Биылғы жылдың басты додасы – Астана мен Алматы қалаларында VІІ Қысқы Азия ойындарының қазақстандық спортшылардың үлкен жеңісімен аяқталғаны мәлім. Азиадада негізінен Ақ Жайықтың допты хоккейшілерінен құралған Қазақстан құрамасы топ жарып, алтын жүлдені еншіледі. Бұл заңды да еді.
Биыл «Ақжайық» командасының құрылғанына 35 жыл толғалы отыр. Осы уақыт ішінде талай талантты хоккейші түлеп ұшып, даңқы кең тарағандар аз болған жоқ. Команда Ресей чемпионатының жоғары лигасына шыға алмаса да (мұның бірнеше себебі бар), талай рет бірінші топтың үздіктері қатарынан көрініп, жүлдегер атанды. Кеңес дәуірінде КСРО біріншілігінің жеңімпазы, әлденеше мәрте жүлдегері атанып, тіпті Еуропа чемпиондарының кубогіне шейін ұтып алған Алматының «Динамосы» тарап кеткеннен кейін көрші елдің чемпионатында өнер көрсететін жалғыз қазақстандық команда болып қалды. Жалғыз шабу қаншама қиын болып, өзге мемлекеттің төрешілеріне дейін кейде қырын қараса да, барлық қиындыққа төзіп келеді. Әсіресе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бәрі тоз-тоз болып кеткенде, батысқазақстандықтар өз командасын сақтап қалды. Тіпті 1998 жылы Орал қаласында допты хоккейден жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты ұйымдастырылып, онда жергілікті жеткіншектерден құралған Қазақстан құрамасы жүлделі үшінші орынға қол жеткізген еді. Осының бәрі, біле-білсек, бір жақсылыққа бастап жүр екен.
Егер кеңестік дәуірде оралдық командада қазақ жігіттері ілуде біреу болса, қазіргі жағдай олай емес. Бүгінгі «Ақжайық» командасының құрамына қарасақ, көз тоқтап, көңіл сүйсінеді. Қақпашы Ілияс Хайрекешев, Ескендір Нұғыманов, Еламан Әліпқалиев, Самат Аманшин, Арыстан Қазыбаев, Нұрлан Оразғалиев – жалындаған жас жігіттер. Олардың бәрі де – еліміз тәуелсіздік алған тұста тәй-тәй басып жүргендер. Бұған Орал хоккейінің түлегі, жасы небәрі 23-те ғана бола тұра, әлем чемпионаттарына қатысып, Қазақстан намысын қорғап үлгерген, қазіргі кезде Ресей біріншілігінің жоғары тобындағы Нижний Новгородтың «Стартында» ойнайтын Рауан Исалиевті қосыңыз. Осы Азиадада Рауан қарсыластар қақпасына 23 гол соғып, ең танымал ойыншыға айналды. Және соққан доптары қандай әдемі десеңізші. Оның Азия ойындарының жабылу салтанатында еліміздің көк байрағын желбіретіп шығуы да сондай жарасымды болды. Жалғыз Рауан ғана емес, Азиадада оның Ескендір Нұғыманов, Еламан Әліпқалиев, Самат Аманшин сынды інілері команда капитаны Владислав Новожилов, Николай Шавалдин сияқты тісқаққан ойыншылардан кем түскен жоқ. Бұл – жүйрік мініп, желмен жарысқан қазақ баласының мұзда да құстай зымырап, ұшқыр ойын өрнегін көрсете алатынының бір айғағы. Бұл қысқы спорт түрлерінде мүлдем сирек көрінетін қандастарымыздың бабы келісіп, бағы жанса, қай-қайсысына да икемі бар екендігін дәлелдейді. Жиырма жыл ішінде ел намысын қорғайтын жергілікті жастардың өсіп шығуы, түптеп келгенде, тәуелсіздігіміздің жемісі.
Сөйтіп, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушылары Алексей Никишов, Александр Ионкин, команда бастығы Марат Маңғубаев бастаған мамандар баптаған Қазақстан құрамасы Елбасы тамашалаған соңғы финалдық ойында да үздік өнер көрсетіп, көпшілік қошеметіне бөленді. Дегенмен алда да байрақты бәсекелер бар екенін ескерсек, Қазақстандағы допты хоккейдің хал-ахуалына назар аудармай болмайды. Оның үстіне 2012 жылғы әлем чемпионаты Алматы қаласында өтеді. Бұл қосымша жауапкершілік жүктейді. Осыған дейін Қазақстан құрамасы 2003 және 2005 жылдары Ресей қалаларында өткен дүниежүзілік додаларда екі мәрте қола жүлдегер атанды. Қазан қаласында биыл өткен бәсекеде қазақстандықтар төртінші орынға тұрақтады. Марат Маңғубаевтың сөзіне қарағанда, командада соңғы он жыл бойы өнер көрсеткен хоккейшілердің жасы келгендіктен, құрама көп ұзамай түгелдей дерлік жаңарады.
