көркейткен – міне, нағыз жеңімпаз сол. Ал халық қашанда жеңімпазды таңдайды», деген өсиетінен бастады. Расында, арғы-бергі заманда ел билеп, халық есінде қалған қай билеушінің де тарихтағы ізі осындай қырағы қағидамен бағаланады, – деді қала әкімі. – Кезінде қазақтың санын миллионға жеткізіп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалатқан Қасымның хандығы – бүгінде аңыз. Өз кезегінде, бабаның байтақ жерін бүтіндеп, шекарасын бекіткен, адамын 1,5 миллионға арттырып, алыс-жақын жақтаған, береке-бірлігін сақтаған, саламатты мемлекет құрған Назарбаев заманы арман да, аңыз да емес – айшықты ақиқат. Осынау кемел кезеңнің заңды да заңғар ұранына, тәуелсіздіктің тұмарына айналған Астана да әлем алдында қуатты елдің жұлдызын жарқыратып тұрғандай. «Жүрексіз ер, жұлынсыз бел, астанасыз ел болмас». Жүрек тәнге қан берсе, астана елге жан береді. Ендеше, азат елінің астанасымен мақтанбайтын қазақ бар ма?! Мұндай жүрегім, жұлдызым деп елжірейтін астана қашан болып еді? Иә, бас қала болғанымен, шынайы астана болмады. Тігілген үй болғанмен, ол үйде шалқайып қонақ күтетін күй болмады. Ал бүгін ше?
Қала басшысының тоқталып өткеніндей, бүгінде Астана небір алпауыт мемлекеттердің басшылары ақ босағасынан еңкейіп кіріп, марқайып шығып жүр. Ол да болса, қызығушы пейілдеске де, қызғанушы тілеулеске де қазақты дербес ел ретінде танытып отыр. Тәуелсіздіктің, Елбасының ең маңызды жетістігі де, жемісі де осы. Сондықтан да шешен сөз басында кенже қалған жұртын қуатты, ұрпағын сауатты, келешегін тату-тәтті күнге жеткізген Ататүрікті әдейі атап өтіп отыр.
Иманғали Тасмағамбетов осыған байланысты Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрлері Ллойд Джордждың: «Ғасырлар данышпанды сирек береді. ХХ ғасырда ұлы тұлға түрік ұлтынан шықты. Мұстафа Кемалдың данышпандығына қолдан келер не бар?» және Маргарет Тэтчердің: «Қазақстанның бүгінгі жеңістерін сараласам, қашанда таң қаламын. Назарбаевтың данышпандығы да – осы жеңіске толы жемісті жолды жай ғана кезекті кезеңге балауында. Сөз жоқ, Қазақстанның баянды болашаққа деген үміті тек Назарбаевтың есімімен байланысты», деген пікірлерін келтірді.
Бұл Отанын қалтқысыз сүйген, суығына шыдап, ыстығына күйген түркі дүниесінің қос тарланына әлемнің берген бағасы ғана емес, олардың тағдырлы озмышы, маңдайындағы жазмышы, – деді делегат әрі қарай. Күні кеше Тұңғыш Президент ретінде Сіздің өкілеттігіңізді ұзарту туралы референдум өткізу бастамасы ел ішінде еселеніп, жалпақ жұртымыздың бірауызды жасампаз үніне айналды. Мұның өзі тұтас ғұмырыңызды ел тағдырымен еншілеген өзіңізге деген әз халқыңыздың ыстық ықыласы, биік бағасы. Дәл қазір елдің жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін, мақсат-мұратқа жетелейтін бір-ақ тұлға бар. Ол – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Ертеңгі бір күндік сайлау – көп күндік келешегімізді таңдау болмақ.
Парламент Сенатының депутаты, «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі Қуаныш Сұлтанов Мемлекет басшысы еліміз тәуелсіздігінің алғашқы сәтінен бастап халыққа берген антын қалтқысыз орындап келе жатқанына тоқталды. Президент Н.Ә.Назарбаев тәуелсіз қазақ мемлекетінің іргетасын қалап, негізін салды, – деді сенатор осы туралы. – Туын көтеріп, оны дүниежүзілік қоғамдастыққа танытып, мойындатты, әлемдік дәрежеде сыйлатты. «Нұр Отан» партиясының ұйымдасып, қоғамның ықпалды күшіне айналуы да тікелей партия жетекшісінің саяси қызметінің нәтижесі. Еліміз кешенді реформалардан, түбегейлі өзгерістерден өтті. Адамның, қоғамның санасы өзгерді. Өмірге жаңа ұрпақ келді. Тәуелсіздікті құрметтеу, қастерлеу, қорғау – әрбір азаматтың борышы, парызы екенін қоғам түсінді. Тәуелсіздік, оның қауіпсіздігі – санамызда ұлттық идея болып қалыптасты.
