• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
15 Ақпан, 2011

Ауыл тағдыры азаматқа сын

680 рет
көрсетілді

Қазақы қоныстардың хал-жағдайы қашан жақсарады? Туған жерден жырақ кеткен әр пенденің жүрегінде ескірмейтін, мәңгі жас қалпында сақталатын бір ғажап сезім тұнып жатады. Бірақ «елу жылда ел жаңа, жүз жылда жер жаңа» деген бар, уақыт сенің жағдайыңа қарамайды әрі аямайды. Аңсап, сағынып жүретін ауылымды, асыр салып өскен туған жерді араға жиырма жыл салып көргенде көкіректегі керемет көріністер таңғажайып өзгерістермен ұғыныса алмай, сарғайған сағыныш сезімді әбден әуреге салған. Алып империя ыдырап, тәуелсіздік туы желбіреген қас-қағым уақыт ғасыр­ларға тең ұлы өзгерістерге толы. Аллаға сиы­нып ауылға бет алған сәттегі ала­бұртқан көңіл тақтайдай жолмен құстай ұшып келе жатқан жеңіл мәшинеден да жүйрік: асыққан үстіне асығып, аптыққан үстіне аптыға түседі. Ұлы өз­герістің ұлы жетістігі – Астананы кесіп өтіп, Атбасарға бет түзедік. Мұнда да жаңа істер көзге ұрады. Бұрынғы ойқы-шой­қы асфальт сыдырылып, жа­ңа тұрпатты жол салынып жа­тыр. Алматы-Ека­теринбург күре­жолы­ның Есіл-Әулиекөл бөлігі пайдалануға берілген екен, ағып отырып Қос­танай-Арқалық жо­лы­­на қалай жеткенімізді байқамай да қалдық. Екі ғасыр тоғысы осы арадан бас­та­латын сияқты. Жаңа заман әсерімен шал­қы­ған көңіл сәл саябырлап, өткен шаққа қарайлай береді. Өркениет осы арадан Торғайға қарай бұрыларда кібіртіктеп, шабандай бастайтындай. ХХ ғасырдың 60-жылдарының ортасында салынған Қос­танай-Арқалық күрежолы осы әсерді бекіте түскендей. Бұл жол өзінің тарихи міндетін баяғыда-ақ орындаған-ды. Бірде жортып, бірде желіп дегендей, ауылыма баратын бұрылысқа да жеттік. Бұл – біздің ауыл үшін тарихи маңызы бар бұрылыс. Қостанай-Арқалық көтерме жолы салынғанға дейін Қостанай-Аман­гел­ді-Жангелдин арасына автокөлік Науы­р­зым-Қайғы арқылы дала жолымен жүре­тін. Қа­зір­гі уақыт өлшемінде 6-7 са­ғат жү­ре­тін жер­ге ол уақытта екі-үш күн кететін. Көтер­ме жол салынғанның өзін­де, одан 25-30 ша­қырым бұрыс қалған біздің ауылға көктем­де, қыста қатынас өте қиын болатын. Бертініректе облыс басшылығына Демиденко келіп біздің ауылға ықыласы түскен. Бірінші кезекте жол проблемасын шешті. Күре­жолға қосатын 31 шақырым жерге көтерме жол тартылып, ол асфальттала бастады. Басқа да бірқатар әлеуметтік мәсе­лелер қолға алын­ды. Өкінішке қарай, мақсат аяғына жеткізілмеді. Бүгінде осының бәрі естелік қана. Мұны тәптіштеп жатқанымыз ауылдың бірте-бірте азып, жабылуға қарай ойысып бара жатуы­ның басты себебі шал­ғайлығы мен жол қаты­насының қиын­дығынан екенін көрсету. Бұдан жарты ғасыр бұрын қазіргі «Жаңа Қайғы» деген ауыл пайда болмай тұрғанда Мойылды өзенінің бұл тұсы Қожахмет қарасуы деп аталатын. Ұзын­ды­ғы 50-60 шақырымдай Мойылды өзені­нің екі бетіне ұйысқан қалың боз