• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
09 Тамыз, 2016

Еншісі ерен Елдос

360 рет
көрсетілді

Қазақ жастары арасында дзюдодан тұңғыш әлем чемпионы атанған Елдос Сметов Риодағы Олимпиаданың бірінші жарыс күнінде күміс медальға қол жеткізіп, Асхат Жіткеевтің 2008 жылғы Бейжіңдегі жетістігін қайталады. Ол финалда Беслан Мудрановпен белдесудің қосымша уақытында бір әдіске түсіп қалып, бас жүлдеге жете алмай қалды. Дегенмен, ел-жұрты Елдостың осы күміс медалінің өзін үлкен табысқа балап, қатты қуанып жатыр.  Біздің бүгінгі кейіпкеріміз 1997 жылы 5 жасқа толған кезінен Тараздағы дзюдо күресімен айналыса бастайды. 1992 жылдың қыркүйек айында Т. Рысқұлов ауданы, Жалпақсаз ауылында туған еншісі ерен Елдос алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұлдың қолына түскеннен бастап, дзюдоны жанына серік етіп келеді. Оның Алматыда өткен жарыстан алғаш рет олжалы оралуы отбасында кішігірім той болған екен. Бірінші орын алған оғлан қолындағы мақтау қағазын ұстап үйіне келеді. Баласының жеңісіне қуанған ата-анасы шаттықтан туыстарын шақырып, көңілді отырыс та жасапты. – Кішкентай кезімнен тек қана бірінші орын аламын деген үлкен мақсат қойғанмын. Бес жасымның өзінде қолыммен жерді тіреп жүре алатынмын. Және сол жасымның өзінде түрлі сальтоларды қиналмай жасап, шпагатқа еркін отыратынмын. Ағаларым Бақберген, Жандоспен жаттығу залына барған кезімде өзім білетін спорттық элементтерге қосымша, жаңаша бір дүниелер қосып өнерімді көрсетіп жатқанымда, жаттықтырушым Ахмет Жұмағұлдың: «Мына бала кім?» деп таңырқай қарағаны жадымнан өшпек емес. Сол залдағы дзюдо күресінің тәсілдері маған бірден ұнады. Көңіліме қонды. Жаттығып жүрдім. Уақыт өте келе отбасымнан кәсіпқой спортшы болып мен ғана қалдым, – дейді өткен шақты еске алып Елдос. Елдостың жарқын жеңістерінің бірі – 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарындағы алтын жүлдесі. Аталмыш додаға тыңғылықты дайындалған сайыпқыран Азия ойындарында атой салу үшін Челябинскіде өтетін әлем чемпионатын «құрбандыққа» шалып жіберді. Төрт жылда бір өтетін құрлықтық додада қарсыластарының алды болуды мақсат еткен Елдос үшін бұл сынның бәсі жоғары болатын. Мұнда ол ақтық сында моңғолдың мықты балуаны Болдбаатар Ганбатты сабасына түсіріп, чем­пиондық атаққа қол жеткізді. Осылайша ол Азия ойындарында дзюдо күресінен алғаш рет чемпион атанған қазақ баласы ретінде тарихқа енді. Азия ойындарында өзінің шын мықты екенін дәлелдей білген Елдосты алда үлкен додалар күтіп тұрды. Гран-при жарыстарының кезекті кезеңдері мен Мастерс деп аталатын турнирлерді былай қойғанда, Сметов үшін ең маңызды дода Астанада өтетін әлем чемпио­наты еді. Бұл жарыста да топ жарған ол  тұңғыш рет дзюдо күресінен қазақ оғландары арасынан шыққан әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Осылайша лицензияның түп­кілікті тағдырын Азия чемпионатында шешіп еді. Оралхан ДӘУІТ,  «Егемен Қазақстан», Табиғат АБАИЛДАЕВ,  журналист Жамбыл облысы