Шешеннің атап өткеніндей, Ұлт Көшбасшысы және партия жетекшісі барлық саяси үдерістерде өзінің нағыз саясаткер екендігін көрсетіп келеді. Өткен 20 жыл ішінде көптеген өміршең бастамалар дүниеге келді. Бұған нақты мысал ретінде сенатор мұнайдан түсетін табыс жинақталған Ұлттық қордың құрылуын және жаһандық қаржы дағдарысына қатысты 2007 жылы дағдарысқа қарсы бағдарламаның қабылдануын келтірді. Осының нәтижесінде елімізде әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасын тапты, жаңа жұмыс орындары ашылды, қоғамда тұрақтылық қамтамасыз етілді. Мемлекет басшысы өткен жылғы және биылғы жолдауларында елді алдағы онжылдықта өркендетудің бағдарламасын белгілеп берді. Әсіресе, әлеуметтік салаларға баса назар аударылғандығы барлық қазақстандықтардың көңілінен шығып отыр. Бұл іс-шаралардың басында «Нұр Отан» партиясы тұрғанын, оны жүзеге асыруға белсене араласатындығын партияның жергілікті жерлердегі филиалдары, сондай-ақ партия мүшелері жақсы біледі.
Тұңғыш Президентіміз, партиямыздың Төрағасы елді ең қиын қайшылықтар мен тұйықтан шығарды. Жақсылық пен жасампаздықты мақсат етті. Ертеңіміздің бүгіннен жақсы болатынына сенім ұялатты. Бүгінгі Қазақстанның келбеті, деп қорытындылады сөзін шешен, жаңа дәуірі – жарқыраған Астанасы, асқақтаған Алматысы, қайта түлеген облыс орталықтары, сайрап жатқан жолдары, өскен өркені – Тәуелсіздік жемісі, Елбасының еңбегі. Сондықтан да Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кандидатурасын «Нұр Отан» партиясының атынан 3 сәуірде өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға ұсынамын.
«Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі, «Қазақмыс» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Ким сөзін Елбасының «алдымен экономика, одан кейін саясат» деген сөзінен бастады. Оның атап өтуінше, Президент Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен Тәуелсіз Қазақстан әлем картасында ойып тұрып орын алды. Еліміз мемлекеттілігін нығайтып, экономиканың барлық салалары қарқынды дамыды. Осылай деген ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарға тоқталды. Сол кездері шахтерлер мен металлургтар да көп қиындықтарды бастан өткерді, деді В.Ким осы жөнінде. Бүгінде соның барлығы артта қалды. Оны біз ұмытпаймыз. Еліміздің Тұңғыш Президенті ел экономикасының дамып, халықтың әл-ауқатының жақсаруына барлық жағдайлар жасады. Елбасы бизнестің кең қанат жаюына әрдайым қолдау көрсетіп келді. Кәсіпкерлер мен бизнесмендерді шенеуніктерден үнемі қорғап отырды. Осының арқасында Қазақстанда шағын және орта бизнес дамыды, онымен айналысушылар қатары еселеп артты.
Владимир Ким бұдан кейін индустриялық-инновациялық бағдарламалардың жүзеге асырылу жайын ортаға салды. Оның айтуынша, индустриялық-инновациялық бағдарламалардың ойдағыдай іске асырылуы ел дамуының болашағы үшін аса қажет. «Қазақмыс» корпорациясы осы бағдарлама аясында бірқатар ірі жобаларды қаржыландыруды қолға алды. Оның көлемі жақын төрт-бес жылда 60 миллиард АҚШ долларына жететін болады. Сонымен қатар, ол «Қазақмыстың» әлеуметтік жауапкершілігіне қатысты да айтып өтті. Бұл корпорацияның басты бағыттарының бірі болып табылады. Корпорация әлеуметтік бағдарламаларға жыл сайын 40 миллион долларға жуық қаржы жұмсап келеді.
Құрметті Президент, Сіз металлургтердің жағдайына баса назар аударып келесіз, деді корпорация басшысы әрі қарай. Қарағанды мен Теміртау қалаларына жиі келіп тұрасыз. Теміртау металлургия зауытында еңбек жолыңызды бастап, шынықтыңыз, шыңдалдыңыз. Бұл Сіздің ең қиын міндеттерді салиқалылықпен шешуіңізге негіз қалады. Сол себепті де металлургтер, барша қазақстандықтар Сізді ерекше құрметтейді. «Нұр Отан» партиясының Сізді президенттікке кандидат етіп ұсыну туралы ұсынысын біз металлургтер және корпорациядағы 40 мың нұротандықтар да қалайды. Біз Сізге әрқашанда сенімді тірек болатындығымызды мәлімдейміз.
