Биыл Шымкент қаласында «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында 96 пәтер тапсырылады
«Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ – «Нұрлы Жол» аясында жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасын іске асыратын операторлардың бірі.
Қазір компания «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша Шымкент қаласында 96 пәтерден тұратын үйдің құрылысына қатысып жатыр. Оның жалпы алаңы – 5,4 мың шаршы метр. Пәтерлерді желтоқсанда тапсыру жоспарланып отыр. Олардың барлығы таза әрленген және газ плитасымен жабдықталады.
«Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Болат Досмұхаметовтің айтуынша, ипотекалық компания желісі бойынша жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасына қатысушыларды таңдау мен тұрғын үйлерді бөлумен тікелей айналысатын жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар қатыса алады. Бұл үйлер көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедек балалары бар және оларды тәрбиелеп отырған отбасыларға беріледі. Сонымен бірге, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар, оралмандар, мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері де баспанамен қамтамасыз етіледі.
Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»