Әуелі қолыма қараған. Содан соң аяғыма. Әнтек жымиып күлді. Күлкісі уылжып тұр екен. Себепсізден себепсіз күле салған жас сәбидің бейкүнә күлкісіне ұқсайды. Екі қолын қайда сыйғызарын білмеген кісіше оң жақ қапталында тұрған, құрал-саймандары салынған ағаш жәшіктің ішін аударып-төңкеріп әлденені іздестіре бастады. Мен де қолымдағы тілдей блокнотым мен қаламымды ыңғайлай бердім. Шынын айтқанда, бастап кету қиын еді. Өте қиын болатын. Табиғи кемістігін еске салып, ескі жараның аузын тырнау қайдан оңай болсын. Толқып тұрсам да аз уақыттың ішінде бойымды жинап алып, ақ қағаздың бетіне «Сәлеметсіз бе?» деп жаздым. Амандасу парыз. Ол да жазды. Бірақ, орыс тілінде. Бәлкім, солай ыңғайлы шығар. Орыс тілінде оқуы. Қазбалап сұрау ыңғайсыз еді. Онсыз да сұхбатқа келісімін әзер алғанмын. Келесі сұрағымды сабақтадым.
Сөйтсем, аяқ киім шебері Нұрлан Ғалиев Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Уәлиханов ауданының Амангелді ауылында 1963 жылы туған екен. Жалғыз аяқ киім ғана емес, ағаш шебері де. Құрылысқа қатысты қыруар мамандықты түгелге жуық игерген. Әуелі машина-трактор шеберханасында жұмыс істепті. Кейін ағаш тілген. Ағаш цехында әртүрлі бұйымдар жасаған. Құрылысшы болып та істеген. Күнкөріске жарайтын кәсіптің кез келгенінен бойын тартып көрген емес. Қолымнан келмейді деп те айтпаған. «Басқа түссе баспақшыл» демекші, бар сенгені екі қолы болған соң қара жұмыстың қай-қайсын да кәтепті қара нардай арқалап жүре берген ғой.
Енді негізгі сауал. Тілден айырылғаны хақында. Атам қазақта «жазмыштан озмыш жоқ» демей ме? Бірінші сыныпта оқып жүргенде қан қысымы көтеріліп, сол аурудың салдарынан тілден айырылған екен. Ал жазуы жіпке тізген моншақтай тап-таза. Күнде қалам ұстап жүрген біздің өзіміз дәл осылай жаза алмаушы едік. Ақ қағаздың бетінде алма-кезек біріміз сұрақ қойып, екіншіміз жазып жауап беріп тұрып, тұңғыш рет жазуымның атамның қараусыз қалған шарбағы сияқты қисайып, әріптерімнің бір-біріне міңгесе жығылып, құлай сүрініп түсіп жатқанына қынжылдым.
Етік тігуді, жыртылған жерін жамап-жасқауды өз бетінше үйренген. Қолмен атқарылатын шаруаның қай-қайсын болмасын бір көріп алсам өз бетіммен істей беремін деп қояды. Екінші бір сөйлемі мұның не қиындығы бар деумен шектелді. Және үстемелеп оқуы жоқ қой деп қояды. Оқуы неге болмасын, бар. Тек соны оқуға, оқыған соң кәдеге асыруға кежегеміз кері тартып жүр ғой.
Тапқан табысы тамағына ғана жетеді екен. Шебердің жазуына қарағанда, жаз айларында клиент аз. Құдай қаласа, күзге қарай көбеймек. «Ауылдан студенттер келеді ғой» деген жазу түсті ақ қағаздың бетіне. Иә, студенттердің жалаң аяқ жер басып жүргені де рас. Өзі де екі баласын оқытып, жетілдіруде. Үлкені қыз бала. Зайыры қанға тартқан қасиет болуы мүмкін, қолы епсекті. Әр нәрсеге икемі бар. Ең бастысы да сол. Оған қоса ниет-ынта болса жетіп жатыр. Ал ұлы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды. Пәтері бар. Зайыбы үйінде бала тәрбиесімен отыр екен.
Бұл жерге байлар бас сұға бермейді. Жұлығы жыртылған, аузы ашылған, өкшесі қисайған аяқ киім қарапайым адамдардікі. Тіршіліктің тауқыметінен жүйкесі жұқарып жүрсе де бірде-бірі Нұрланның істеген ісіне разы болмай қабақ шытып көрмепті. Еңбегіне де тым көп төлем сұрамайды екен. Өзінің жазуына қарағанда, адамдарды аяу керек деп қояды. Барға қанағат. Жетпей жатқан ештеңе жоқ. Басында баспанасы бар. Көз қуанышы ұлы мен қызы желкілдеп өсіп келе жатыр. Ақ қағаздың бетіне және бір жазу түсті. Қазақ тіліне тұспалдап аударғанда «қанағат» деген ұғымды берсе керек. Япырай, көбімізге жетпей жүрген осы қанағат, ынсап емес пе? Сол қасиетті құрқылтайдың ұясындай жып-жылы, жап-жарық кішкентай бөлмеден тауып қуандық. Дәл осы жерде әлдеқайдан болашаққа деген сенім мен өмірге деген құштарлықтың лебі есіп тұрғандай.
Сұхбатты бұдан әрі созудың реті келмеді. Ең бастысы, еңбегімен ел аузына іліккен шебермен жүздестік. Өмірбаянын, тағдыр жолын оқып білдік. Өмірге деген құштарлығын да.
Блокнотымды енді жинай бергенімде қолында таяғы бар ақсақал кіріп келді. Нұрланды бұрыннан білетін болар, қолындағы өкшесі сөгіліп кеткен аяқ киімін шебердің алдына тастай салды. Ымдасқан да, қағазға жазған да жоқ. Шебер қолына алды да, сөгіліп кеткен өкше тұсын айналдыра бір қарады. Содан соң ақсақалға. Екі саусағын көтерді.
– Екі сағаттан соң кел деп тұр, – деді ақсақал. – Өркенің өссін, Нұрлан. Құдай деніңе саулық берсін.
Маған қарап ақталғандай болды.
– Қытайдікі. Немерелер жамап-жасқағанды кимейді. Ал біз кие береміз. Біз не кимегенбіз. Бұдан жаманын да киіп тойға бардық қой. Кісіге ынсап керек.
– Оқасы жоқ, ақсақал, – дедім мен. – Әлі-ақ өзіміз де шірей тартсаң шетіне сызат түспейтін аяқ киім тігеміз.
– Әрине, – деді ақсақал болашаққа деген нық сеніммен.
Екеуміз қабаттаса босағасына ырыс байланған кішкентай бөлмеден шықтық. Есіктің алды жағалай қонған көпқабатты үйлердің ауласы. Әне бір жерде қоқыс салатын жәшіктің жанында жап-жас екі жігіт жанжалдасып жатыр екен. Адам сияғы жоқ. Көздері көгеріп кеткен. Үсті-бастары ит тартқандай. Шамасы, маскүнемдікке салынған біреулер. Бір-біріне кіжің-кіжің етеді. Әлі жетсе бірін бірі аяйтын түрлері жоқ.
Жаңа ғана өнерге ғашық, өмірге ғашық Нұрланның нұр ұялаған бөлмесінен бізбен бірге шыққан әдемі сезімнің айдай аппақ жүзіне сәл ғана кіреуке түскендей. Қап, мына екеуін-ай...
Байқал БАЙӘДІЛОВ