тал, ұшқат, мойыл ағашы өсетін. Ал тұңғиық, терең судың кісі бойындай шортандарын аулау, маусым айында мөлдіреп пісіп тұратын мойылын теру бір ғанибет еді. Совхоз ор­на­ғанға дейін осы өзен жаға­сы­на дала жуасы қаптап өсетін. Ерте көк­тем­де, су қайтып, жер құрғасымен Қай­ғы­­дан тамам бала 10-12 шақырымдай осы Қожахмет қарасуына жуа теруге келетінбіз. Витаминді тамақтың тапшы кезінде, мұның өзі ағзаға айтарлықтай қолдау болатын. Кеше ғана думандатып, у-шу болып жататын үлкен ауыл шөкімдей-ақ болып қалыпты, бейне ұйықтап жатқандай тып-тыныш. Тек ауыл ортасына енгенде ғана қой бөлген, сиыр айдаған бала-шағаны көріп, тіршілік барын сезіндік. Қалың елдің ажар-көркі болған қатарластардан, қадірменді ағалардан бірен-сараны ғана қалыпты, біразы қайтыс болса, біразы басқа жаққа көшіп кеткен. Қазір кез келген ауылға кіре бергенде қаңқиған қабырғалары қалған мал қора­ларын, басқа да тастанды құрылыстарды көруге болады және бұл үйреншікті көрініске айналды. Біздің ауыл да соның бірі. Бірақ табиғи ресурстары мол бұл ауыл жылдан- жылға тартылған судай неге азайып бара жатыр? Ауылдағы бас көтерер есті азаматтың бірі, Мереке орта мектебінің директоры Бөлтірік Бөкеев оған былайша түсінік берді: – Совхоз тарап, тұрғындар тегіс жұ­мыс­сыз қалған шақта бәріміз де абыржып қалдық. Жүріп тұрған автобустар, ұшып тұрған ұшақтар тоқтады. Ең ауыры – электр қуатының жоқтығы үрейді ұшырды. Бұған халықаралық миграцияны қосыңыз. Қос­танай түбіндегі қуатты шаруашылық­тар­дан тұрғындар Ресейге, Германияға үде­ре көшіп, үйлер көптеп босаған әрі арзандаған тұс. Біздің ауылдың адамдары осы қолайлы жағдайды пайдаланып қалды... Міне, күйінішті көші-қонның түп-та­мы­ры осы. Тағышы атанған елдің Қызбел бауы­рына, Қайғы көліне, Күйік қопасына сонау жер жәнна­тын­дай Құсмұрыннан еріксіз қо­ныс аударуы қандай ренішті жағ­дай болса, екі ғасырдан соң сол қалың ел­дің атажұрттан амалсыз ал­шақтауы да сондай кү­йі­нішті ахуал. Жердің де адам сияқты бағы жана­тын, бағы қайтатын сәт­тері болатын сияқты. Оған Ақ­мо­ланың бі­ресе Тың өлке­сінің орта­лығы – Целиноград бо­лып, одан қайтадан облыс орталығы Ақ­мо­лаға, одан тәуелсіз Отаны­мыздың Аста­на­­сы­на айналуы дәлел. Түп­тің-түбінде бұл жерлердің де күні туары анық. Ендеше мен де ауылымның болашағынан үміт үзбеймін. Бұл – құрғақ үміт емес, әлеу­меттік-эконо­ми­калық негізі бар үміт. 1978 жылы мен «Тор­ғай таңы» га­зетінің партия тұр­мысы бөліміне мең­геруші болып беку үшін обкомның бірінші хатшысы Е.Әуел­бековтің қабыл­дауында болдым. Ол кісі менің өмірбаяндық деректеріме қарап отырды да, сен Қайғыдан екенсің ғой, ол Қостанайдан гөрі бізге, Ар­қа­лыққа жақын, бай жер, неге Торғай об­лысына берілмейді, деп келте де қы­зық сұрақ қойды. Онсыз да қысылып, ыңғай­сызданып отырған мен не жауап берерімді білмей абыржып, мен оны біле алмай­мын ғой, дедім. Торғай обкомының алғашқы бірінші хатшысы С.