Владимир Ким сөзін белгілі саясаттанушы Александр Прардың: «Президент Нұрсұлтан Назарбаев сөз жоқ әлемдік деңгейдегі тарихи тұлға. Ол – Тәуелсіз жаңа Қазақстанның негізін қалаушы», деген сөзімен аяқтады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Алматы облыстық «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасары Атсалим Идигов өз сөзіне негізінен елімізде бекем орныққан этносаралық татулық пен саяси тұрақтылықты арқау етті. Біздің партияның съезі Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдығы қарсаңында өтіп отыр, деді ол. Осы жылдар ішінде кең байтақ қазақ жерінде бейбітшілік пен саяси тұрақтылық, этносаралық келісім берік орнады. Біздің еліміз жан-жақты дамып, әлемдік қоғамдастыққа танылды. Осының барлығына Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігінің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Мен тарихи осы съезде еліміздегі этномәдени орталықтардың атынан сөз сөйлеп тұрмын. Мен қазақ жерінде өскенімді, Қазақстанда ұрпақ өрбіткенімді ерекше мақтан тұтамын. Көпшілік айтатындай, Қазақстан менің екінші отаным емес, Қазақстан менің жалғыз ғана Отаным. Нағыз патриот ол кім? Нағыз патриот қандай болуы керек? Ұлтым басқа болса да, мен қазақпын! Тәуелсізбін, азатпын, мың өліп, мың тірілген, намысын бермеген қазақпын!
Жүрекжарды ойын ерекше тебіреніспен осылайша жеткізген делегат патриотизмге қатысты өзінің сұрақтарына жауап беріп те өтті. Нұрсұлтан Әбішұлы, деді ол, шын жүректен, мақтанышпен осы сөздерді айтатын адам ұлты кім болса да, сол нағыз патриот. Елді, жерді сыйлап, құрметтейтін адам нағыз патриот. Сол адам біздің Президент Нұрсұлтан Назарбаев!
Делегат, сондай-ақ этносаралық татулықты нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясы ерекше рөл атқарып келе жатқанын, Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммиті елімізді бүкіл әлемге танытқанын, Астана Декларациясын қабылдау ұзаққа созылып бара жатқанда, барша қазақстандық бей-жай күй кешкенін айта келіп, Астана Декларациясын қабылдауда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ерекше табандылық танытқанын атап өтті. Еліміздің ұлтаралық татулықтың қазақстандық үлгісіне бүгінде әлем жұртшылығы қызығып отыр. Қазақстанның осы тәжірибесіне Еуропадағы елдер де назар аудара бастады. Сонымен қатар, ол еліміздегі барлық этномәдени орталықтар Н.Ә.Назарбаевты президенттікке кандидат етіп ұсыну туралы «Нұр Отан» партиясының ұсынысына бірауыздан қолдау білдіргендерін жеткізді.
Келесі сөз Парламент Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі «Нұр Отан» ХДП фракциясы жетекшісінің орынбасары Владимир Нехорошевке берілді. Біздің барлығымыздың отанымыз бір. Ол – Қазақстан, деп бастады сөзін делегат. Ұлт болашағына біздер жауаптымыз. Осылай деген ол «Нұр Отан» партиясының съезіне тоқталды. Делегаттың хабардар етуінше, партияның бұл жиыны үлкен саяси белсенділік жағдайында өтіп отыр. Өйткені, қазақстандықтардың басым көпшілігі Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевқа дауыс беруге дайын екендігін білдірді. Тәуелсіздік алғаннан бергі 20 жыл ішінде Қазақстанның қол жеткізген табыстары Нұрсұлтан Назарбаевтың асқан көрегендік саясатымен тікелей байланысты.
Партияның бүгінгі съезінде біздер, делегаттар партияның негізін қалаушы, Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын Қазақстан Республикасының президенттігіне ұсыну туралы тарихи мәселені мақсат етіп отырмыз, деп жалғастырды сөзін шешен.
– Бізде ресурс аса мол, халқымыз жан-жақты білімді. Бұл Ұлт Көшбасшысының тапсырмасымен әзірленген бағдарламаларды, ұлттық индустриялық-инновациялық идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік жасайды. Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын іске асыруға негіз болады.
Бұдан кейін Владимир Нехорошев қазіргі кезде интеграциялық бастамалар ерекше маңызды болып табылатынын ортаға салды. Оның айтуынша, Кеден одағының құрылып, жұмыс істей бастауы, Қазақстанның басқа да өміршең бастамалары – Президент Н.Ә.Назарбаевтың жеке еңбегі. Бүгінде сол бастамалар арқылы өмірге келген жұмыстар өзінің нәтижесін беріп отыр. Парламент депутаттары мен партияның фракциясы Тұңғыш Президенттің партия алдына қандай міндеттер жүктегенін жақсы біледі. Ел тұрғындары партия тапсырмаларының орындалуынан тиісті нәтиже күтіп отыр.
Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданындағы «Ақ бол» балабақшасының меңгерушісі Мәрия Белгібай Тәуелсіздіктен бергі кезеңдерде Қазақстанның қол жеткізген табыстары Мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасы екендігіне тоқталды. Тәуелсіздік туын халықтың қолына ұстатқан бірден-бір дара тұлға – Тұңғыш Президентіміз, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, деді делегат. Сол себепті қазақ халқы үшін Тәуелсіздік пен Елбасы егіз ұғымға айналды. Бас-аяғы 20 жылда 100 жылға татитын тірліктер жасалды. Қазақстан Елбасының кемеңгер де сындарлы саясатының арқасында әлемдік қоғамдастық санасатын іргелі мемлекетке айналды. Осының бәрі халқы үшін аянбай еңбек еткен, түн ұйқысын төрт бөлген Елбасының арқасы.
Мен білім беру саласында 15 жылдан бері қызмет етіп келемін, – деді делегат әрі қарай. Жұмыс барысында сәбилердің ата-аналарымен жиі кездесіп отырамын. Сіздің балаларға деген аялы алақаныңыз бен жылы жүрегіңізді, қамқорлығыңызды олар да сезінуде. Соңғы жылдары Сіздің тікелей тапсырмаңызбен «Балапан» бағдарламасы іске асырыла бастады. Оңтүстік Қазақстан облысында былтыр 176 мектепке дейінгі балалар мекемесі ашылса, ал еліміз бойынша бұлардың саны 500-ге жуықтады. Сіздің жолдауыңызда осы бағыт бойынша нақты жоспарлар бар екені барлық ата-ананы ерекше қуантты. Бес жылдан кейін сәбилеріміздің 74 пайызы, 2020 жылға қарай 100 пайызы мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз етіледі. Міне, бұл мемлекетімізде әлеуметтік мәселелерге баса назар аударылатынын көрсетеді. Біздің қалауымыз – Елбасы, халықтың таңдауы – Елбасы.
Бұдан кейін мінберге «Победа» ЖШС директоры Александр Поляков көтерілді. Делегат Мемлекет басшысының қолдау көрсетуімен агроөнеркәсіп кешенінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды ортаға салды. Оның сөзіне қарағанда, мемлекет агроөнеркәсіп саласын дамытуға 140 миллиард теңге бөлген. Осының нәтижесінде ауыл-село тұрғындары ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын лайықты қарсы алу үшін күш-жігерлерін жұмсау үстінде.
Менің атам да, әкем де жермен жұмыс істеген. Мен бала кезімнен ауыл шаруашылығында еңбек еттім, деп жалғастырды сөзін ол. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қандай қиындықтар болғанын білемін. Ескі ауылшаруашылық техникаларына қажетті босалқы бөлшектер іздеп сарсылғанымыз есімізде. Ал бүгін ауыл еңбеккерлерінің жағдайы жақсарып, ауылшаруашылық техникаларының да түр-түрі көбейгенін көпшілік жақсы біледі. Осының барлығы мемлекеттік аграрлық саясаттың дұрыс жүргізілгенін көрсетеді. Сондай-ақ аграрлық кешенді дамытуға қатысты заңнамалық база да қоса алған ірі жобаларда жүзеге асырылып жатыр.
Сөзінің қорытындысында делегат осының барлығы Тұңғыш Президенттің агроөнеркәсіп салаларына баса көңіл аударып келе жатқандығын көрсететіндігін атап, еліміздің агроөнеркәсіп кешенінде еңбек ететіндердің барлығы Елбасының кандидатурасын қолдауға дайын екендіктерін жеткізді.
Жастар атынан сөйлеу үшін келесі сөз кезегі «Назарбаев Университетінің» студенті Екатерина Пономаренкоға берілді. Мен «Нұр Отан» ХДП ХІІІ съезі сияқты аса маңызды форумда жастар атынан сөйлеу құрметіне ие болғанымды мақтаныш етемін, деп бастады ол өзінің сөзін. Одан әрі Нұрсұлтан Әбішұлының еліміз тәуелсіздігін енді ғана алып, әлеуметтік және экономикалық қиыншылықтарға ұрынып жатқан кезеңінің өзінде «Болашақ» бағдарламасын қабылдатқаны өте көреген шешім болғанын атап өтті. Соның арқасында мыңдаған қазақстандық жас әлемнің ең үздік университеттерінен білім алып келіп, осы күндері Отанымыздың жарқын болашағы үшін еңбек етуде. Осы әрекеттің өзі Сіздің болашағы зор, табысты Қазақстанды құруға белді бекем буғандығыңызды көрсетіп берді, деді Е.Пономаренко.
