[caption id="attachment_55070" align="aligncenter" width="560"] Фото: pm.kz[/caption]
Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Атырау облысына жұмыс сапарымен барды.
Pm.kz мәліметі бойынша, сапар барысында аймақтық әлеуметтік-экономикалық дамуын бағалау, жұртшылық өкілдерімен проблемалық мәселелерді талқылау жоспарлануда.
Премьер-Министр үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған Қашаған кен орнындағы жасанды «Д» аралын, «Жігермұнайсервис» ЖШС бұрғылау қондырғыларын өндіру зауытын, «Caspian Royal Fish» ЖШС бекіре балығы фермасын, Атырау мұнай өңдеу зауытын аралайды деп күтілуде. Сонымен қатар, Кәрім Мәсімов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қолдауымен салынған «Нұрсая» шағын ауданындағы «Жерұйық» тұрғын үй кешенін, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қалалық бөлімін және «Каспиймұнайгаз» ҒЗИ ЖШС зертханасын аралайды.
Бұдан өзге, Кәрім Мәсімов жұмыс сапары аясында кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, балық шаруашылығының даму перспективаларын талқылайды, сондай-ақ отандық мұнай сервисін дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізеді.
Аян ӘБДУӘЛИ