• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Ақпан, 2011

Азамат

544 рет
көрсетілді

Мен бұл жігітті алғаш рет «орда бұзар» от­ыздың үстіне шыққан кезінде көргенмін. Алматы үй құрылысы комбинатындағы партия комитеті хатшысының орынбасары екен. Жалындаған жас жігіт туралы сол кезде-ақ жазғым келген. Неге екенін қайдам, жазбадым! Арада жылдар өтті... «Қамал алар» қырық жасында да Мұфтолла Тойбазарұлы Дабыл баяғы алғаш көргендегімнен қылаудай өзгерген жоқ. Ортақ іс, қоғамдық жұмыс дегенде сол баяғы от болып жанатын жігерлі жігіт күйінде қала берді. Бұл кезде біз жай таныс емес, жақын жолдас, тату дос боп кеткен едік. Сол тұстағы баспасөз беттерінде «Жақсы адамдар жаныңда жүр» деген айдармен осындай азаматтар туралы талай материалдар жарияланып жатқанын көріп жүрсем де, тағы жазбадым. Себеп? Шамасы, бұл жолы: «Өзінің жолдасы, күнде бірге жүр­ген досы болғасын мақтап отыр», деген сөзден қысылған болуым керек. Несін айтайын, әйтеуір осы азаматтың есімін елге танысты­ру­дың еш сәті түспей-ақ қойғаны. Одан бері де қаншама қыс келді, қанша жаз өтті... Онғақ мінез, құбылмалы құ­лықтың адамы болса, ендігі оның тоқсан тоғыз түрлене­тін­дей-ақ жөні бар-ды. Бірақ Мұ­хаң... қазір кемел жасқа келіп от­ыр­ған біздің Мұфтолла Тойба­зарұлы өзінің өмірлік принциптерінен еш айнымастан, бұл күн­ге сол баяғы алғаш көрген кезіміздегідей ашық жүзбен, абы­рой­лы азамат күйінде келіп отыр. Азамат демекші... кешегі күндері біз осынау бір қасиетті сөздің қадірін кетіріп ала жаздаған кезіміз де болған. Жақсылығы бір өзінің басынан, әрі кетсе, айналасындағы ағайын-ту­ғанынан аспайтын әлдекімдерді де кейбіреулер: «Ой, біздің пәленшекең жақсы жігіт қой, азамат қой!» – десіп жататын күйге жеткен. Сондайда менің есіме Мұфтолла Тойбазарұлы және... сол секілді жігіттер түсуші еді. Сондайда шын жақсының, нағыз азаматтың өзі үшін емес, ең алдымен, жұрты үшін, елі үшін шыр-пыр бо­ла­тынын мына жұрт неге алдымен ауызға алмайды екен деп, ашына айғай салғым келіп кетуші еді. Өйткені, біздің қазақ қашаннан азамат деп өз мүддесінен гөрі көптің, ел-жұртының мүддесін жоғары қоя білетіндерді, керек болса, сол үшін өзінің басын бәйгеге тіге алатындарды айтқан ғой. Ал Мұфтолла Тойбазарұлы болса, кешегі тоталитарлық қоғамның тұсында да қақап тұрған заманның қаһарынан қаймықпай, елінің бола­шағын, еңсесі биік ертеңгі күніміздің қамын ойлай білген сондай азаматтардың бірі еді. Ол астанамыз Алматыдағы зауыт-фабриктердің көбі қазақ жастарын әртүрлі желеумен жұмысқа алмай жүрген сонау бір кездерде, өзі комсомол комитетінің хатшысы болып істейтін Алматы үй құрылысы комбинатына қазақ жастарын көптеп шақырып, жұмысқа тарта білген-ді. Өзі секілді жастарды жұмысқа шақырып қана қоймай, кейін солардың қолдауымен комбинат кәсіподақ ұйы­мының төрағасы боп сайланған кезде де, оларды бірінші кезекте үймен, жатақханамен, ал олар­дың нәрестелерін балабақшамен қамтама­сыз етуге қаншама қыруар еңбек сіңірді де­се­ңіз­ші. Мұны түсіну үшін, мына бір жайларды айта кетсек, жағдайды жақсырақ ұғуға болатын шығар. ...