Одан әрі ол өзі оқитын «Назарбаев Университетінің» жай-күйіне тоқталды. Бұл Сіздің стратегиялық жоспарыңыздың екінші кезеңі болды. Біздің оқу орнымыз қатардағы университет емес, ол – Сіз Жолдауыңызда атап өткендей, жоғары оқу орындарының инновациялық жаңа үлгісін жарақтайтын, бұрын болып көрмеген ұлттық жоба. Соның арқасында бүгінгі күні қазақстандық дарынды жастар, ешқандай алыс жерге бармай-ақ әлемдік стандарттарға сәйкес болатын тамаша білім алуға еліміздің өзінде-ақ қол жеткізді. Солардың қатарынан табылғандығым үшін мен өзімді бақытты санаймын және мұның үлкен жауапкершілік екенін де түсінемін. Өзімнің шетелдік құрбыларыммен, оқытушы және тәлімгерлеріммен араласқанда олар біздің жап-жас еліміздің осы заманғы үздік ғылыми кешенге қалай тез арада қол жеткізгеніне таңырқайтынын байқап жүрміз. Мен «Назарбаев Университетінің» жақын болашақта Гарвард, Сорбонна немесе Оксфорд университеттері секілді еліміздің брендіне айналатынына сенімдімін, деді.
Біздер – барлық жаңарулар мен ұлы көшті бастан кешіп, көзімізбен көрген тәуелсіздіктің құрдастарымыз. Біздің бағытымыз айқын. Ол Қазақстанның ұзақ мерзімді даму стратегиясы. Бұл – Елбасы стратегиясы. Бұл – біздің стратегиямыз. Сондықтан, біздер жастар бар біліміміз бен қайрат-жігерімізді туған ел үшін жұмсауға дайынбыз. Бұл мұратқа біз тек Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жете аламыз. Сондықтан Қазақстан жастары бірауыздан Елбасын қолдайды, деп шешен сөзін мемлекеттік тілде аяқтады.
Құттықтау айту үшін сөз кезегі «Единая Россия» бүкілресейлік саяси партиясының Мемлекеттік думадағы фракциясы төрағасының бірінші орынбасары Владимир Пехтинге берілді. Ол өзінің сөзінде «Единая Россия» партиясының төрағасы Владимир Путиннің құттықтауын оқып берді. Менің «Нұр Отан» ХДП ХІІІ съезіне деген ең ыстық сәлемімді қабыл алыңыздар, деп басталыпты құттықтау. Партияның бұл съезі Қазақстанды одан әрі дамытуға бағытталған және оның алдағы уақытта жаңа саяси көкжиектерді ашуға мүмкіндік беретін айтулы кезең боларына сенімдімін. Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығын табысты атқарып шыққандығы – елдің халықаралық беделінің үздіксіз өсіп келе жатқандығының айғағы. Мен Қазақстаннның ИКҰ-ға төрағалық етуі де соншалықты табысты боларына сенемін, дей келіп одан әрі В.Путин Қазақстан мен Ресей Федерациясы достығы мен татулығының тамыры тереңде екендігіне тоқталып өтіпті. Мұның өзі біздің елдеріміздің халықтарының мүддесіне сай келеді. Өзара ықпалдастықтың тереңдей түсуіне Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік құрылуы үлкен үлес қосады. Одан әрі «Единая Россия» партиясының төрағасы «Нұр Отанмен» достықты жоғары бағалайтынын атап өтіпті. Сөзінің соңында төраға съездің табысты өтуін, ал Қазақстан Республикасына бейбіт өмір мен жасампаздық тілеген.
Құттықтауды оқып берген В.Пехтин өзі тарапынан да бір ауыз сөз айтқысы келетінін жеткізді. Бүгін Қазақстан өзінің одан арғы даму жолын белгілегелі тұр. Біз Қазақстан Президентінің сайлануына ықпал ете алмаймыз, бірақ біз Нұрсұлтан Назарбаевтың сайланғанын қалаймыз, деді ол. Егер бізде мүмкіндік болатын болса, барлық «Единая Россия» партиясының мүшелері заманымыздың ең дүлдүл қайраткері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа дауыс берген болар едік, деп ағынан жарылды.
Сөз кезегі Қытай Халық Республикасы Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Халықаралық бөлімі меңгерушісінің орынбасары Чэнь Фэнсянға берілді. Ол Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы, ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаоның құттықтау хатын оқып берді. Мен Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің және жеке өз атымнан Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізді және «Нұр Отан» партиясы съезінің делегаттарын ХІІІ съездің ашылуымен құттықтаймын және оның жұмысына үлкен табыс тілеймін, делініпті құттықтау хатта. Одан әрі біз «Нұр Отан» ХДП Президент Н.Назарбаевтың басқаруымен елдегі әлеуметтік-экономикалық дамудың ұйытқысы болған зор күшке айналғанын және ол халықтың сеніміне ие болғанын қуанышпен атағымыз келеді делінген. Біз «Нұр Отан» ХДП Қазақстанды одан әрі өркендетіп, қуатты елге айналдыру жолында бұдан да үлкен табыстарға жететініне сенеміз.
