Арман Мырзамсейiтов №11 орта мектептiң 5 «Е» сыныбында оқиды. Бiр аңғарғаным, өткен жылдың қазан айынан бастап Арман сабаққа жиi кешiгiп келетiн болды. Олпы-солпы киiнiп, көңiлсiз жүруi де көңiлге алаңдаушылық туғызды. Содан соң баламен жеке әңгiмелестiм. Ол өзiнiң отбасы жағдайын баяндап бердi. Анасы Айгүл облыстық онкологиялық емханада жатыр екен. Зубенко көшесiнде анасы екеуi ғана пәтер жалдап тұрады, үй салқын – осының бәрiн Арман жасырмай айтты.
Бұдан соң сынып жетекшiсi Жазира Сәрсенбаева екеумiз ақылдасып, баланы мектеп-интернатқа орналастыруды өтiнiп, қалалық бiлiм бөлiмiне сұраныс жiбердiк. Алайда күн суытқан сайын Арманның қиын жағдайы бiздi алаңдата түстi. Сөйтiп, сынып жетекшiсi екеумiз мектеп директоры Батырбек Әбиевке Арманның мән-жайын мағлұм еттiк. 11 жасар баланың басына түскен тауқыметiн ол бiлген соң, Арманмен сөйлесiп, «Сен бiздiң үйде тұр» деп ұсыныс жасады.
Келесi күнi Арман мектепке жайдары жүзбен келдi. Ол «Анам директор ағайдың үйiнде тұруға рұқсат бердi, мен ендi сабақты жақсы оқуға уәде беремiн» деп сынып жетекшiсiне қуанышын жеткiздi.
Қазiр мектеп директорының үйiнде тұрып жатқан Арманның жүзiнен қуаныш нұры еседi. Мектеп формасы үстiнде, өзге де қыстық киiмдерi жаңарған. Бала тұрмысының түзелуiне мектеп басшысының осылай қолұшын бергенi бiздердi де қуантып отыр.
Гауһар ДАЙРАБАЕВА, педагог-психолог.
Қызылорда.