Кеше үстіміздегі жылдың 3 сәуірінде өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға қатысу үшін Орталық сайлау комиссиясына өтініш берген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Лингвистикалық комиссияның мүшелеріне мемлекеттік тіл – қазақ тілінен сынақ тапсырды. Ол бір сағаттан астам уақытқа созылды. Мемлекет басшысының сынақ тапсыру нәтижесін Лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков өте жоғары бағалады. «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы атынан сайлауға түскен Нұрсұлтан Назарбаев алдымен «Әлемдік қоғамдастықтағы Қазақстан» тақырыбына шығарма жазса, екінші сынақ бойынша Абайдың қара сөздерін ауызша айтып берді. Үшінші сынақ «Қоғам және демократия» тақырыбына 15 минут сөз сөйлеу болатын. Елбасы бұл тақырыпты барынша кеңірек қамтып, тапсырманы тамаша орындады. Осылайша, Лингвистикалық комиссия мүшелері Елбасы сынақ қорытындысы бойынша қазақ тілін мүлтіксіз меңгерген деген шешімге келді, деді ол. Сондай-ақ комиссия төрағасы М.Жолдасбеков жазбаша тапсырманың өте таза, қатесіз жазылғандығын атап көрсетті. Сынақтан соң журналистерге берген қысқаша сұхбатында Елбасы мемлекеттік тілді меңгеру бойынша өткен сынақты сәтті тапсырдым деп ойлайтынын айтып өтті. Еліміздің Ата Заңы және сайлау туралы Заңына сай, президенттіктен үміткерге қойылатын талаптардың бірі мемлекеттік тілді білу болып табылады. Мен Орталық сайлау комиссиясына сынақ тапсырдым деп есептеймін. Оны комиссия қабылдады. Сондықтан мен бұл сынақтан қайтадан өттім, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Президенттікке кандидаттың мемлекеттік тілді меңгеруі міндетті шарт екендігіне тоқталған Елбасы оларға ұлты бойынша шектеу қойылмайтындығын атап айтты. Президенттікке кандидаттардың ұлтына шектеу қойылмайды. Конституцияның баптарына сәйкес кез келген ұлт өкілдері кандидат ретінде тіркеле алады. Алайда олар мемлекеттік тілді еркін меңгеруі тиіс. Бұл Қазақстанда ғана емес, өзге де мемлекеттерде бар сынақ, деді ол. Мемлекет басшысы сондай-ақ елімізге орыс тілі мен ағылшын тілдерінің қажеттілігіне қысқаша тоқталып өтті. Біз әлемдік мәдениет және білім мен ғылымға тікелей шығу құралы ретінде меңгерген орыс тіліндегі деңгейімізді төмендетіп алмауымыз керек. Өйткені, орыс тілі БҰҰ-да қолданылатын әлемдік 6 тілдің бірі екені аян. Ал біздің балаларымыз жаһанға керек инновация және соңғы технологиялардың тілі – ағылшын тілін білулері міндетті. Бұл тіл әлемде объективті түрде сұранысқа ие әрі қажетті тіл, деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. Лингвистикалық комиссияның шешімі Орталық сайлау комиссиясына тапсырылды. Ал ОСК өз кезегінде алдағы 5 күн ішінде «Нұр Отан» ХДП атынан президенттіктен үміткер ретінде тіркелген Нұрсұлтан Назарбаевты ҚР Конституциясы мен «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сай екендігі туралы шешім қабылдайтын болады. Венера ТҮГЕЛБАЙ.
•
12 Ақпан, 2011
Тілге құрмет – елге құрмет
682 рет
көрсетілді