Қытай мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастар, халықаралық жағдайлардың өзгеріп тұрғанына қарамастан, 19 жылдың ішінде тек тұрақты даму жолында болды. Тараптар тату көршілік және достық байланыстарды қолдай отырып, стратегиялық өзара сенімді, тиімді ынтымақтастықты тереңдете түсті және халықаралық, аймақтық мәселелерде бір-біріне қолдау көрсетіп келеді. Қытай-Қазақстан қатынастарын сыртқы саясаттағы басым бағыттардың бірі деп үнемі санап келген Қытай Компартиясы мен үкіметі болашақта Қазақстанның халықаралық және аймақтық істердегі рөлінің артуын қолдайды.
Одан әрі шешен Қытай Компартиясы мен «Нұр Отанның» арасындағы достық пен ынтымақтастықтың жақсы қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті. Ұзақ жылдардан бері екі партияның арасындағы өзара түсіністік пен өзара сенім Қытай-Қазақстан қатынастарындағы стратегиялық әріптестіктің мазмұнын байыта түсті. Бұл біздің халықтарымыздың түпкі мақсатына сәйкес келеді, деді ол. Құттықтаудың соңында Ху Цзиньтао Қытай Компартиясы мен «Нұр Отан» ХДП арасындағы өзара достық ықпалдастықты тәуелсіздік, теңдік, сыйластық және ішкі істерге араласпау қағидатының негізінде одан әрі тереңдете түсуге ықыласты екенін жеткізе келіп, Президент пен Қазақстан халқына жақсы тілектер арнапты.
Сөз кезегі Литваның «Литваның халық одағы» партиясының төрайымы Казимире Прунскенеге берілді. Литва тәуелсіздігінің басында болған айтулы қайраткерлердің бірі К.Прунскене өзінің сөзін осыдан 20 жылдан артық бұрын болған КСРО-дағы алғашқы демократиялық қадамдарды, халық депутаттары съезінің жұмысын еске алудан бастады. Сол кезде Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, Орталық Азия республикалары басшыларының арасынан бірінші болып біздің КСРО-дан экономикалық тәуелсіздік алуға ұмтылған бастамаларымызды қолдаған едіңіз, сол үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Артынан, Ресейдегі демократиялық күштермен бірлесе отырып, біз ақыры өз тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Бізден үлгі алған басқа республикалар да тәуелсіздігін алды, соның бірі Қазақстан болды, деді. Одан әрі К.Прунскене Қазақстанның 20 жылда жоғары экономикалық табыстар мен әлеуметтік жетістіктерге жеткенін ауызға алды. Президент Н.Назарбаевтың соңғы Жолдауына тоқталып, онда елді жүйелі жаңғыртудың айқын белдеуі көрсетілгенін атап өтті. Жолдауда мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі мен экономиканың әлеуметтік бағдары айқындалған. Бұл жарқын болашаққа кепілдік беретін жол, деді ол.
Одан әрі шешен Қазақстанның халықаралық саясаттағы табыстарына тоқталып, осы бағыттағы оң істерге ризашылығын білдірді. Сіз бүгін әлемдік ауқымдағы танылған көшбасшы болып отырсыз, деді Н.Назарбаевқа қарап. Егемендіктің жоғары құндылықтарын қастерлей отырып, Қазақстан бүгін жаһандық интеграциялану бастамаларын да белсенді түрде көтеріп келеді. Соның айғағы – Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі және оның 11 жыл бойы өтпеген саммитін Астанада өткізуге қол жеткізуі. Астана Саммиті Ұйымның дамуына жаңа серпін мен қарқын берді. Қазір Ұйымның төрағалығы Литваға көшті және ол Қазақстан көтеріп кеткен жоғары өлшемді әрі қарай жалғастыру ниетінде. Сөзінің соңында К.Прунскене қазір әлемде энергоресурстардың, азық-түліктің қат екенін айтты. Бірақ, деді ол, біз тұрақтылыққа, түсіністікке зәру екенімізді ұмытпайық. Сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаев секілді тұлғалардың ел басқарғаны аса қажет.
Келесі сөз Азиялық саяси партиялар халықаралық конфедерациясының төрағасы Хосе де Венесиаға (Филиппиндер) берілді. Өзінің сөзін ол конфедерацияның жұмысымен таныстырудан бастады. Одан әрі Астана қаласының көркіне, оның даму қарқынының жоғарылығына таңғалысын білдірді. Бұл – Қазақстан лидерінің зор еңбегінің жемісі екендігі айқын. Қазақстан Көшбасшысы елдегі ғана емес, осы аймақтағы тұрақтылық пен тыныштыққа үлкен еңбек сіңіріп отырған лидер. Оның үстіне Қазақстан Еуразия құрлығының ортасында орналасқан. Сондықтан ондағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңызы зор. Бейбітшілік – әрқашан да әлемдік проблема. Сіздің бейбітшілікті сақтау жолындағы бастамаларыңыз әлемдік қоғамдастық тарапынан әлі өзінің бағасын алады, деді.
Ол сондай-ақ Н.Назарбаевтың бірқатар бастамаларын, соның ішінде ядролық қарудан өз еркімен бас тартқандығын атап, жоғары баға берді. Әлем халықтары мен мемлекеттерінің экономикалары бір-бірімен тығыз байланыста. Олардың біреуінде болған проблема басқа жерге де жайылады. Сондықтан да біз Сіздің бастамаларыңызды жоғары бағалаймыз, дей келіп, Хосе де Венесиа Азия саяси партиялары халықаралық конфедерациясының атынан Нұрсұлтан Назарбаевқа «Көрнекті жетістігі мен адамзатқа қызметі үшін» атты өздерінің жоғары наградасын тапсырды.
Осыдан кейін съезд жұмысын жүргізіп отырған партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин партия Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ХІІІ съездің өтуіне байланысты келген құттықтауларды оқып берді. Құттықтаулар Әзірбайжан Республикасының президенті, «Ени Азербайжан» партиясының төрағасы Ильхам Әлиевтен, Түрік Республикасының Премьер-министрі, «Әділеттік және даму» партиясының төрағасы Реджеп Ердоғаннан, Италия Премьер-министрі, «Халық бостандығы» партиясының көшбасшысы Сильвио Берлускониден және басқа да Еуропа мен Азия елдерінің бірқатар басшылары мен саяси партияларының лидерлерінен келген екен. Осыдан кейін жиналыс төрағасы съезд жұмысына 20 минөттік үзіліс жариялады.
Үзілістен кейін бірінші болып VІІ Қысқы Азия ойындарының жеңімпазы, шайбалы хоккейден Қазақстан құрама командасының капитаны Талғат Жайлауов сөз сөйледі. Өзінің сөзін Азиаданы тыңғылықты ұйымдастыра білген басшылардың еңбегі мен жеңіс туын көтерген спортшылардың ерлігін еске алудан бастаған ол бүгінгі күні біздің еліміздің әлемдік жаңалықтардың орталығына айналғанын мақтаныш ететінін атап өтті. Азия ойындары – біздің бүкілхалықтық жеңісіміз болды, ол біздің халқымыздың ұйысуын одан әрі тереңдете түсті, деді ол. Одан әрі қазақстандық спортшылардың бұдан да жоғары шыңдарды бағындыруға мүмкіндігі бар екенін айта келіп, өзінің спорттық жолын енді бастаған жастарға қызығатынын жеткізді. Оларға барлық мүмкіндіктер жасалған, әлемдік спорттық стандарттарға сай жабдықтар мен құралдар, спорт мектептері, бассейндер, хоккей қорапшалары – бәр-бәріне де қолжетімді. Мұндай жағдайлар спортшылардың шеберлігін шыңдай түсуіне мол мүмкіндік береді, деді ол.
Одан әрі, бірде өзі құрамында ойнайтын «Барыс» командасының Челябінің «Трактор» командасымен ойнағанын еске алды. Сол ойында жеңіліп жатқан едік, сол кезде Сіз келіп, бізге жанкүйер болдыңыз. Бұл қамқорлығыңыз бізді қатты жігерлендірді, қорытындысында челябіліктерді жеңіп кеттік. Осының өзінен біз Сізбен бірге бір команда екенімізді сезіндік, деді Т.Жайлауов. Одан әрі «Алтын сапа» белгісін алардағы Сіздің: «Чемпиондар босаңсымауы керек», деген сөзіңізді ешқашан ұмытпаймын. Біздің Қазақстан да көшбасшы, оны да чемпион деуге болады, ендеше, Қазақстанға босаңсымау керек. Әрине, Сіз басқарсаңыз біздің ел ешқашан босаңсымайды. Сіз бізді жаңа жеңістерге жігерлендіріп, жаңа биіктерге жеткізесіз, деп сөзін аяқтады.
Соңғы болып Ауғанстан соғысы ардагерлерінің ұйымдары ассоциациясының төрағасы Бақытбек Смағұл сөйледі. Тәуелсіздігіміздің түндігінде, туған еліміздің кіндігінде, берік шаңырағымыздың бірлігінде Алты Алаштың айбарына, татулықтың қаймағына айналған «Нұр Отан» съезіне жиналған қауым, бүгін ынтымағы жарасқан, бүкіл әлем санасқан, Тәуелсіз ел ретінде шекарасын таспен емес, доспен қоршаған қуатты мемлекетке айналуымыз Елбасымыздың көрегендігінің арқасы, деп ол өзінің сөзін әдемі бастады. Сондықтан да Елбасы, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттіктен үміткер ретінде ұсынылуын барша қазақстандықтар қолдайды. Тәуелсіздігіміздің тұрақтылығын, әрбір отбасымыздың шуақтылығын тілейтін, өз елін сүйетін әрбір патриот Елбасын шын жүректен қолдайды деп сенемін. Одан әрі өзінің басқа отандастарынан жалғыз ерекшелігі – Ауғанстандағы соғысты көргендігі екенін айтты. Снаряд жарылған кезде жолдастарымыздың дене қалдықтарын әр бұтаның түбінен жинап алған кездеріміз де болды. Сондықтан біз бейбіт өмір мен тұрақтылықтың қадір-қасиетін жақсы түсінеміз, деді ол.