Мұфтолла Тойбазарұлы әуелі цех комсомол ұйымының, сәл кейінірек, комбинат комсомол ко­митетінің хатшысы болып істеген сонау алпы­сын­шы жылдардың екінші жартысында бүкіл комбинатта 800-дей адам жұмыс істесе, соның 70-80-і ғана қазақ жастары екен. Ал, сексенінші жылдардың екінші жартысында, – ол комбинат кәсіподақ ұйымының төрағасы, сәл кейінірек комбинат директорының орынбасары болып істеген кездері, – кәсіпорындағы жұмысшылар саны он есе өсіп 8 мыңға жеткенде, солардың 60 пайызы (иә, иә 60 пайызы!!!) өзіміздің қаракөз қандастарымыз болғанын, сөйтіп, қазақ жастары өз елінің астанасында берік ірге теуіп, көпшілігі отау құрып, пәтер алып, үйлі-баранды болып, республика астанасында жергілікті ұлт өкіл­де­рінің санын ғана көбейтіп қоймай, әсем Ал­матыны көркейтуге үлес қосқандарын қалайша мақтан етпессің! Сол жастар өздерінің жетекшілері – сол кездегі жалындаған жас жігіт Мұфтолла Той­ба­­зарұлын әлі күн­ге ауыздарынан тастамай, құр­метпен көкке көтере сөйлейді. Әрине, олары тектен-тек ем­ес. Өзің жас болсаң, жастарға тән максимализммен өмір сүрген өзіңдей өңшең өрендерге бас болу – оңай шаруа деп ешкім айта қоймас! Ал, Мұфтоллада оларға көшбасшы боларлық қасиеттер, шынында да мол еді. Он жыл­дық мектепті үздік бітірген, әс­кер қатарынан оралған соң Ал­ма­ты халық шаруашылығы инс­титутына түсіп, оны да үздік тәмамдаған, өзі сауатты, өзі жігерлі; өзі домбыра, сырнай тар­тып, ән де сала білетін өнерлі; өзі спортшы, әрі мерген аңшы; қысқасы сегіз қырлы, бір сырлы жігіт – шын мәнінде, олардың лидері, көшбасшысы бола білді. Мұфтолла Тойбазарұлы қолға алған істің то­қырап тұрған орнынан жылжып жүре беретін бір ғажабы бар... Жұмысшылардың әлеуметтік, мәде­ни-тұрмыстық мәселелерімен шұғылданып жүр­ген сонау сексенінші жылдары комбинат кәсіп­одақ ұйымының төрағасы ол ертеден бірінші топ­тың соңында келе жатқан қыздар волейбол ко­ман­дасын қолға алып, қамқорлық жасауы сол екен, команда екі жылда жоғарғы топқа шығып қана қой­май, 1982 жылы КСРО чемпионы атан­ды. Сол команда 1982-1992 жылдар аралығында, он жыл бойы Қазақстанның атын әлемге әйгіледі. Үш дүр­кін Еуропа кубогын жеңіп алды. Волейболшы қыз­дар Мұфтолла Тойбазарұлын: «Біздің өкіл әкеміз!» дегенде, мен қызыға да, қызғана қараған едім. Сол бір кез қандай бақытты күндер еді де­сеңізші! Иә, осы бір азамат маған ылғи да туған елі мен жерінің абыройын аспандату үшін, тек со­ның ғана мұң-мұқтажын түгендеу үшін жарал­ған секілді көрінеді кейде. Өйткені, 27 жыл бойы ол Алматы қаласындағы аудандық, қалалық мәс­ли­хаттардың депутаты болған кездерінде де, бірінші кезекте сол елі мен жерінің мүддесі туралы ой өрбітуден бір танған емес. Ал, өзі туып-өскен Арал аймағы, апатқа ұшыраған теңіз орта­сын­дағы кішкене ғана түбекке орналасқан ауылы – Ауан туралы сөйлегенде толқығанын көрсеңіз... Қайсыбірін айтайын, мынадай қилы заманда қи­ыншылыққа тап келген жерлестеріне қарлы­ғаш­тың қанатымен су сепкендей қол ұшын беру ниетімен, сонау Ауандағы арасан сумен емдеу ор­ны­на өз қалтасынан қаржылай-заттай көмек ұсын­ғанын көргенімде, ешқашан сөзі мен ісі алшақ кетіп көрмеген осы азаматтың шын кісілік келбетіне тағы бір тәнті болғаным бар. Санамалай берсек, мұндай сәттер тіпті қаншама... Ила­һим, осындай азаматтар елде көп болғай деп тілейік! Қажығали МҰХАНБЕТҚАЛИҰЛЫ, жазушы.