Құсайынов Наурызым ау­да­нын­­дағы атақты «Буревестник» совхозы­мен шекаралас жерден, Қызбелден Ы.Ал­тынсарин атындағы және «Бидайық» деген екі егін совхозын ашқан. Демек, біздің ай­мақ тек көл-көсір шабындығы мен жайы­лы­мы жағынан ғана емес, егін шаруашы­лығымен де таныла алатын жер. Совхоз кезінде 17 мың гектардай жерге егін салы­нып, жап-жақсы өнім алынып жүрді. Осы жерде қауын-қарбыз, жеміс өсірілгенін де жұрт ұмыта қойған жоқ. Жаңбыр суына ғана негізделген осы бау-бақшадан жап-жақсы өнім алынғаны да шындық. Колхоз кезінде Әбду Тұржанов Қайғы көлінің жағасына шығыр­мен бақша салдырса, совхоз кезінде көлдің аяқ тұсында корейлер де бақша өсірді. Негізінен қазақтар мекендеген облыс­тың оңтүстік батысындағы Наурызым, Аман­гел­ді, Жангелдин аудандары бірыңғай экс­тен­сив­ті мал шаруашылығы аймағы ретінде қа­растырылып, олардың әлеуметтік жағдайына екінші кезекте қарау саясаты әлі күнге дейін жалғасып-ақ келеді. Кезінде мемлекет қай­рат­кері Оразалы Қозыбаев Амангелді ауда­нынан Арқалық аймағын бөліп алып, бүкіл Одаққа әйгілі Торғай тыңын игеру туралы бастама көтеріп, «қызыл топырақты, қылтан шықпайды» деген аймақтан 10 совхоз ашып, астық дариясын тасытқан еді. Бұл туралы академик-жазушы Сәбит Мұқанов «Қазақ әдебиеті» газетіне тебірене жазған. «Қазақстан миллиардының» төрттен бірін беріп келген Қостанайдың астықты сол­түстік аудандары үшін мал шаруа­шы­лық­ты бұл үш аудан ештеңе де емес әрі қазіргідей жеке меншікті шаруа қожа­лық­тары жағдайында шалғай, жартылай шө­лейт­ті аймақтар ешкімді қызықтырмайды. Қайғыны білетін жұрт оны шөп фабрикасы дейді. Кезінде алты бөлімшесі бар «Қос­танай комсомолы» совхозында 30 мыңға тарта қой өсірілді. Ірі қарасы мен жыл­қы­сы өзіне басқа. Қайғының құнарлы жайы­лымдық жеріне қоса, шабындығы да көл-көсір, бір совхоз түгілі бірнеше ауданды табиғи пішенмен қамтамасыз ете алады. Бұл – қар қалың түсетін, қысы қатты ал­қап. Содан да жалпақ шабындықтарға қоса ойдым-ойдым шабындықтар қаншама. Шіл­де-тамыз айларында бұл өңірде Қос­танай, Көкшетау, Жезқазған аймақтарынан пішен дайындаушылар өріп жүреді. Биыл да солай екен. Олар Қайғының шөбін қан­дай келісім-шарт арқылы шауып жат­қанын, ауыл әкімдігінің бюджетіне қаржы түсетін-түспей­тінін біле алмадық. Бірақ шөп үздіксіз тасылып жатыр. Атақты балуан, қазақша күрестен республика чемпионы болған Сүлмән Өсіпов­тің бір баласы, бөлем Бопанның үйінде Өтеулі ақынның шөбересі, бүкіл өмірін Мереке орта мектебінде ұстаз­дықпен өт­кіз­ген аяулы ағамыз Жағыпар Жабағиннің баласы Саттардан бір семіз сек алып со­йып, ауылдас­тары­ма ас беріп, әке-ше­шем аруағына дұға оқыттым. Ас үстінде жігіттер ауылдағы тұрмыс-тіршілік жайы­нан әңгіме қозғады. Ауылда жұмыс жоқтың қасы, сонда негізгі тіршілік көзі не деген сұрақ төңірегінде пікірлестік. Совхоз кезінде маңдайалды шопан болған, мектепте бірге оқыған досым Мұхаметқали сөз бастады. – Ауылдан кеткеніңе жарты ғасыр болса да, мұндағы өмірді өзің білесің ғой. Кешегі социализміңе бір кісідей-ақ еңбек сіңірдік, соғысына әкемізді бердік, сол бар болғырың орта жолға тастап кетті. Қар­тай­ғанда рахатын көреміз бе деп жүргенде бір тоқтының да құ­нына тұрмайтын зейнет­ақыға қаратып қойды. Аздаған малдың арқасында ғана отырмыз. Күш-қуаты бар жігіттер мал өсіріп, шөп са­тып кәсіп етуде. Біз малымызды сойып, Қос­танайға апарып сатуға қауқарсызбыз. Неге екенін біле қой­маймыз, біздің ауылдың ма­лына Қызыл­орда жігіттері құмар-ақ. Ұлытау, Жезқаз­ған­датып келіп жылқы, қой, қара мал алып кетеді. Байқауымызша, біздің жақтың малы әрі арзан, әрі еті дәмді болса керек. Жер – қай заманда да халықтың негізгі тіршілік көзі болған. Енді жер сатылып, пұл болған қазіргі заманда бір кездері қуатты, индустриялы шаруашылықтардың иелігінде болған, байлықтың тай қазанын тасытқан миллиондаған гектар жерлердің бос қалып, ондаған, жүздеген ауылдардың жойылып кетуін қалай түсінуге болады? Бүгінде біреуге өкпе айтып, салмақ сала­тын заман жоқ, жер халыққа бөліп берілген, енді оның тағдырын шешетін өзіміз. Күні бойы қиял-ғажайып ертегідегідей байлығын баяндаған ауылда ауыз тол­ты­рып айтатындай жалғыз ғана фермер бар екен. Ол – Қорғашев Есмағзамның баласы Абай. Абайдың байлығын қазбалап сұраған жоқпын, шамамен 100 қаралы жылқысы, бір отардай қойы болса керек. Қайғы бөлімшесін басқарып тұрғанда үлеске аздап техника, мал-мүлік алған білем. Мен Қарағанды облысының Шет ауда­нын көп араладым. Осы ауданның шалғай­дағы Қызылтау деген аулында жапан дүзде еуро­палық үлгіде өмір сүріп жатқан Дулат, Мұрат Қожамберлин, Сәбит Шөпті­баев, Мұқа­тай Төлеутаев деген фермер­лер­дің тұр­мысына таңқалғаным бар. Бұ­лар­дың малы мыңдап сана­лады, айдалаға қала үлгісінде сәнді коттедждер салып, ішін жиһазға толтырып қой­ған. Түрлі ав­то­көліктері бірнешеу. Электр қуатын беретін қондыр­ғылары өз алдына. Мұндай миллионер шаруалар бұл ауданда өте көп. Ол – жекешелен­дірудің дұрыс жүргізіл­гендігінен дейді жергілікті халық. Қостанай облысында, оның билік на­зары­нан үнемі сырт қалып жү­ретін ай­мақ­тарында жеке­ше­лендірудің шым-шытырық жүргізілгенін ха­лық ұмыта қойған жоқ. Шет ау­да­нының шаруа қожалық­тарындағы жа­йы­лым мен шабындық жер біз­дің Қайғыдан әлде­қайда төмен, бірақ малы көп-ақ. Бұ­дан 15-16 жыл бұ­рын әрқай­сы­сын­да 8-9 отар­дан қой, та­бын-табын сиыр, үйір-үйір жыл­қы өсі­рілген жайлаулар бүгінде мүлде иесіз, бос жатыр. Мереке ауылдық округі атал­ған, 70-щақты ға­на үй қалған ауылды не күтіп тұр дейміз? Екі қабатты дағарадай орта мектепте 80-дей ғана оқу­шы қалыпты. Қай­сы­бір аудан әкім­дері бө­лімше орта­лы­ғы бол­­­­ған шағын ауыл­дар­ды