• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
15 Ақпан, 2011

Үлгілі тәжірибені үйрену артықтық етпейді

375 рет
көрсетілді

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылғы ха­лыққа Жолдауында әлеуметтік саланың дамуына, соның ішінде халықтың денсаулығын жақ­сарту ісіне барынша мән бергені баршаға белгілі. Бұл орайда отандық медицина саласында­ғы өзгерістерді өзге елдердің тәжірибесімен салыстыра оты­рып, олардың үлгі тұтар тұста­рынан үйренгеніміз артықтық етпейді деген ойдамын. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысындағы медицина меке­ме­лерінің бір топ басшылары Литваның Каунас қаласында болып, «медицина мекемелерін тиімді басқару» атты тақы­рыпта өзара тәжірибе алмасып қайтқан едік. Сол сапарда көз­бен көріп, көңілге түйген жәйт­термен бөлісіп, Балтық жаға­лауы еліндегі ілкімді істерді ортаға салып, ой бөліскенді жөн санадым. Біз Каунасқа ал­ғаш аяқ басқанда көзге түскені – мұндағы жалпы инфрақұрылым мен медицина мекемелерінің сыртқы бейнесі кеңес дәуі­рін­дегі ең жақсы деген орталық­тардың келбетін еске түсір­гендей болды. Сол кездің өзінде бұл елдер осындай деңгейге жеткен болса, біз өткен ғасырда Кеңес Одағының резервациясы­ның бірі ретінде ғана болға­нымыз көзге айқын көрініс бергендей еді. Біз Литвадағы медицина саласының деңгейімен жете танысып, маман ретінде са­рапқа салғанымызда, бұл елдің денсаулық сақтау саласында озық істер баршылық екенін бағамдай түстік. Атап айтсақ, медициналық аппараттармен, құрал-жабдық­тармен қамтамасыз ету деңгейі бізбен салыстырғанда әлдеқай­да жоғары екені көзге бірден көрініп тұрды. Мысалы, олар­дың аудандық деңгейдегі ауру­ханаларының өзінде МРТ, КТS-тәрізді рентген аппараттары ор­натылып, қабылдау бөлімше­лері заманға сай жабдықталған. Мамандығым хирург болған­дықтан бірден байқағаным, мұн­да операциялық блоктарға дейін қойылған екен. Хирургия саласындағы директордың ай­туын­ша, хирургиялық қызметтің жеті бөлімшесі жылына 50 мың операция жасайтын көрінеді. Оның ішінде, 2200-дей трав­матологиялық операциялар болса, жүрек-қан тамырлары жүйесі бойынша 10 мың операция жа­сауға мүмкіндік бар. Бұл жерде біз тек жоғары мамандан­ды­рылған жәрдемге жататын опе­рациялардың түрлерін ғана атап отырғанымызды айтуымыз керек. Жақынырақ танысқан кезде аталған клиникаға жан-жақтан науқастардың ағылып келіп жат­қанына куә болдық. Бұл мы­салдың өзі аталған клиника мамандарының кәсіби деңгейінің өте жоғары екендігін дәлелдейді. Сонымен қатар, сала маман­дарының әлеуметтік жағдайына қысқаша тоқталсақ, мұнда дәрі­герлерге мейлінше жағдай жа­салған. Өйткені, бар-жоғы 3 мил­лионға жуық халқы бар аталған мемлекетте жоғары білікті ма­мандарды тұрақты ұстап тұру өте қиын. Еуропадағы іргелі елдермен қоңсы отырғандықтан, Литвадан жылына 50-ден 150-ге дейін кәсіби деңгейі жоғары мамандар өзге елдерге жақсы өмір іздеп көшіп кетеді екен. Сол себепті мамандық түрлеріне қарай дәрігердің жалақысы 2000 литтен басталады (1 АҚШ доллары 2.6 литті кұрайды). Оның жартысына жуығын коммуналдық, сақтан­дыру және де басқа төлемдер құрайтын көрінеді. Былайша айтқанда, дәрігерлердің әл-ауқат жағдайы біздің елге қарағанда екі есе жоғары. Енді Литвадағы медицина жүйесі жайлы бірер ауыз сөз. Мұн­дағы денсаулық сақтау жүйе­сіндегі мемлекеттік саясат бой­ынша азаматтар ең алдымен өз денсаулығына өзі жауапты болуы керектігі нормативтік база ар­қылы шегеленіп қойылған. Яғни, науқастанып, жұмысқа жарамсыз болып қалу азаматтардың өзіне тиімсіздік туғызатын заңмен бекітілген. Мәселен, біздің елімізде учаскелік дәрігерді науқас үйіне шақырған жағдайда кезекке қою деген ұғым мүлдем жоқ. Ауы­рып жатқан адамға келесі күні немесе екі күннен кейін келу деген біздің түсінігімізге келмейтін жәйт. Ал Еуропа елдерінде бір апта, он күн бойы от­басылық дәрігерді тосып жүру үйреншікті үрдіске айналған. Ауруханалардың жағдайына келсек, Литвада және де басқа Еуропа мемлекеттерінде жос­пар­лы стационарлық ем түрін алу үшін 5-6 жылға дейін кезекте тұру қалыпты жағдай. Бұл орайда республикамызда жүзеге асырылып жатқан Ұлттық бір­ыңғай медициналық жүйесі отан­дастарымыздың денсаулы­ғын сақтау бойынша консти­ту­циялық құқықтарын толық қа­на­ғаттандыруға әлеуеті бар бағдарлама деп білемін. Тек бағдарлама бойынша кәсіби әрі өмірлік тәжірибеде кездескен кемшіліктер болса, уақтылы сараптаудан өткізіп, дер кезінде түзетулер енгізіп отырғанның айыбы жоқ деп есептеймін. Қорыта айтқанда, Еуропа­дағы елдің қазіргі деңгейін көріп келгеннен кейін, өзімнің Қазақ елінде туғаныма, тәуелсіз елімнің дамуына өз үлесімді қо­сып жатқаныма қуандым. Ел­басымыз биылғы Жолдауында 2015 жылға қарай елімізде 350 дәрігерлік амбулаториялар, фельд­шерлік-акушерлік пункт­тер және емханалар салы­на­тынын атап көрсетті. Ендеше, біз өзге де дамыған мем­ле­кет­тердің жаңа технологиялары мен тәжірибесін игере отырып, медицина саласын да жаңа биікке көтеруіміз керек. Сон­дықтан кемелденіп жатқан елімізді, кең-байтақ жерімізді, бар­лық салада қол жеткізген жетістіктерімізді бағалай білейік. Елімізде болып жатқан өзге­рістер осы бағытта жалғасын тапса, біздің дүние жүзінде еш мемлекетке ұқсамайтын дербес даму жолы бар мемлекетке айналарымыз анық. Сөзімнің соңында өңірде еңбек етіп жатқан медицина ма­ман­дарының бірі ретінде еліміз­дің кемел келешегін Тұң­ғыш Президентіміз Н.Назарбаевпен және республикамыздағы ең беделді саяси ұйым «Нұр Отан» пар­тиясымен ғана бай­ланыс­ты­ратынымды айтпақшымын. Серік МЫҢБАЕВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық амбулаториялық хирургия орталығының бас дәрігері. Шымкент.