Одан әрі шешен әлемдік проблемаларға тоқталып, қазіргі кезде бас көтере бастаған ұлтшылдық, діни, нәсілдік кемсітушіліктер қаптаған қиын замандарда елді жаһандық өзгерістерге жедел бейімдеуге дарыны, қарым-қабілеті емін-еркін жететін біздің Елбасымызға рахмет айтуымыз керек екенін мәлімдеді. Одан әрі Н.Назарбаевтың қазақ халқының жүрегіндегі азаттыққа, тәуелсіздікке деген үміттің ешқашан сөнбегенін айтқан сөздерінен дәйексөздер келтіре отырып, олардың Елбасының өзіне ғана тән дана тұжырымдары екенін атап өтті. Сөзінің соңында біздің бақытымыз да, артықшылығымыз да сол – біздің бір ғана дара, бір ғана дана басшымыз бар. Осындай Президентіміздің маңайына тығыз топтаса білейік, дей келіп, Елбасының президенттікке кандидаттығын қолдауға шақырды.
Осыдан кейін жарыссөздер тоқтатылып, сөз Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді (Президенттің сөзі бөлек беріліп отыр).
Елбасы сөзінен кейін жиналыс төрағасының ұсынысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаевты алдағы болатын сайлауға «Нұр Отан» ХДП атынан үміткер етіп сайлау туралы қаулы қабылданды. Сонымен бірге, «Нұр Отан» ХДП-ның 2020 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы бекітілді. Партияның алдағы 10 жылдық дамуының негізгі бағыттарын белгілеген бұл құжат Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын негізге ала отырып әзірленген екен.
Съезд жұмысының соңында бекітілген күн тәртібіне сәйкес «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесі мен Орталық бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамдары сайланды. Сондай-ақ Саяси кеңес бюросының жаңа құрамы сайланды. Съезд жұмысы «Нұр Отан» ХДП әнұранымен аяқталды.
Қатысушылар лебізі
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:
– «Нұр Отан» халықтық- демократиялық партиясының ХІІІ съезінде алдағы өтетін президенттік сайлауға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кандидатурасының бірауыздан қолдау тауып жатуы заңды да. Халық санасында «Қазақстан – Нұрсұлтан!» деген егіз ұғым әбден қалыптасты деп ойлаймын.
Ел ерімен, ер елімен мақтанатын сәт те келіп жетті. Партия құрылтайында Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы өтетін президенттік сайлауға кандидатурасының бірауыздан қолдау тауып жатуы осының жарқын көрінісі деп айтуға болады. Арғысын айтпағанның өзінде, кешегі ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада дүркіреп өтуі, 7-ші Қысқы Азия ойындарының айшықты көрініс табуы Президент беделінің арқасында сәтімен жүзеге асты. Мұндай халықаралық шаралардың нәтижелілігі еліміз үшін үлкен абырой, биік мәртебе.
Қазақта: «Ырыс алды – ынтымақ» деген қанатты сөз бар. Елдің ынтымағын жарастырып, өзге аз ұлттар өкілдеріне барынша қамқоршы ретінде танылған Нұрсұлтан Әбішұлы олардың да қолдауына ие. Өзге ұлт өкілдеріне сыйластықпен қарай отырып, Елбасы шетелдегі қандастарымыздың көшін атамекенге бұру жайын үнемі назарда ұстап келеді. Бұдан біз дарабоз саясаткердің арыдан ойластыра білетін ерекше қабілетін көреміз. Міне, осы қасиетімен ол елге сыйлы бола отырып, өзгелерді мойындата білді. Сондықтан да, ел басшысына сенеді, сайлауда қолдап дауыс береді деген ойдамын.
Нұртай Сабильянов, Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Президенттік сайлауда «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы атынан кандидат болып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың түсетіні өте орынды. Өйткені, партия Төрағасын ел біледі, халық қашанда өз Президентіне үнемі қолдау білдіріп келеді.
«Нұр Отан» ХДП-ның алдағы он жылға арналған бағдарламасы партия құрылтайы барысында қаралды. Ол партияның алдағы он жылға дейінгі басымдылығы мен міндеттерін айқындап береді. Оның бір ерекшелігі сол, Қазақстандағы 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарымен барынша үйлестірілген. Яғни, бағдарлама тек эконом