ұстап қалу үшін әр сы­нып­та екі-үш бала ға­на бар бас­тауыш мектептерді жан­да­рын шүберекке түйіп ұс­тап отыр. Талай-талай аза­мат­тар­ды үл­кен өмір­ге қа­нат­тан­ды­рып ұшыр­­ған мектеп жа­былып қалса, ауыл­да кім қа­лады? Бұл сұ­раққа жауап беру қиын. Тәуел­сіз елі­міз­дің қа­рыш­ты қа­дам­­дары ха­лықтың көз алдында. Жетістіктерін көріп жі­гер­лен­беу, кемшіліктерді тү­сі­ніп, кешіріммен қарамау жетесіздік болар еді. Талай-талай тарихи ас­там­шы­лық­тардан туын­даған кеселдерден оп-оңай ары­­ла қойғысы келетіндер тым асығыс ойлайды. Біздің жер­дің де бағы жанатын уақыт алда деп білемін. Сарықопа, Күйік, Қызбел сияқты жерлердің пайдаға аспауы мүмкін емес. Талай ақын-жазу­шы­лардың жыры мен кестелі сөзіне арқау болған бір ғана Қыз­белдің береке-байлығы айтып тауыса алмайтын шежіре. Сонау Қыземшектен керіле көсіліп Боз­қасқаға ұласып, одан әрі бұйрат-бұй­рат адырлар түзетін Талтақай, Қожа қы­рат­тары қойнауы бұрқыраған бұлақ, аң­ғарлары терек пен тал, ақ қайың ырғалған Қызбелдің екі беті Жангелдин ауданының «Қызбел» сов­хозы мен Наурызым ау­даны­ның малшы-шо­пандары алты ай жаз қатар отырып емін-еркін жайлайтын құт­т­ы жер. Ойдағы ауыл­дарға қарағанда маса-шыбыны аз, жанға жай­лы салқын самал есіп тұратын Қызбел үс­ті жаз бойы ойын-тойы бір үзілмей, думан болып жа­татын. Жангелдин, Наурызым ау­дандары­нан бір отар қой мен бір табын сиыр бағатындар екі үйден қатар отырып, бір-бірін қонаққа шақырып, қыз алысып, қыз берісіп, мәре-сәре болып жататын күн­дер естен кетпейді. Мыңғырған малдың тү­гін тартса майы шығатын құтты мекені оты бір қашпай, суы сарқылмай тусырап жататын. Газет жұмысымен ауылдарды аралап жүргенімде Қарағанды облысының Абай ауданында Қанат Мүбәрекшенов деген жас жігітке ұшырастым. Ол политехника инс­ти­тутын бітірген құрылыс инженері екен. Қара­ғандыда, Астанада біраз уақыт құры­лыс­пен де айналысыпты. Алайда бәсеке­лестері көп бұл салада айтар­лық­тай нәтиже шығара алмаған. Аздаған қар­жы­сын қайда саларын білмей жүргенде осы Абай ау­да­нын­да егістік жер сатыла­ды деген жар­наманы оқып, жерді сатып алып, өз алдына серіктестік құрған. Бұ­рын­дары совхоз ди­рек­торы болған, ма­ман­дығы агроном, зейнет жасындағы аза­матты көмекшілікке алып, екі-үш жы­лда қуатты фермер болып шыға келіпті. Мен ол жігітпен ұзақ пікірлестім. Сонда бай­қағаным намысы бар әрі заман талабын жете түсініп, оған икемделе, сондай-ақ оны өзіне икемдей білетін алғыр азамат екен. «Қалада жұмыссыздардың қа­тарын көбейтіп, әрненің басын бір ша­лып жүр­генше тәуекелге бел буып қиын істі қолға алып, ақыры жеңіп шықтым» дейді. Осындай азаматтар әр жерде де бар. Менің ауылдастарым арасынан да сондайлар қалайша шықпас екен? Ауылдан осындай екіұдай оймен аттандым... Серікбай АЛПЫСҰЛЫ, Қазақстанның құрметті журналисі. Қарағанды – Мереке ауылы – Қарағанды.