[caption id="attachment_55010" align="aligncenter" width="560"] epa.eu[/caption]
Жапония сыртқы істер министрлігі Қытайдың Шығыс-Қытай теңізіндегі газ кен орындарын өңдейтін 16 платформасының бірінде радар орнатылғанына наразылық білдірді.
Жапонның Nikkei газеті, сонымен қатар тәуелсіз Kyodo ақпарат агенттігі осы мәселеге байланысты Токионың Бейжіңге наразылық білдіргенін хабарлады.
Tass.ru-дың ақпары бойынша, бұл – соңғы екі тәулік ішінде Жапония тарапынан Қытайға жолданған төртінші наразылық нотасы. Алдыңғы үшеуі Қытай балық аулау кемелері мен күзет катерлерінің Сенкаку даулы аралдарына жақындауына байланысты жіберілген болатын. Аталған аралдардың акваториясын Жапония өзінің аумақтық сулары деп есептейтінін айта кеткен жөн. Сенбі күні бұл аумақта Қытайдың шамамен 230 балық аулау шхунасы (екі немесе одан көп діңгекті желкенді кеме) мен алты кемесі байқалған.
Kyodo агенттігінің Жапония үкіметіндегі дереккөзі платформада орнатылған радиолокациялық құрылғы кеменің жүзіп өту жолын қадағалай алмайтынын және әскери мақсаттарда қолдануға қуаты жетпейтінін мәлімдеген. Ал Nikkei газеті өз кезегінде мұндай құрылғылардың әдетте күзет кемелеріне орнатылатынын және кен орындарын өңдеуде міндетті түрде қолданылатынын атап өтті.
Айдар ӨРІСБАЕВ