Палестина үкіметі толық құраммен отставкаға кетті. Бұл жөнінде 2007 жылдан бері Палестина ұлттық автономиясының премьер-министрі қызметін атқарып келген Салам Файяд мәлімдеген.
Сонымен бірге, сарапшылар оған Палестина автономиясының басшысы Махмуд Аббастың жаңа үкімет жасақтау жөнінде тапсырма беруі мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Осы орайда осыдан бір жыл бұрын Палестина парламентінің мерзімі аяқталғанын да айта кету қажет. Ал ХАМАС қозғалысы болса, автономия басшысы М.Аббастың өкілеттігінің осыдан екі жыл бұрын аяқталғанын көлденең тосып, 13 ақпанда өздерінің жаңа сайлауға қатыспайтындарын мәлімдеген болатын. Сарапшылардың айтуларынша, үкіметтің отствакаға кетуіне автономия ішіндегі елеулі проблемалар түрткі болған сыңайлы.
АҚШ-ҚА САПАРЫН КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫРДЫ
Йемен президенті Али Абдулла Салех елде өтіп жатқан қарсылық акцияларына байланысты АҚШ-қа сапарын кейінге қалдырды, деп хабарлады «Бостандық» радиосы.
Билік өкілдерінің хабарлауынша, жағдай жақсарған күнде сапар осы ақпан айының соңында жүзеге асатын болады. Айта кету керек, осының алдында ғана Сана қаласында сан мыңдаған халық қатысқан ереуіл болып, жиналғандар реформалар жүргізуді және А.Салехтың отставкаға кетуін талап еткен болатын.
ТАУЛЫ КАРАБАХҚА КӨМЕК БЕРУДІ ТОҚТАТУДЫ ТАЛАП ЕТУДЕ
АҚШ-тағы әзірбайжан және түрік қауымдастықтары Таулы Карабахқа қаржылай көмек көрсетуді тоқтатуды талап етіп Сенат пен Өкілдер палатасына мыңдаған хат жолдаған.
Әзірбайжан және түрік қауымдастықтары АҚШ-тағы экономикалық өсімнің төмен жағдайында Таулы Карабахқа көмекті ұлғайту негізсіз деп санайды. АҚШ Конгресі болса 1998 жылдан бастап Таулы Карабахқа көмек көрсетіп келеді. 2006 фискальдық жылда Карабахқа көрсетілген америкалық көмек—3 млн., 2007-2008 жылдары—5 млн., ал 2009 жылы 8 млн. долларды құраған.
ТҮРКИЯ МЕН ИРАН ТАУАР АЙНАЛЫМЫН ҰЛҒАЙТА ТҮСПЕК
Біз жан-жақты қызметтестікті жалғастыруға және таяу уақыттарда Иран мен Түркия арасындағы тауар айналымын жылына 30 миллиард долларға жеткізуге бел шешіп отырмыз, деп мәлімдеді Иран президенті Махмуд Ахмадинежад түркиялық әріптесі Абдолла Гүлмен бірлесіп өткізген баспасөз мәслихатында.
Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 10 миллиард долларды құраған, ал алдағы уақытта Иран бұл көрсеткішті 30 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр. Мұның сыртында тараптар түрлі салалардағы, оның ішінде, электр қуаттары мен энергетика саласындағы өзге де көптеген бірлескен жобаларға инвестициялар салатын болады деп атап көрсеткен Махмуд Ахмадинежад. Бұл туралы түркиялық Hurriyet газеті хабарлаған.
ОБАМАНЫҢ ӘСКЕРИ КЕҢЕСШІСІ ИЗРАИЛЬГЕ КЕЛДІ
Обаманың әскери кеңесшісі адмирал Майл Муллен өңірдегі қауіпсіздік бойынша келіссөздер жүргізу үшін Израильге келді.
Израиль үкіметі Египеттің әскери билігінің Египет барлық халықаралық міндеттемелерін сақтайтын болады деген ниетін оң қабылдады. Дегенмен, Израиль басшылығы жаңа үкіметтің ХАМАС қозғалысының бақылауындағы Газа секторындағы блокаданы қолдамайтындығына онша сенімді емес. Ал Хосни Мубарак ол блокадаға қолдау көрсетпеген болатын.
АРМИЯ ЕРЕУІЛШІЛЕРДІ АЛАҢНАН ҚУУДА
Египет армиясы ереуілшілерді жалпыұлттық төңкерістің ең басты жиналатын орнына айналған Тахрир алаңынан қууды бастады.
Хосни Мубарак президенттік қызметтен кеткеннен кейін Каирдегі ереуіл ресми түрде тоқтатылды. Тахрир алаңында автомобиль қозғалысы қалпына келтіріліп, бұрынғы қалың көпшіліктен бірнеше ондаған адам ғана алаңда қалды. Полиция мен әскерилер осы қалғандардан жарты сағат ішінде алаңды тазартуды талап етіп, қарсылық көрсетілген жағдайда олардың тұтқынға алынатындарын хабарлады.
ӘСКЕРИЛЕР ҚАРУЛАРЫН ҮЙЛЕРІНДЕ САҚТАЙТЫН БОЛДЫ
Швейцария тұрғындары әскери қызметшілердің өз қаруларын үйлерінде сақтауларын жақтап дауыс берген.
Билік өкілдерінің хабарлауынша, жалпыұлттық референдумда өз ойларын білдіргендердің 56,3 пайызы отты қаруды сақтауға тыйым салуға қарсы дауыс берген. Швейцарияда 20-дан 50 жасқа дейінгі ерлер әскери қызметшілер болып саналады. Олар жылына бір рет жиналып тұруға міндетті. Сондықтан олар өздерінің винтовка, тапанша сияқты қаруларын өз үйлерінде сақтайды.
ЖОЛБАРЫСТЫ ОЖАУМЕН ҰРЫП «ЖЫҚТЫ»
Малайзияның джунгли ішіндегі бір деревнясының тұрғыны аң аулап жүріп, өзіне жолбарыстың оқыстан жасаған шабуылына тап болады.
Күйеуінің жан дауысы шыққан айғайын естіген әйелі қолындағы ожауымен көмекке ұмтылады. 55 жастағы әйел алдымен жолбарысты жерге құлатып салып, одан соң ожаумен аяусыз ұрғылай бастайды. Күтпеген шабуылдан шошып қалса керек, жыртқыш жылыстап тоғай арасына кіріп жоқ болыпты. Беті мен аяғы жараланған ер адам бүгінде ауруханада жатқан көрінеді.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.