[caption id="attachment_55074" align="aligncenter" width="560"] Фото: bnews.kz[/caption]
«Ардос-Жүрек» мүгедектер бірлестігінің бастамасымен өңірде «Инклюзивті білім – болашаққа бастар жол» жобасының тұсауы кесілді.
Солтүстік Қазақстан облытық білім басқармасының хабарлауынша, қалалық демалыс орындарының бірінде орналасқан оқу-дамыту лагерінде 50-ге жуық жүріп-тұруы қиын балалар түрлі пайдалы істермен шұғылданады.
Қазақстанның Бірінші Президенті қорының қолдауына ие болған жобаны жүзеге асырушылардың бірі – «Ардос-Жүрек» мүгедектер ұйымы.
Ұйым жетекшісі Ақжан Кәрімнің айтуынша, бағдарламаны қаржыландыруға 2 миллион теңге грант жұмсалып, оның аясында интерактивті семинарлар, тренингтер, музыкалық, арт-жаттығулар, ойын терапиялары жұмыс істеуде.
«Аяқ-қолы бүтін, денсаулығы жақсы қатарластарына қарағанда мүмкіндігі шектеулі балалар өздерін кем сезініп, жасқаншақтап тұратыны жасырын емес. Осындай әлеуметтік теңсіздіктерге жол бермес үшін инклюзивті білім берудің артықшылықтарын пайдалана отырып, олардың айналасына деген қызығушылығын оятып, қоршаған ортаға бейімдеу, қабылет-қарымдарын ашу біздің басты мақсатымыз», – дейді психолог маман Ғалия Баязитова.
Қызылжар өңірінде қолға алынған қанатқақты бағдарламаны ұйымдастырушылар келешекте мектеп бағдарламасы шеңберінде үйде білім алатын мүмкіндігі шектеулі балаларды онлайн оқыту жүйесімен қамтуды көздеп отыр. Мұндай санаттағы балдырғандардың саны аймақта 150-ге жуық.
Өмір ЕСҚАЛИ