Жалпы, допты хоккейдің жалғыз «жазығы» – оның олимпиялық ойын түріне жатпайтындығы. Сөйтіп, ол көбінесе шайбалы хоккейдің көлеңкесінде қалып, өгей баланың күйін кешетіндей көрінеді. Азия ойындарында допты хоккей додасы алғаш рет ұйымдастырылды. Болашақта бұл спорт түрі қысқы олимпиада ойындарына да жол тартуы әбден мүмкін. Олимпиялық ойын түріне айналу үшін сол спорт түрі барынша кең таралып, көп елде қанат жаюы керек. Жыл сайынғы әлем чемпионатында (оған «А» мен «Б» топтарына бөлініп, он екі командаға дейін қатысып жүр) алтын жүлде үшін жан аямай тартысып жататын Ресей мен Швецияны былай қойғанда, допты хоккейі қатты дамып келе жатқан Финляндия, Норвегияларға АҚШ, соңғы кезде бірқатар Азия елдері қосылды. Ресейліктер 2014 жылғы Сочи Олимпиадасы кезінде допты хоккейден әлем чемпионатын да қоса өткізіп, бұл спорт түрін бүкіл әлем назарына ұсынбақшы.
Ендеше, алдағы жылы өз айдынымызда өтетін жарыста және одан кейін де жерге қарап қалмас үшін елде допты хоккейді дамыту бағытында қолға алар шаруалар жеткілікті. Ең алдымен допты хоккейден де Астананың «Барысы» секілді Ресей чемпионатының жоғары лигасында өнер көрсететін азулы команда қажет. Бұл – бір. Екіншіден, өнебойы «кісідегінің аспандағы кілтін» іздегенше, Қазақстан аймақтарында осы спорт түрін дамытып, өз біріншілігімізді өткізуді қолға алу керек. Үшіншіден, мамандар жиі қозғап жүргеніндей, жасанды мұз айдыны болмайынша, қаншама озық шыққанмен, «Ақжайықты» Ресей допты хоккей федерациясы жоғары топқа қабылдамайды. «Ақжайық» ойнайтын «Жастық» стадионында жасанды мұз айдыны болса, хоккейшілер маусым алдында басқа жаққа бармай-ақ дайындалып, шеберлігі өсе түсер еді. Қазіргі кезде жоғары топтағы ресейлік команданың намысын жыртып жүрген Рауан Исалиев, Денис Максименко, Леонид Бедарев сынды оралдық хоккейшілер қайтып оралар еді. Сонда қатырған мұз күн жылынғанда еріп кетіп, ойыншылардың жігері құм болмас еді. Қара жерде немесе шылқыған суда қызыл доп қуудың қиындығын басынан кешкендер біледі. Тіпті соның кесірінен ойыншылар тегіс жерде жарақат алып, қатардан шығып қалып жатады. «Ақжайық» допты хоккей клубының бас директоры Нұфтолла Түменовтің айтуынша, Қазақстан допты хоккей федерациясы 2012 жылғы әлем біріншілігі кезінде «А» тобындағы мықты құрамалардың сайысын сол Алматыда өткізіп, ал төменгі топтағы командалар бәсекесін Оралда ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырып отыр. Бұл үшін, әрине, жасанды мұз айдыны керек. Егер ол болса, айымыз оңынан туып, хоккейшілерге қазан айынан бастап мұзда жаттығуға мүмкіндік туар еді. Қала халқы, әсіресе, жастар өзге жаққа бет бұрмай, мұз айдынында серуендеуге ағылып келер еді. Бұл ертеңгі болашағымыз үшін қажет, дейді мамандар. Әйтпесе «Ақжайық» клубына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қолдауымен, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Мүсілім Оңдағановтың күш салуымен барынша жағдай жасалып келеді. Азиада алтыны – соның айғағы.
Ғайсағали СЕЙТАҚ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Орал қаласы.